Сұхбат • 19 Қаңтар, 2024

Алмас Ахметбек: Көк ту – азаттық рухы

343 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жырын жүрегіне құндақтап, алып ұшып елге жеткен ақын Алмас Ахметбек қазақ руханиятының көгінде «Көк тудың желбірегені» әні арқылы патриоттық төңкеріс жасады. Қазақтың ішкі табиғатымен үндесіп, алпыс екі тамырын бұлқындырып жіберген саф дүниені ел жылы қабылдады, жүректерден орын алды. Кейіпкерімізбен арадағы әңгімеде Көк туымызбен алғаш кездескен кездегі көңіл күйінен бастап бүгінге дейінгі өзгерістерді еске алдық.

Алмас Ахметбек: Көк ту – азаттық рухы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Алмас, сіз мәтінін жазған «Көк тудың желбірегені» әнінің жазыл­ғанына 30 жылдан асса да, әлі трендтен түскен жоқ. Әннің жазылу тари­хын қысқаша баяндап берсеңіз?

– 1993 жылы Қытай шекарасынан асып, Қорғасқа келген күндер әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кездегі Қорғас қазіргідей қалашық емес, шағын ғана елді мекен еді. Алғаш көзіме түскені, шағын ғана кеңсенің маңдайшасына тігілген Көк ту болды. 1992 жылдың 4 маусымында теледидардан тамашала­ған қазақтың Көк туының түбіне алғаш келуім. Салқын жел есіп тұрған болатын. Көк туымыз көз алдымда желмен бірге қанатын жайып, лапылдап, өз тілінде сөйлеп тұрғандай болды.

«Көк тудың желбірегені,

Бақыттың елжірегені.

Қиырда қалған қазақтың,

Көзінің мөлдірегені».

Көзім буланып, көпке белгілі әннің алғашқы шумағын іштей өріп тұрған­мын. Ақындық шабыт қой. Ту даусы – азаттық рухы естіліп тұрғандай әсер. Тек сол дыбысқа ғана ден қойдым. Ән мәтінінің көпке белгілі нұсқасы соңыра туды. Әлгінде ғана жөн сұрасып, бірге өтіп келе жатқан Қалыбек Кенжәлі деген жігіт қасыма таяп келіп: «Ақынсың ба?» деді. «Болса болар. Неге сұрадың?.» «Туға қарап тұрсың...».

Елге ұнаған өлеңнің туған сәтіне куә болған Қалекең қазір Ақтауда тұрады. Достасып кеттік. Қызығы, осы сәт туралы журналистер көп сұрайды. Мен де айтудан жалықпаймын. Қайталап айтқан сайын кеудем кең тыныстайды.

– Әннің мәтіні сол уақыттан бері қанша рет өзгеріске түсті...

– Баспаға беруге асыққан жоқпын. 3-4 жылға дейін жұрт алдында өлең ретінде тебірене оқып, толқып тоқ­тай­тынмын. 1999 жылы Еркін Ерген деген сазгер, күйші жігіт алғашқы сазын жазды. Әуен сәтті шыққанымен, диапазоны және екпініне қатысты пікірімді айттым. Бірбеткей жігіт қабылдамады. Со­нан соң Ермұрат Зейіпханға өзім ұсы­ныс жасадым. Әуенді әнұран стандарт­та­рына сәйкес жасауды мақсат еттік. Ән­ұрандардың басым көпшілігі екпін­мен, мажормен, бес ноталы толық дыбыспен, кең диапазонмен айтылады ғой.

Ермұрат екі түрлі әуенді қатар жазып әкелді. Бірі – Еуропа әнұрандарына ұқсаса, екіншісі қазіргі әуен Мұқан Төлебаев жазған Әнұранның табиғатына жақын, халықтық рухта жазылған дүние болып шықты.

Менің үш қызым да өнерден кенде емес. Пәтерімізде бір емес, екі фортепиано тұратын. Әннің тұсаукесері сол пәтерімде Ермұрат Зейіпханның орындауында өтті. Алғашында опералық дауысқа бейімдедік. Сол үлгіні опера әншісі Майра Мұхамедқызы 2001 жылы 1 мамырда алғашқы есептік концертінде алып шықты. Осы әнмен құрметті қарауылдың қошеметімен концертін жапты. Халықтың ықыласында шек болмады. Ән орындалып жатқан кезде Алматыдағы Республика сарайы тербеліп кеткендей әсерде болдым. Сонда сол кездегі министр Дүйсен Қасейін: «Майра, туды неге көтеріп шығасың, туды тек Президент қана көптің алдына алып шығады», деген сынды сыни сөздерді айтып қалды. Майраның сол концертінің сценарийі менің әндерімнен басталып, шымыл­дығы менің әндеріммен жабылды.

Кейін бұл әнді Тілеубек Қожанұлы, Ермұрат Зейіпханның өзі, ерлі-зайыпты Құрманбек пен Риза бірінен соң бірі орын­даған болатын. Бірақ алғашқы кездегі­дей кең тарала қоймады.

2011 жылы Ибрагим Ескендір хабарласып, әнді орындауға рұқсат беруімді өтінді. Бастапқыда оның жастығына қарап көңілім болмады. Пысық бала екен, ән жинағы жазылған дискісін тас­тап кетті. Дискісін тыңдаған соң, оның орындауына рұқсат бердім. Талантты, талапшыл жігіт екен, әнді жаңаша өңдеп, биік деңгейге көтеріп орындай алды.

– Осы әнді біздің Димаш шетел­дер­дегі гастрольдерінде айтса, әннің жаңа тынысы ашылатын еді...

– Димаш тыңдап жүр ғой, әнді жаңа деңгейге көтерем десе, кедергі жоқ...

– «Көк тудың желбірегені» сіз­дің шығармашылығыңыздың төл­құ­жа­ты­на айналды. Басқаша айт­қанда, өзге шығармаларыңызды көмескілеп тастады. Осы сұхбатқа дайындық барысында Рамазан Стам­ғазиев, Жанар Айжанова, Бибі­гүл Қилымхан, Қажы­мұраттың орын­­дауындағы біраз ән­нің сөзін сіз­дің жазғаныңызды білдім.

– Енді ондай бар. Бұл менің емес, жалғыз шығармасы тұла бойын жарқы­ратып, өзгесін тасада қалдырған заман­дас­тарымның басындағы жағдай.

О бастан қалам мен қағазға адал болдым. Шығармаларыма емес, әрекетіме сын көзбен қарау, өзімді қамшылап, жанымды жегідей жеу әкемнен ауысқан тәрізді. Шығармаларымның тең жартысы жеке архивімде. Оларды баспаға беруге әлі өзім дайын емеспін. Ақ қа­ғаз­дағы қолтаңбамды аппақ көңіл күй­мен түсіргім келді. Егер көңіл күйде кіш­кентай ғана көлеңке болса, еңбегің еш кетеді.

Күні ертең менің есімімді «Көк тудың желбірегенімен» байланыстырып қараған ұрпақ «Бұдан өзге не жазды екен?» деп, шығармашылығыма үңі­ле­тініне сенемін. Себебі ел ірге­сінің бү­тіндігі – бүгін де, ертең де өзекті. «Та­ласқа түссе, жан мен ту, Жан емес, маған керегі» деген пайым ға­сырдан-ғасыр жылжып, бізге жетті. Біз­ден кейінгі ұрпақ та дәл солай қабылдай­тынына мен 100 пайыз сенемін.

– Жалпы, ән тарихын білдік. Ал Қытайдағы ағайындар қазақтың тәуел­­сіздігін, Көк туын қандай көңіл күй­мен қарсы алды?..

– Бұл сәт сағат-минутына дейін көз алдымда. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Қазақстан­ның тәуелсіздігін жа­риялаған сәтін ауыл-аймақ болып, Қы­тайдың түнгі жаңалықтарынан көрдік. Көңіл күй аспандап тұрды. Жер бетінде жүздеген ұлт бар. Бірақ тәуелсіз ел атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екенін шеттегі қазақтар әбден біледі. Шеттегі қазақ көк байрағы бар, шекарасы шегенделген арқа сүйер еліміз бар деп ақсарбас атап қуанды, бір-бірін құттықтап, сол күнді тойға айналдырып жіберді.

Арада алты ай өтіп, Көк ту қабылдан­ғанын тағы да көппен бірге отырып, теледидардан тамашаладық. Осы сәтте бала күннен бірге өскен дүнген досым көз жасына ерік беріп: «Анамның қазақ екенін білесіздер. Ол өмір бойы Қатынсу, Көктұма жаққа бергі беттен қарап, елеңдеп өтті. Анамның бұл күнді көре алмағаны арман болып қалды. Аңсаған жеріне апарып келер едім ғой», дейді...

– 90-жылдары қазақ көшінің бел ортасында жүріпсіз. Бірақ сіздерге ерген адам аз болды. Мұ­ның себебі наси­ха­тының кемшін болған­дығынан
ба?

– Қазақтарды барынша көп ертуге тырыстық. Елге келгенге дейін Қытайда ақын ретінде танылып қалғанмын. «Біз келсек, артымыздан халық ереді» деген сенім басым болды. Бірақ өмірдің қалауы басқа екен.

– Сол кезде елдің экономикалық жағ­дайы дұрыс болмады. Ондағы ағайын­дар соған алаңдауы мүмкін ғой.

– Жоқ. Қытайдан келген қазаққа атажұрттағы жағдай нашар емес еді. Қазақстандықтар нарық заңынан мүлдем бейхабар еді. Ал ар жақтағы қазақтардың нарық жағдайында өмір сүріп жатқанына 10 жылдан асып қалған. Сол жылдары Қытайдан, тіпті бір мезгілде 1 млн қазақ келсе де, екі қолға бір күрек тауып алып, ел-жұрт­қа сіңіп кетер еді. Қазірде жарты мил­лионға жуық қазақ Шыңжаңнан келді. Солардың басым бөлігі кәсіп­керлік, агро, мал шаруа­шылығы саласында өз орнын тапты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шеттегі қазақтар­ды елге алдыру туралы ұстанымының өзгермейтінін мәлімдеді. Осы ойдың маңызы неде?

 – Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде Шың­жаңдағы қазақтар үшін консулдық қызмет ашты. Бұл қытай қазақтарының елге көшуінің жүйелі жүруіне мүмкіндік берді. Ал 1997 жылдары Көші-қон туралы қазіргі қолданыстағы заң сол кездегі министр Н. Коржова дайындаған заңға балама жоба ретінде қабылданды. Бұл жобаның қарсыластары көбейіп тұрған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы министр ретінде қолдап шықты, басқаша айтқанда, шеттегі қазақтардың елге ора­луы­на ашық қолдау білдірді. 1999 жылы Көші-қон агенттігі таратылсын деген сөздер ашық айтыла бастағанда қазақтың соңғы көші елге жеткенше жұмыс істеу қажетін ашық айтқан да Қ.Тоқаев еді.

2004 жылы шетелде тұратын ұлты қазақ адамдарға Қазақстанға келу үшін ресімделетін виза тегін берілсін (кон­сулдық алымдардан босатылсын) деген қаулы шықты. Қаулыға қол қойған сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Ал оған хатпен ұсыныс жасаған біз едік. Тоқаев сол кезде бір қаулымен-ақ жүз мыңдаған виза алып оралып жатқан қазаққа он миллиондаған доллар қаржы олжа салып еді. Осы бір ғана қаулы Шыңжаң қазақтарының елге еркін оралуына, сау­дасын жасап, жағдайын дұрыстауына жол ашты. Қаулы қазір де күшінде. Ата­­жұрттан алыс жүріп, тұқымын өрбі­т­іп, өсіп-өнген, өшпеген, өлмеген мил­­лион­даған қазақ мәселесі ел үшін стра­тегиялық маңызы бар бағыт болуға тиіс. Шетте 5 млн қазақ бар. Бір кез­дері аталарының шалғайына жармасып кеткен қара баланың жасы қазір 90-ға жақындап қалды. 30-жылдары Қытайдағы Алаш зиялыларының дүбірі бүгінгі ұрпақтың құлағынан алыстап бара жатыр...

Әлем қазағының Отаны жалғыз. Атажұртты әлеуетті ету – әр қандастың асыл арманы болуға тиіс.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Гүлбаршын

АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ