Басылым • 14 Қаңтар, 2024

Ұлт руханиятының алтын діңгегі

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт руханиятының туын көтеріп, әдеби кеңістіктің үніне айналған «Қазақ әдебиеті» газеті 90 жылдық торқалы тойын атап өтті.

Ұлт руханиятының алтын діңгегі

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Басылымның алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көріпті. Мәйегі мен маңызы ерекше, әдеби һәм мәдени өмірді жан-жақты қамтитын басылымның бірінші басшысы – Ғабит Мүсірепов. Мұнда талай зиялылардың  қолтаңбасы бар. Басына аумалы-төкпелі алмағайып заманның қара бұлты үйірілсе де, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, ұлтқа керек көсемсөзді ұмыттырмай, замана көшімен жетелеп келе жатқан басылым бұл. Ұлт қаламгерлері үнжариясының ғасырға аяқ басқан мерей­тойына арналған салтанатты іс-шара­ның мінберіне көтерілген Мә­де­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның жиналған қауымға Мем­лекет басшысының  құттықтауын жеткізді.

Сондай-ақ ол газет ұжымына Мем­ле­кет басшысының арнайы сыйлығы ретінде автокөлік кілтін табыс етті.

«Бүгін еліміздің шежірелі басы­лымының бірі – «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш жарық көргеніне 90 жыл толып отыр. Кезінде Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, І.Жан­сүгіров сияқты әдебиетіміздің алыптары іргесін қалаған тарихи басылым – сөз өнерінің алтын қазынасы. Оқыр­манның көзайымына айналған газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Мемлекет басшысының бастаған реформа­лары мен халық үшін маңызды ақпарат­тарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды», деді Аида Ғалымқызы.

Салтанатты іс-шара барысында «Қазақ әдебиеті» газетінің мерей­то­йы­на орай тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы абыройлы қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен осы ұжымда  қызмет еткен зейнеткер журна­листер – Исраил Сапарбай, Әмірхан Меңдеке, Қайырбек Асанов, Жұмабай Шаштайұлы, Әлия Бө­пежанова, Еркін Жаппасұлы, Гүл­жамал Теміреева марапатталды. Сон­дай-ақ «Ақпарат саласының үздігі» төсбел­гісімен газет тілшісі Мөл­дір Райым­бек марапатталса, министр­дің Алғысхаты­мен газетте сурет­ші-дизайнер болып қызмет еткен зей­неткер Төлеген Илья­шев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас дирек­торының кеңесшісі Жүсіпбек Қор­ғас­бек, «Рамазан Групп» компания­сы басшысының кеңесшісі Думан Рама­зан, осы газетте 24 жыл корректор болып еңбек еткен Кен­же­хан Нүсіпова, республикалық қоғам­дық және діни-танымдық «Дүрбі» газе­тінің беттеуші-дизайнері Елубек Базар­беков және әдеби газеттің беттеуші-дизайнерлері Данияр Қабаев пен Марат Тұрсынов марапатталды.

 

АЛМАТЫ