Қоғам • 12 Қаңтар, 2024

Қоғамды айқындылыққа бастайды

89 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазушылар одағында бас қосқан қаламгерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбаты төңірегінде үн қатып, ұсыныстарын ортаға салды.

Қоғамды айқындылыққа бастайды

Жиынға Қазақстанның Ха­лық жазушысы Ахметжан Аши­ри, М.Әуезов атындағы Әде­биет институтының бөлім мең­герушісі, професссор Нұрдәулет Ақыш, Абай атын­­дағы Қазақ ұлттық педаго­гика­лық университетінің профессоры, жазушы Серік Асылбекұлы, танымал әде­биет сыншысы Әмірхан Мең­де­ке, ақындар Әділғазы Қайырбеков пен Маралтай Райым­бекұлы, жазушы Дидар Амантай қатысты. «Сұхбаттың ерекшелігі неде?» деген сұрақты темірқазық етіп алған жиынға қатысушылар өзек­ті, маңызды санаған мәселені алға шығарып, сұхбатта айтылған идея­ларды өз көзқарасымен ширата түсті.

Жиын тізгінін қолға алған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Пре­зидент сұхбатында саясатқа, рухани өсуімізге, мәдениетке, экономикаға, жалпы қоғамның барлық саласына қатысты ел күт­кен ең маңызды мәселелер қоз­ғал­ғанын атап өтті. «Саяси жаң­ғыру жыл сайын қарқын алып келе жатқанын білеміз. Рефор­ма бір күнде жасалмайды. Әр игілікті бастаманың уақытпен бірге пісіп-жетілетін өз сағаты болады. Қазақ ойланатын, қазақтың зиялысын оятатын ой-пікірі мен белгілеген мақсаты бүгінгі күн үшін маңызды. Елімізде болып жатқан жаңалықтарға ең алдымен қаламгерлеріміз үн қосады», деді модератор.

Ахметжан Ашири Мемлекет басшысының сұхбаты ең алдымен Қаңтар қасіреті, билік пен ескі жүйе арасындағы қайшылық туралы сан қилы әңгімеге нүкте қойғанын алға тартты. «Тәуелсіз елдің іргетасы – білім десек, жаңа дәуірдің күн тәртібіндегі ең маңызды да негізгі мәселесі – білім мен ғылымды дамыту. Әң­гімеде руханият тақырыбы да назардан тыс қалмады. Президент жат мәдениетке бой алдыру, жалған патриотизм, жалған адал­дықтан сақтандырды. Бұл бүгін­гі қиын-қыстау кезеңде өзге­ріске бет алған Қазақстанның бола­ша­ғы үшін өте маңызды. Біз не­нің жақсы, ненің жаман еке­нін бі­луі­міз керек. Ұлттық құнды­лық­­тарға келсек, әділ адамның бойында әділдік, қамқорлық сияқ­­­­­­ты ізгі қасиеттер бар деп есеп­­­­тейміз. Әділетті Қазақстанды са­­ли­­­қалы адамдар құрады», деді ол.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса қазіргі таңда саяси мәселелердің ал­дың­ғы қатарға шығуы заңды еке­нін атап өтті. Оның айтуынша, саяси мәселелер ушығып тұрған кезде одан айналып өту мүмкін емес. Депутат сондай-ақ Президент сұхбатында ерекше атап өткен парламенттік оппо­зиция, банкроттық, заңсыз активтерді қайтаруға қатысты үш заңды «Ақжол» партиясының біраз уақыттан бері мәселе ретінде көтеріп келе жатқанына тоқталды. «Заңсыз активтерді қайтаруға байланысты құрылған комиссия былтыр алғашқы есебін берді. Күзде құрылған комитет 876 млрд теңгені қайтарған. Ал біз он жыл бұрын осы мәселені көтер­генде, 167 млрд доллар ше­тел­дің оффшорында жатты. Он жылда 200 млрд тағы да сырт­­қа кетті. Теңгеге шаққанда бұл 100 триллион шамасындағы қаржы. Ал кешегі қайтқан ақша 1 триллионға да жетпейді. Бірақ ба­с­тысы, заң қабылданды, сең қоз­­­ғал­­ды. Үлкен үміт күтеміз», деді ол.

«Сұхбатты оқып шыққаннан кейін өз тарапымнан үш ұсыныс білдіргім келеді, – деді жазушы Нұрдәулет Ақыш. – Біріншіден, сұхбатта «озық ойлы ұлт» деген мәселеге айрықша басымдық берілген, ал озық ойлы ұлт қа­лай қалыптасады? Ең алдымен, ғылым дамыған жағдайда болады. Ғылым туралы мәселе күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл деген сөз – әрбір іске ғылыми жағы­нан келу керек. Ғылыми тұрғыдан пайымдап, соның ше­шімін табу керек дегенді білді­реді. Екінші, сыбайлас жем­қорлық. Үшінші, тіл. Міне, осы үш мәселеге байланысты сұрақ барлық тілшінің көкейінде тұруға тиіс және тұлға, құзырлы мекеме бұл сұрақтардың жауабынан жалтармауы керек».

Жиында қаламгер Серік Асыл­­бек­ұлы Парламенттің мәр­тебесі биік екенін атап өтіп: «Парламент қабылдаған заңға Президент те, Үкімет те, халық та бағынады. Сондықтан заңның халық мүддесін көздеп сапалы қабылдануы өте маңыз­ды», деген ойын ашық білдір­ді. «Мәслихат, мәжіліс депутат­тарының бұрынғыдай тек пар­тиялық тізіммен емес, бір мандатты округтер арқылы да сай­лаудың арқасында еліміздің заң шығарушы билігінде қа­зір парламенттік оппозиция қалып­таса бастады. Осы бастаманы 50х50 мөлшермен әлі де болса кеңейте түсу керек», деді ол.

Сыншы Әмірхан Меңдеке сұхбаттың ашықтығы, анықтығы мен нақтылығын ерекше атап өтті. «Президент ештеңені бүр­кемелемеді, ештеңені жасы­рып-жауып қалмады. Дипломатиялық тілден гөрі халық осылай ашық, кесіп айтқанды жақсы кө­реді. Бұдан тиісті қорытынды шы­ғара­ды. Сабақ алады», деді сыншы.

«Заман өзгерді. Алайда ше­неу­ніктердің балалары, неме­релері әлі орыс мектебіне барады». Күн тәртібінен түспей тұрған өткір мәселенің бірі – аралас мектептер санының азаймауын ашына айтқанның бірі – Әділғазы Қайырбеков. Ақын сөзінде ұлттың мұң-мұқтажын ұғу үшін көп тіл білу міндет емес екенін айтты. «Ана тілінің уызына жарымаған адам қайтіп қазақтың жанын түсінеді? Әйгілі классик жазушыларымыздың ұрпақта­ры аталарының жазғандарын аударма арқылы ғана түсінетін жағдайға жеткенін көріп отырмыз. Мемлекеттік тіліміздің бо­са­ғада қалуына, ресми тіл дей­тіннің оза шабуына осы себеп болғанын тым кеш ұға бастадық. Бұл ойымызды Президенттің «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұс­тануға тиіс» деген сөзі дөп бас­ты», деді ол. «Аралас мектеп­тер тұтастай мемлекеттік тіл­де оқы­туы керек. Қашанғы ұрпа­ғы­мыздың болашағына немқұ­рай­ды қарай береміз? Осы жайын­да жазушылар талай жыл бойы мәселе қойып, айтып, жазып келеді. Енді құлақ асатын уа­қыт келді», деді ақын дөңгелек үстел­де сөйлеген сөзінде.

Басқосуда сөз тізгінін ал­ған­дардың бірі – Маралтай Райым­­бекұлы. Ақын Мемлекет бас­шысының сұхбаттағы әр сөй­лемнің жүгі ауыр, салмақты, сали­қалы екенін айтты.

«Халықтың көкейінде Қаң­тар қасіретіне байланысты алуан пікір бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осынау бұл­дыр күндер туралы, сол кездегі келеңсіз жайды халыққа барынша ұғынықты сипатта жеткізіпті. Халық көкейіндегі көптеген күп­ті сауалға салауатты жауап ал­ды», дейді ақын.

Кешегі қанды Қаңтарда ел басына алмағайып күн туғанын айтқан ақын аңсап жеткен Тәуел­сіздігімізге қатер төнгенін де еске алды. «Алаш баласы тізерлеп барып қайта түрегелді. «Өмір бойы жығылмай тік жүрген адам күшті емес, сүрініп барып қай­та бойын түзеп, бастапқы жолына қайта түскен адам ұлы» де­ген даналардан қалған сөз бар. Талауға түскен жұртымыз, тал­қы­ға түскен ұлтымыз есін тез жиып, пайым биігінде тез топтаса білді. Ақ-қараны безбендеу әуелгіде тұманды болды. Шын­дық қай кезде де қымбат. Сұх­батта көп дүние ашық айты­лыпты. Халық шындыққа көз жет­кізген сайын билікпен екі ортадағы сенім нығая бермек», деп сөзін түйіндеді ол.

Ал ойшыл жазушы Дидар Амантай Президенттің сұхбатын «дамудың экономикалық тетікте­рінен ұлттық құндылықтарға дейін­гі аралықты қамтыған, сая­­си идеологиялық тұрғыдан ха­лық мүддесін, ұлт мұратын айқын­даған кешенді мақала» деп айшықтап берді. Жазушы Мем­лекет басшысының қаңтар­дағы сұхбатының, біріншіден, шы­н­шылдығы әрі шынайлығы таң­ғалдырғанын да жасырмады. «Президенттің сұхбаты қа­саң­­дықтан қашқан, халықтың тілінде сөйлеуге тырысқан сұх­бат. Екіншіден, осы уақыт ішін­де қазақ елі бастан кешкен, әсіресе Қаңтар оқиғасы туралы тура айтқан. Үшіншіден, сұх­батта Президент қазіргі эконо­микалық, идеологиялық, ұлттық құндылықтардың мәнін табуға, сырын ашуға тырысады, тіпті қазақ бойынан көргісі келетін қасиет­терді де тізіп өтеді», деген Дидар Амантай сұхбатты «ха­­лықтық сипаты бар елдік мүд­­дені көздеген» дей келе: «Қазақ қоғамының да­му тетіктерін алға тартқан, пікір­та­ласқа, ұлтына қалтқысыз қызмет етуге шақырған дүние. Жан-жақты пысықталған, байсалды, байырқалы сұхбат. Уақыты дәл, мерзімі, тақырыптары маңыз­ды сұхбат» екенін атап өтті.

Тұтастай алғанда, қаламгерлер қауымы Президенттің тұжырым­дамалық сұхбатының қоғамды айқындылыққа бастайтынына сенім білдірді.

 

АЛМАТЫ