Қазақстан • 12 Қаңтар, 2024

Интернеті арзан елміз

102 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып оздық дегенде бәрі таңғалған еді. Себебі бізде интернетке қол жеткізе алмай отырған қаншама елді мекен бар. Тіпті қалалық жерлердің өзінде интернет дұрыс ұстамайды. Дегенмен мәселені шешуге қадамдар жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Тек көптің қалауы –интернеттің игілігін ертерек көру. Ал шын мәнінде еліміз қай мемлекеттен озып, қайсысынан қалып келеді? Интернетіміз қай елден қымбат, қай елден арзан? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Интернеті арзан елміз

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Тариф жыл сайын қымбаттаса да, сапасы жақсармайды», деп шағым­да­на­тындар көп. Қазір жұмыстың көбі интернетке байланып тұрған соң тұтынушыға шарықтаған үстіне шарықтай беретін баға да бас ауру. Жауапты министрдің «Біздің елімізде тариф арзан» деген сөзінен кейін ұялы операторлар бағаны бірден көтеріп жіберген еді. Содан соң негізсіз көтерілген бағаға қатысты шағым да күрт көбейе түсті. Осыған байланыс­ты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңында ұялы операторларды тергеп-тексеріп, өткен 2023 жылы тарифтік жоспарлар бойынша бағаның 7,7 пайыздан 57,3 пайызға дейін айтарлықтай өскенін растады.

Алайда бағаның көтерілгеніне қара­мастан, әлемдік рейтингте интернеті ең арзан елдердің қатарында тұр екенбіз. «Cable.co.uk.» компаниясының зерттеуі бойынша еліміз кеңжолақты интернет желісі ең арзан мемлекеттердің арасында 2-орынды иеленген. Орташа есеппен бір айлық шығын 5,11 долларды құрайды.

Құны қаншаға өссе де, сатып алуға мәжбүр тұтынушылардың назы – интер­неттің жылдамдығы. Олар ұялы операторлар бағасына сай қызмет көрсетпейді дейді. Ал «Қолжетімді интернет» ұлт­тық жобасына сәйкес 2027 жылға дейін еліміз толығымен 100 Мбит/с-дан кем емес жылдамдықтағы интернетпен қам­тамасыз етіледі. Оны іске асыруға 1,5 трлн теңге қарастырылып отыр. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жоспарды 2025 жылға дейін орындауды тапсырған. Өйткені ауылдарда жағдай мәз емес. 1 432 ауылға әлі мобильді интернет те қосылмаған.

«Speedtest Global Index» дерегі бо­йынша еліміз мобильді интернет жыл­дам­дығы бойынша 67-орында (35,90 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 99-орында (47,53 Мбит/с) тұр. Интернет жылдамдығы бо­йынша рейтинг деректерін салыстырып көрсек, көрші елдердің кейбірінің көші бізден кейін тұрғаны рас. Оның үстіне бағасы әлдеқайда қымбатырақ. Мысалы, Қырғызстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 89-орында (25,69 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойын­ша 91-орында (54,37 Мбит/с) тұр. Ондағы интернет жылдамдығы біздің елмен шамалас болғанымен, тариф құны екі есеге қымбат. Орташа есеппен бір айлық шығын 10,27 долларға тең. Ал интер­неті арзан елдер рейтінгінде 11-орында тұр. Қырғызстанда да интернетке қол жеткізе алмай отырған ауыл-аймақтар бар. Олар 2024 жылға дейін 1 600 әлеуметтік маңызы бар нысанды және 213 елді мекенді интернетпен қам­тамасыз етуді жоспарлап отыр. Айта ке­тейік, ондағы ең үлкен бай­ланыс операторы – «Қырғызтелеком» компаниясы.

Өзбекстан мобильді интернет жыл­дамдығы бойынша 100-орында (23,69 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 93-орында (54,12 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын 15,48 долларды құ­райды. Интернеті арзан елдер арасында 25-орында. «Цифрлы Өзбекстан-2030» бағдарламасы аясында интернетке қо­сыл­ған елді мекендерді 78 пайыздан 95 па­йызға дейін көтеру міндеті алға қо­йылған.

Ал Тәжікстан мобильді интернет жыл­дамдығы бойынша 138-орында (9,67 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 136-орында (20,77 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын 23,85 долларға тең. Ел президенті Эмомали Рахмон 2022 жылғы Жолдауында интернет жылдамдығын сынға алған болатын. Содан кейін байланыс операторлары интернет сапасын жақсартып, тариф құнын төмендетуге уәде берген.

Ал Түрікменстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 169-орында болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 109-орында (8,68 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын 45,80 долларды құрайды. Елде онлайн оқу, жұмыс істеу өте қиын. Сондай-ақ Youtube, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілеріне шектеу қойылған.

Ал Ресей мобильді интернет жылдам­дығы бойынша 99-орында (20,04 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 59-орында (81,95 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын 8,07 долларға тең.

Ал Қытай интернеті ең жылдам елдер­дің ондығына кіреді. Онда 1 миллиардтан астам интернет пайдаланушы бар. Алайда байланыс желісі мемлекет тарапынан қатаң қадағаланады. YouTube, Facebook әлеуметтік желілері тек VPN арқылы қолжетімді. Олар мобильді интернет жылдамдығы бойынша 4-орында (164,14 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 5-орында (230,39 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын – 20,99 доллар.

Жапонияда интернет бізден 8 есе қымбат. Бірақ шын мәнінде біз Токионы басып оза қойған жоқпыз. Олар мобильді интернет жылдамдығы бойынша 53-орында (47,00 Мбит/с), кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 16-орында (170,29 Мбит/с) тұр. Орташа есеппен бір айлық шығын – 43,71 доллар. Сондай-ақ Жапонияда біздегідей емес елдің 90,22 пайызы интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Ал Сингапур үкіметі жақында елдің 99 пайызы интернетпен қамтамасыз етіл­генін мәлімдеді. Әрі бұл – кеңжолақты ин­тернет желісі жылдамдығы бойынша 1-орында тұрған мемлекет (264,15 Мбит/с). Дегенмен жоғарыда атап өткен «Қол­жетімді интернет» ұлттық жоба­сы жүйелі жүзеге асырылса, еліміз ал­дың­ғы қатарға шығып, 100 пайыз жо­ғары жылдамдықтағы интернетпен қамта­масыз етілген мемлекет болудан үмітті.