Тағзым • 22 Қаңтар, 2024

Майдангер жазушы мұрасы

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі майдангер жазушы, журналист Әскен Нәбиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Бармысыңдар, армысыңдар, бабалар!» атты әдеби кеш өтті.

Майдангер жазушы мұрасы

Кеште  алдымен ел басына сын туған сәтте қару мен қа­лам­ды қатар ұстаған қарымды қаламгердің өмірі мен өнерін қамтыған деректі фильм көр­се­тілді. Одан кейін журналист Мағжан Садыхан жазушы шы­ғармашылығы туралы баянда­ма жасады. Іс-шараны белгілі ақын, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов әсем сөзбен әрлеп, тар­тымды жүргізді.

– Әскен ағаның есімін алғаш 70-жылдары ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің  аузынан естідім. Ол кісі «Целиноградта сондай майдангер қаламгер тұрады», деп, мақтанышпен айтты. Сол тұста Целиноград – Тың өлкесінің ор­талығы еді. Осы өңірде хал­қы­мыздың үлес саны тым аза­йып кет­кені жанымызға бататын.­  Енді  бұл жақта тіліміздің жағ­­дайы не болады, түгелдей орыс­танып кетпей ме деген уа­йым болды. Сонда мұнда кім бар де­генде, алдымен ойымызға Әскен Нәбиев, Нұрғожа Ора­зов, Октябрь Әлібеков, Әнуар Ип­мағамбетов, Алдан Сма­йылов секілді қаламгерлер тү­се­тін. Осы азаматтардың бәрі об­лыс­тық газетте қызмет істеді. Қазақ редакциясы ұлттық құн­дылықтарымызды сақтап тұрған қасиетті орда секілді көрінді. Бұл қаламгерлерді көрінбейтін күрескерлер деп айтуға болады. Әсекең өз ана тілі үшін күресіп, қазақ тілінде көркем шығар­ма жазды. Қазақ мектептерінің топ­тап жабылуына қарсылық көр­сетті. Қазіргі қаланың орта­сындағы Кенесарының сарбаздары жерленген көне қорым­ды тегістеп, үстінен көпқабатты үй тұрғызамыз дегенде, соған қарсы болғандардың бірі – Әс­кен ағамыз. Қанды майданнан аман келіп, жан жары Фарида апай екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі ел таныған азамат болды, – деді Б.Әлімжанов.

Әскен Нәбиев – Ақмола об­лысының Ақкөл ауданында ту­ған. 1941 жылы орта мектепті бітіре салысымен әскерге алынып, Сталинград түбіндегі қан­ды қырғынға қатысады. Осы шай­қаста ауыр жараланып, елге оралады. Әскерден келгеннен кейін ауыл мектебінде мұғалім, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді. Жас күнінен ән мен жырға құмартып, әдебиетті сүйіп өскен қаламгер 1947 жылы журналистикаға ауысып, қазіргі Ақмола облысының «Арқа ажары» газетінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызме­тін атқарады. Баспасөзде істеп жүріп, көркем шығармаға қалам тербеді. 1959 жылы «Перзент» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Одан соң іле-шала «Гүлзи», «Шолпан», «Ауыр ап­талар», «Бейтаныс бойжеткен», «Алақайғы», «Қанат қақ­қанда», «Бел-белестер», «Қала орта­сындағы қамал», «Майдан әң­гімелері»,  «Шерулі жылдар» тағы басқа кітаптары оқырманға жол тартты. Есімі ел­ге танылды. Сондай-ақ жазушы ұзақ жыл бойы Қазақстан Жазушылар одағының бұрын­ғы Целиноград облысаралық бөлімшесінің әде­би кеңесшісі қызметін атқарып, өзінен ке­йін қалам ұстаған жас­тарға қам­қоршы болды.

Прозашының шығармала­рын­да өзі өмір сүрген дәуірдің келбеті, ауыл адамдарының ақ­жарма көңілі, сұм соғыстың қа­сіреті шынайы бейнеленген. Ака­демик Рымғали Нұрғали жа­зу­шының бір кітабына жазған алғы сөзінде: «Көп сөзге барып, әр шөптің басын шалмайды, өзін мадақтап кетпейді. Болған нәр­сені нақты және көркем баян­дайды», деп баға беріпті. Ә.Нәбиев шығармаларының ішін­дегі шоқтығы  – «Алақайғы» повесі. Бір жағынан, бұл туын­дының көлеміне қарап, роман деуге болады. Шығармада отызыншы жылдардағы аштық зұл­маты нанымды суреттелген. Әде­биетімізде аштық туралы жазылған  дүниелер жетерлік, бірақ бұл повестің ерекшелігі неде дегенде, қаламгер көр­кемдікті деректілікпен ұштас­ты­рып, өзінше бөлек әлем жасаған. Туындыда автор өзі көзімен көр­ген оқиғаларды кестелі тілмен ай­шықты бедерлеген.

Мазмұнды іс-шара барысында сөз сөйлегендер қабырғалы қаламгердің жазушылығы ғана емес, ақындығы, сазгерлігі, әнші­лігіне тоқталды. Белгілі ғалым Серік Негимов майдангердің жазу­шылығынан бөлек, ақын­дығы мен әзілге ұсталығы, әуез­­ді әнге құштарлығы, қара­па­йым­дылығы туралы әңгімеледі. Облыстық газетте онымен бірге қызмет істеген Бәдуан Имашев пен Жылқыбай Жағыпарұлы жылы естеліктерімен бөлісті. Қа­зақ­стан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы суреткердің өмір жолынан сыр шертіп, осы іс-шараны өткізуге ұйытқы болғандарға ал­ғысын жеткізді. Былтыр жазу­шының 100 жылдығы бас ша­һарда кең көлемде атап өтілді. Астанада Әскен Нәбиев атына көше берілді.

Кеш соңында жазушының ұлы, қоғам қайраткері, меценат Марат Нәбиев әкесі туралы тағылымды ой қозғап, жи­налған қауымға ризашылығын білдірді.