Қоғам • 10 Қаңтар, 2024

Балалардың тегін саяхаты

71 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлі де болса елімізде толық жолға қойылуға тиіс көкейкесті мәселенің бірі – балалардың сауықтыру лагерьлері мен демалыстарын тиімді ұйымдастыру. Көп жағдайда каникул кезіндегі лагерьлер онсыз да бала тоғыз ай тапжылмай отыратын мектептерінде ұйымдастырылып жататындықтан, мұның желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың таным көкжиегіне де, денсаулығына да пайдасы шамалы.

Балалардың тегін саяхаты

Бұған қоса қай кезде де жұ­мыс­басты, жалақысының жайы белгілі әке-шеше үшін көп мәселе қаражат пен қауіпсіздікке барып тірелетіндіктен, осы түйткілді өз бетінше тарқата алмайды. Егер балалар демалысын тиімді етудің кәсіби тұрғыда реттелген тетіктері қажет десек, еліміздің кішкентай тұрғындары тегін ­саяхаттай алатын тамаша жоба жұмыс істеп жатқанын барлық ата-ана біле бермейтіні сөзсіз.

Жазғы, қысқы каникул ке­зінде талай отбасының бала-ша­ғасын қыдыртып, ел көріп, жер аралауға шамасы жете бер­­мейді. Шетелдік, мейлі ел ішін­­дегі сапарларда әр балаға жұм­салатын шығын ересектер­ден асып түспесе, кем емес. Сон­дай-ақ қазіргі балалардың тал­ғамы басқа, талабы бөлек. Айлы­ғы шайлығынан аспайтын қара­пайым көпбалалы отба­сылардың жағдайы айтпаса да түсінікті.

Ендеше еліміздің көрікті ме­кендерін бетке алғанда бала­ла­рыңыздың жолақысын төле­мей-ақ саяхаттауға болатынын білгеніңіз жөн. Сонымен, ел ішін­дегі туризмді дамыту мақ­сатында «Kazakh Tourism» ұлт­тық компаниясы кейінгі жылдары жүзеге асырып отырған Kids Go Free бағдарламасы қазірдің өзінде талай әке-шешенің сауа­бына бөленіп отыр. Мәсе­лен, 2022 жылы осы жоба арқылы ­1 500 бала тегін сапар шексе, бұл – мемлекет тарапынан төлен­ген 76,2 млн теңге субсидия­ның арқасы. Ал 2023 жылдың 1 жел­тоқсанға дейін 920 ұсыныс қанағаттандырылып, 1 975 бала 90 млн теңгеге ұшқан.

Туристік аймақтарға тегін ұшқан балалар санына көз жүгірт­сек, Алакөлге – 637, Алматыға – 561, Ақтауға – 352, Түркістанға – 154, Астана қаласына 120 бала тегін саяхаттаған. Мамандар әуе билеттерін тегін алған бала санын зерттегенде, Алакөл ба­ғыты маусымдық болғанына қа­­ра­мастан, үлкен сұранысқа ие екенін анықтаған. Бұрнағы жыл­ға қарағанда, өткен жылы тегін саяхаттаған балалар саны шамамен 500-ге артса, демек балаларымен бірге саяхаттаған біраз отбасы қаржысын да үнемдеген.

Мына қызықты қараңыз, елі­­міздің әр шалғайындағы кіш­кен­тай туристер алдымен Астана қаласына қыдырғанды жақ­сы көреді екен. Өңірдегі бала­лар­дың көпшілігі елорданы кө­руге құштар болса, талай бала те­­гін саяхаттың игілігін көріп үл­­герген. Мысалы, кәмелет жа­­­сына толмаған төрт баласы бар Ахметовтер отбасы Алма­ты облысына саяхаттағанда айтар­­лықтай қаржы үнемдегенін алға тартып, алғыс білдіреді. Маңғыстау облысының тұрғын­дары бұл жобаны алғаш естігенде сенімсіздік танытқан.

Тегін саяхат туралы әлеу­меттік желіден білген көпбала­лы Тілектес Ахметова турфирма арқылы саяхатын рәсімде­ген кезде тек өз билетінің құ­нын тө­­­ле­генде ғана жобаның тиім­ді­лі­гіне көз жеткізген. Бұл отба­сы қазір сәнге айналған ба­ғыт­­тардың бірі – Алматы облы­сындағы Көлсайға балаларын апаруды бұрыннан армандап жүрген екен. Төрт баласына да ұшақ билетін тегін рәсімдеген Тілектес: «Балаларымның бо­йы­на патриоттық сезім ұялату – ме­нің аналық парызым. Ше­телде отбасымен қыдырып жү­ретін отбасыларға үнемі қызы­ға­тынмын. Kids go free жобасы арқылы мен де балаларыма бақытты сәттер сыйлап, еліміздің көрікті жерлерін аралауды бастадым. Бұл жоба алдағы жылдарда да жүзеге асса екен деген тілегім бар», дейді.

Ендеше біле жүріңіз. Ел ішін­де кез келген қалаға 2-17 жас ара­лы­ғындағы кез келген ба­ла те­­гін ұша­ды. Ал ұшақ би­леті турис­­тік ком­паниялар ар­қылы алына­­ды. Те­­гін билет бала санына қара­май­­ды, яғни ата-анаcы қан­ша ба­ла­­мен ұшса да тегін. Бұл әсі­ре­се көп­балалы отбасыларға өте тиімді.

Ең бастысы, Kids Go Free бағ­дарламасы енгізілген туристік компаниялар саны күннен-күнге артып келеді. Демек аталған жо­баның игілігін көретіндер саны көбейсе, онда тегін әуе билет­терін рәсімдеп беретін туристік фирмалар саны да өсе түседі.

Тегін әуе билеттерін алуда еш кедергі жоқ, себебі ата-анасы­мен бірге саяхаттайтын бала саны мен саяхаттау көлеміне шектеу жоқ. Еліміздің қай қиырына көз салсаңыз да, тұмса табиғаты­мен көз арбайтын ғажап жерлер мен тарихи ескерткіштерге бай өлкелер бар. Ендеше ақша үнемдеу үшін бұрынғыдай балаларды кезегімен қыдыртатын кезеңдер артта қалды. Өйткені саяхатқа шыққан әрбір бала­ның жолақысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Мысалы, Ақтау қаласының тұрғындары да Алматы, Түркістан өңірлерін аралап, балаларына еліміздің кө­рікті жерлерін көрсете алғанына қуанады.

«Менің ата-аналарға айтарым, бұл – мемлекет тарапынан беріліп жатқан өте тиімді көмек. Себебі Kids Go Free сияқты жо­ба барын білмеген жағдайда біз сияқты төрт балалы отбасы үшін Ақтау – Алматы, Алматы – Ақтау бағытына 500-600 мыңдай қаражат кететін еді. Бірақ осы бағдарлама арқылы 350-360 мың теңге ақша жұмсадық. Билет­ке жолдасым екеумізге ғана төле­­дік. Ал төрт баламыз тегін сая­хат­тады», дейді ақтаулықтар ризашылықпен.

Бұл арада ата-аналардың тағы бір ұтатыны, ұшатын күн жақындағанда әуе билеттерінің құны аспандап кететіні аян. Ал билет алынған күні оның бағасы қандай болса да, мемлекет сол ақшаны өтеп береді. Жобаның басты шарты саяхатты турфирма арқылы рәсімдеу ғана. Бұл өз кезегінде отандық туристік компаниялардың да жұмысын жандандыруға тиіс.

Ал біздің қалауымыз көзі­қарақты оқырман осындай жобалардан хабардар болып, игілігін көрсе деген тілек.

 

АЛМАТЫ