Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Кітапқа ынталандыратын жоба

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде кітап оқуға жұрттың қызығушылығын арттыру, мүмкіндік жасау бағытында бірқатар бастама қолға алынған болатын. Мысалы, былтыр аудан, қала әкімдіктерінде «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы жүзеге асырылды. Ал биыл халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» жобасы іске асырыла бастады.

Кітапқа ынталандыратын жоба

Жуырда Түркістан қаласын­да­ғы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының бөлім­шесі ашылды. Қаладағы ең үлкен сауда орталығында 1700-ден ас­там кәсіпкер жұмыс істейді. Кү­ніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Кітапхана бө­лімі бір күнде 70 адамға дейін қыз­мет көрсетеді, яғни айына орта есеппен 1500 адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Мұндай тың жоба аудан, қалалардағы ор­талық базарларда жалғасын тап­пақ. Кітапхананың ашылуына жер­гілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіп­керлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. «Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жү­йелі шаралар ұйымдастыруды тап­сырып отыр. Өздеріңізге бел­гілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі ке­летін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Қоғамды кітап оқуға қы­зықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді», деді облыс әкі­мінің орынбасары.

впр

Базардағы кітапханада түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және жігер беретін әлемдік бест­сел­­лер­ден құралған 3 мың­ға жуық кі­тап қоры бар. Бұл туын­ды­лар кә­сіп­керлерге өз биз­несін да­мы­туға, тұлға ретінде қалып­тасуына үлес қосып қана қоймай, жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек. Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұ­рақты түрде жаңартылып отырады. Арнайы қатарлар немесе сөрелер орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сый­ға қалдырады, басқа кітаптармен алмастыра алады. Сонымен бірге келушілерге мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар ұсынылады. Өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кә­сіпкер сауда-саттықпен айна­лы­сады. Жоба аясында аудан, қа­ла­лардағы үлкен сауда орта­лық­тарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады. Жалпы, облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Сөзіміздің басында айтып өткен «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы нәтижесінде облыстың және аудан, қалалар­да­ғы әкімдік ғимараттарында, әлеу­меттік нысандарда кітапхана бұ­рыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты. Қазіргі таң­да облыс бойынша әкімшілік ғима­ратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп келеді.

Айта кетейік, облыстағы 251 мәдениет мекемесінің 45-і ғима­рат­сыз отыр. Бірі әкімдік немесе мек­тепте, енді бірі жекеменшік ғи­маратта жұмыс істейді. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бо­йынша былтыр кітапханасымен бірге 13 мәдениет үйі пайдалануға беріліп, 2-еуі күрделі жөндеуден өтті. Облыс әкімдігінің хабарла­уынша, биыл Мақтаарал, Жеті­сай, Сайрам және Шардара аудан­да­рында жалпы 4 мәдениет үйі ­күр­делі жөндеуден өткізіледі. ­2024 жылға өтпелі болған Сауран ­мен Жетісай аудандарында 2 клуб ­ме­ке­месі, Отырар, Сарыағаш, Қа­зы­ғұрт, Төлеби, Созақ, Келес аудан­дарындағы 7 ауылдық мә­де­ниет үйінің құрылысы қайта жанданады.

 

Түркістан облысы