Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

Медея синдромы

178 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өмірде жер ғана көтере алатын ауыр қасірет, ең үлкен қайғы – балалардың мезгілсіз ажалы және олардың ең жақын адамдарынан көрген зорлық-зомбылығы. Өкінішке қарай, зәредей кінәсі жоқ балдырғандар үлкендердің зұлымдығына, әлімжеттігіне қарсы тұра алмайды. Егер бейкүнә өмірді қиған жауыз өз әке-шешесі, яки жақын адамы болып шыққанда, қоғам абдырап, аспан айналып жерге түскендей күй кешетініміз анық.

Медея синдромы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Психиатрлар ара­сында ежелгі грек аңызда­рын­дағы Медеяның күйеуіне деген қызғанышы өш­пен­ділікке ұласып, қос бірдей ұлын өз қолы­мен өлтіретіні сияқ­ты қанқұйлы оқиғалар қазір «Медея синдромы» деп аталады. 

Мәселен, өткен жылы ғана үш бірдей перзентін терезеден лақтырған келіншектің оқи­ға­сы жұрттың төбе шашын тік тұрғызса, биыл 4 қаң­тар­да Алма­ты­да қос ұлын бауыз­даған әкенің әрекетін естіген ел әлі есін жия алмай отыр. Көршілерден көмек сұрап, құлындаған балалардың даусын естігендер бар болса да, жалдамалы пәтерден шығатын жаман дыбыстарға құлағы үй­рен­ген, еті өлген қоғам дер ке­зінде көмекке келмеген, тек по­лиция шақырумен шектелген.

Бұл сұмдық оқиға шешелері жұмыста, балалардың қысқы демалысы кезінде болды. Туған ұлдарын дәрігерге апарамын деген сылтаумен алып кеткен жауыз әкенің әрекетін бүге-ші­гесіне дейін баяндауға дені дұ­рыс адамның дәті бармайды. Қазір өкініш пен қайғыдан қан жұтып отырған анасы мен жақын­да­ры­ның жайы айтпаса да түсі­нік­ті.

Өзін де өлтірмекші болған жауыз қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал балалардың жақын­да­ры қылмыскер жүйкесі ауру деген диагнозбен жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді.

Ең өкініштісі, бұл ілуде бір қайғылы жағдай емес, Алматыда өгей қызын үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін ұрып өлтірген «қоғам белсендісі» Балжан Тұр­лы­бекова қазір түрмеде. Сол сияқты 28 желтоқсанда Тал­дықорған қалалық полициясына 14 жастағы оқушы қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат түскенін ақпараттық сайттар бірден жалаулатып алып кетті. Өйткені жасөспірім қараша айының басынан бері сабаққа қа­тыс­паған. Полиция жедел-із­дес­тіруді бастағаннан кейін-ақ жасөспірім қылмыстың құр­баны болуы мүмкін деген болжамды алға тартты. Әскери қыз­­меткерлер мен еріктілерден құ­­ралған іздеу топтары қыздың мә­йітін Текелі қаласының сыртына жерленген жерінен тапты. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қыл­мыстық іс қозғалса, баланың жоғалу фактісі бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған анасы мен өгей әкесі тергеліп жатыр.

Қарап отырсақ, «жаным ба­лам­ның үстінде дейтін» жұртты бей­жай қалдырмаған мұндай оқиғалар барлық елде бар. Өрке­ниетке қол жеткізген елдердің өзінде де баласын өлімге қиған қанішер адамдар табылады. Бір өкініштісі, бүкіл әлемде әйел­дердің қолымен жасалған қыл­мыстық құрамда өз баласын өлтірген аналар өзекті сипатқа ие екен.

Тіпті адами құндылықтарды ал­дыңғы орынға қоятын елдер­дің өзінде күн сайын 4-5 бала өз әке-шешесінің қолынан көз жұмады. Дамыды деген Ұлы­бри­тания, Германия, Фран­ция, Жапо­ния, Скандинавия мемлекеттерінде балалардың туған әке-шешесінің жауыз­ды­ғынан өлтірілуі көбейген.

Ата-бабаларымыз «қаны қарайған» деген сөзді бекер айтпаса керек. Көп жағдайда баласын өлтірген әке түрмеге қа­малып, қандықол шеше пси­хиатриялық стационарға жіберіледі. Осы орайда арнайы маман­дарға жү­гінуді жөн көрдік.

Республикалық пси­х­и­­калық денсаулық ғы­лыми-практикалық орта­лы­­ғының ғылыми менедж­мент және білім бөлімінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүлім АБЕТОВА тақырыпты төмен­дегідей тар­қат­ты:

– Өз балаларын, ең жақын туыс­­тарын өлімге қиюдың субъек­­­­тивті себептерін ұзақ си­пат­­­­тауға, оның ішінде мына жайт­­­тарды айрықша қарастыруға бо­­ла­ды.

Ессіз сүйіспеншілік немесе махаббат. Басқаша айтқанда, өлтіру арқылы қылмыскер өзіне қорқынышты болып көрінетін жағдайдан жақындарын қорғай­мын, құтқарамын деп ойлайды. Алайда ажалдан асқан қасірет жоқ екені, қиындықтың басқа жолдары бар екендігі ойларына келмейді. Қылмыскер әдетте психикалық ауытқулардан зардап шегеді, кейде сот сараптамасы «өз әрекетіне жауап бере алмайтын дәрежеде» деп шешім шығарады. Дегенмен психикалық ауытқуы барлардың бәрі бірдей мұндай әрекетке бара бермейді.

Өзін-өзі дәлелдеу мен зұ­лым­дығын игере алмау. Бұл бала­ны масыл, ауыртпалық немесе өміріне кедергі келтіруші ретінде қабылдаған жағдайда, кенеттен бұрқ еткен агрессия мен қатыгездігін игере алмаған кезде болады. Көбінесе мұндай қадамға өзі бала кезінде қатыгездікке душар болғандар баруы мүмкін.

Қызғаныш, кек алу, өшпен­ділік. Мысалы, баланың анасына деген қызғанышы дес бермегенде, ер адам өз балаларын әйелінің жалғасы ретінде қабылдап, оның жанын ауыртып, кек алу үшін өз балаларын өлтіреді.

Бақай есеп. Әлеуметтік үде­ріс­терден оқшаулану көбіне­се адамның шиеленіскен жағ­дайды шешуге дайын еместігін айғақтап, пайда табу мақса­тын­да қасақана зорлық-зомбы­лық­қа жетелейді. Баланы пай­да­кү­немдік мақсатында өлтірген жағдайда оған тікелей тиесілі немесе оған мұра ретінде қалатын материалдық игіліктер көзделеді.

«Аффект» үстінде кісі өлті­ру. Егер ата-анасы, яки басқа адам өз өміріне, мансап жолына, қар­жылық жағдайына, жы­ныс­­тық қатынасқа қол жеткізе алмай, әлеуметтік жағдайына көңіл толмауы күрделенгенде жағымсыз пи­ғылдың әсері осыған түк қатысы жоқ, кінәсіз адамдарға ба­ғыт­талуы мүмкін. Әлбетте, мұн­дай жағдайда әсіресе балалар азап шегіп, қылмыскердің тұлғаішілік психологиялық өткір қақтығыстарының құрба­ны болады.

Садизм. Яғни өзінен басқа тірі жанды қинап, азапқа салу­дың кри­минологиялық сипаты бар. Мұндай қадамға садистер ғана емес, өзгенің тағдырына немқұрайды қарайтын, ары мен денсаулығы, тіпті өмірін де түкке тұрғысыз деп бағалайтын қыл­мыс­кер де бара алады.

Педофилия. Балаларды өлті­ру мен оларға қарсы жы­ныс­­тық зорлық-зомбылық жасау зорлық-зомбылықтың ерекше са­натына жатады. Кісі өлтіру немесе өлтіремін деп қорқыту, дене жарақатын салу, азаптау, ұрлау мен зорлау сияқты басқа да сексуалдық сипат­тағы қыл­мыс­тар балаларды ай­на­лып өтпей­тіні өкінішті. Педо­фил­дер­дің құрбандығына 8–12 жас аралы­ғын­дағылар жиі душар болады.

Біз дәрігер-психиатр Айгүлім Әбдірәсілқызынан балаларды өлтіруге жете­­лейтін жағдайларды қа­лай сипаттауға болатынын сұра­­дық.

– Мұның бәрі жоғарыдағыдай қайғылы қылмыстық мотивтер тізбегімен шектелмейді. Кісі өлтіруге бейім пиғыл кем дегенде төрт топқа жіктеледі. Бір мысал келтірейін, жан күйзелісі дертіне душар болған келіншек өзіне қол жұмсауды ойлап жүреді. Бірақ қарт ата-анасы қараусыз қалса, жағдайлары не болады деп ойлай келе, оларды өзі өлтіргісі келгенімен, алайда дәті бармайды. Өзі өлгеннен кейін қиындық көрмесін деген оймен, әке-ше­шесін де өз өздеріне суицид жасауға үгіттейді. Бұл келіншек өзіне-өзі қол салғанымен, тірі қалып, ауруханаға жатқызылды. Есе­сіне осы оқиғадан соң екі қарт бірін-бірі пышақтап, қайтыс болды. Бұл кеңейтілген суицид деп аталады (парасуицид). Ал балаларды зұлымдықтан сақтаудың тиімді жолы – құзырлы орган­дар­дың қырағылығы мен жұрт­тың айналасында болып жат­қан қатыгездікке көз жұма қа­ра­мауына тікелей тәуелді, – деді ол.

Мамандар айтсын, мейлі басына түскен адамдар айтсын, ең ауыр қылмыстарға жетелейтін жайттардың қатарында жүйке кеселдері ғана емес, өшпенділік, дүниеқоңыздық пен қызғанышты жеңе алмау да бар.

 

АЛМАТЫ