Білім • 05 Қаңтар, 2024

Мектеп директорының орны неге бос?

337 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессия­сының ашылуында сөйлеген сөзінде орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қа­былдау қажеттігіне және мұға­лімдердің, директорлар мен педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмағандығына назар аударған еді.

Мектеп директорының орны неге бос?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осыған орай Президент: «Білім беру жүйесіндегі менедж­ментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы даярлықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады», деген болатын.

Әділін айтсақ, кейінгі жылдары орта білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар оң нәтижесін бере бастады деуге негіз бар. Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қа­былданып, мұғалім­дер ар­тық тек­серістер мен өз қыз­ме­тіне тән емес жұмыстар­дан боса­тыл­­ғанд­ығы және жалақы­лары соң­ғы төрт жыл ішінде екі есе көбей­тіл­гендігі ұстаздар жұмы­сын­да соны серпіліс туғызды. Ең бас­тысы, қоғамда мұғалім маман­дығы­ның беделі артып, мектеп бітір­ген үздік түлектер педагог маман­дығын көбірек таңдайтын болды.

Бұған бола­шақ ұстаздардың стипендиясы өзге ма­мандықтарға қарағанда едәуір көтеріл­гендігі де септігін тигізді. Бұрын педа­гог ма­ман­­дығы бойынша оқуға түс­кен студенттер орта есеппен 55 балл ал­ған болса, былтыр осы көрсеткіш 110 балл­­ға жетті. Бұл – алдағы жылда­ры мұ­ға­лімдердің кәсіптік сапасы айтар­лық­тай жақсаратындығының кепілі.

Сондай-ақ PISA-2022 халықара­лық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес отандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинап, 81 ел­­дің ішінде 2018 жылғы 54-орыннан 46-орынға көтерілген. Сөйтіп, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия және Румынияның шәкірттерімен тең түскен. Жаратылыстану бойынша 423 баллға ие болып, 2018 жылғы 69-орыннан 49-орынға көтерілген. Ал оқу сауаттылығы бойынша 386 балл алып, 2018 жылғы 69-орыннан 61-орын­ға жоғарылаған.

Алайда білім саласындағы бір­шама ілгерілеуге мәз болып, бөр­кімізді аспан­ға атуға әлі ерте. Себебі елі­міз айқын бағдар тұтып отырған Эко­но­микалық ын­тымақ­тастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) орташа көрсеткіштеріне қол жеткізілген жоқ. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде PISA тес­тінің нәтижесінде математика бойынша 5 және 6-дең­гей­лерден көрінген оқушылардың үле­сі 9 пайыз болса, осы жөніндегі көрсет­кіш біздің елде 2 пайыздан аспады. «Ғылымдар падишасы» атанған пәннен сауатсыз оқушылар үлесі ЭЫДҰ елдерінде 31 пайыз болса, біздің елде 48 па­йыз. Жаратылыстанудан өте сауатты оқушылар үлесі ЭЫДҰ елдерінде
7 пайызды құраса, біздің елде 1-ақ пайыз болды. Осы пәннен оқушы­лары­­мыздың 45 пайызының білім дең­гейі өте төмен. Оқу сауатты­лығы жо­ға­ры оқушы­ла­ры­мыздың үлесі де 1-ақ пайыз, ал сауа­ты шамалы шә­кірт­­тер саны – 64 пайыз. Сон­­дық­тан да елімізге оқушылардың оқу сауат­­­­тылығын арттыруға баса көңіл бө­лу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалды.

Тағы бір назар аударарлық жайт – еліміздің бірде-бір өңірі ЭЫДҰ-ның білім саласындағы орташа көрсет­кіштерінің ешқайсысына қол жеткізе алмады. Салыстырмалы түрде алғанда, Алматы қаласының оқушылары бірша­ма тәуір нәтиже­лер­ге ие болып, матема­тикадан – 453, жаратылыстанудан – 458, оқу сауаттылығынан 423 балл жина­ды. Сондай-ақ Астана қала­сы және Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан, Шы­ғыс Қазақстан облыстары шәкірт­терінің көрсеткіштері де жаман емес. Ал Түркістан, Қызылорда, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласының оқушыла­ры төмен нәтиже­лер көрсеткен. Маман­дардың пікіріне қарағанда, орта есеппен математикадан – 389, жаратылыстанудан – 389, оқу сауат­тылығынан 347 балл ғана жинаған түркістандық шәкірттер өзде­рінің білім сапасы жөнінен «оңтүстік аста­на­дағы» құрдастарынан 1,5-2 жыл артта қалып отыр деуге болады.

Білім сапасын арттыру мақса­тында Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесіндегі менеджментті жақ­сарту шараларын қолға алғаны да мәлім. Соның бірі – «Білім туралы» Заңға 2021 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес мектеп директорларын ротациялау. Министрлік бе­кіткен Мемлекеттік білім беру ұйым­дарының бірінші бас­шы­ларын ротациялауды жүргізу қағи­далары бойынша мектепті 7 жыл тиім­ді бас­қарған директор бір елді мекен­нің ішінде орналасқан білім беру ұйы­мына ауыстырылады. 2022 жылдан бе­рі іске асырылып жатқан мұндай ауыс-түйіс мектеп директорларының шығар­машылық тұрғыдан тоқырауға ұшырамауына және білім беру ұйым­дарындағы непотизмнің һәм та­мыр-таныстықтың және сыбайлас жем­қорлықтың алдын алуға оң ықпа­лын тигізетіні даусыз.

Алайда қазіргі кезде мұғалімдер арасында мектеп директоры болуға қызығушылық төмендеп кеткен. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, биылғы оқу жылының ба­сын­­да республика бойынша мектеп ди­рек­торларының бос тұрған орын­дары­ның саны 811 болған. Бұл – барлық орта білім беру ұйымының 10,5 пайызы бірінші басшысыз қалды деген сөз. Соның ішінде Түркістан облысында – 134, Қарағанды облысында – 108, Павлодар облысында – 66, Ақмола облысында – 64, Қостанай облысында – 52, Жамбыл облысында – 43, Шы­ғыс Қазақстанда – 40, Жетісу және Солтүс­тік Қазақстан облыстарында – 39-дан, Алматы және Атырау облыстарында – 36-дан, Батыс Қазақстанда – 32, Ақтөбе облысында – 29, Абай облысында – 23, Маңғыстау облысында – 22, Ұлытау облысында – 12, Қызылорда облысында – 5 орта мектеп жаңа оқу жылын директорсыз қарсы алды. Тіпті кадрға бай саналатын үш мегаполис­те де бірінші басшысыз қалған мектептер бар болып шықты. Олардың саны Алматыда – 15, Шымкентте – 14, Астанада – 2.

Осы кемшіліктің себебі неде екен­дігін бірнеше мектеп директорынан сұрағанымызда, олар өздерінің аты-жөндерін жарияламау шартын қоя отырып, өз көкейлерінде жүрген мәселелерді көтерді. Біріншіден, мектеп директорына жүктелетін жауапкершілік зор. Ол ұстаздар ұжы­мының білім беру қызметін көрсету сапасына ғана емес, мұғалімдер мен оқушылардың тәртібі үшін де, білім беру ұйымы ғимаратының жай-күйі үшін де жауапты. Соған қара­мастан, директордың жалақысы мұғалімдердікімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, еліміздегі 4 474 мектептің біліктілік санаты жоқ бірінші басшыларының жалақылары біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты ұстаздардан екі еседей кем. Жаңадан тағайындалған директорлар үш жылдан кейін аттестаттаудан өтіп, «жетекші-менеджер» санатын алған жағдайда жалақыларына небәрі 30 пайыздық үстемеақы қосылады. Қазір осы санатқа ие болғандар саны – 716. Жалақысына 70 пайыздық үстемеақы қосылған «жетекші-ұйымдастырушы» санатындағылар саны – 950, ал «басшы-көшбасшы» атанып, 100 пайыздық үстемеақыға ие болғандар саны 363 қана. Екіншіден, мектеп директорлары өз санаттарын 3 жыл сайын, ал мұғалімдер 5 жыл са­йын қорғайды. Үшіншіден, мектеп директоры 4 жылға ғана тағайын­далады. Содан кейін қай­тадан өтініш жазып, тест тапсы­руға, қамқоршылар кеңесінің талқы­лауынан және аудан­дық білім бөлімі мен өңірлік білім басқармасының әңгімелесу түріндегі сынақтарынан өтуге тиіс.

Түйіндей айтқанда, білім беру са­ласындағы реформалар барысында педагог мәртебесі заңнамалық тұр­ғы­­да бекітіліп, мұғалімдердің әлеу­мет­тік жағдайлары айтарлықтай жақсар­тыл­ға­­нымен, «ұстаздардың ұстазы» саналатын мектеп директор­ларының білім сапа­сын арттырудағы маңызды рөлі жете ескерілмей, бе­делі түсіңкіреп тұр­­ған­дығы анық. Сондықтан да, ең алды­мен, оларға жүктелген зор жауап­кер­шілікке сай лайықты жалақы тө­леу мәселесін кешіктірмей шешкен жөн. Бұған қоса орта білім беру ұйым­­дары бас­шы­ларының қыз­ме­тіне жыл сайын сыртқы монито­ринг – бі­лім алу­шылардың білім же­тіс­тік­те­рінің мо­ниторингі жүргі­зіліп, оның қорытын­дысы бойынша жер­гілік­ті білім беру­ді басқару органдары сапалық көрсеткіштері төмен мектеп­тердің директорларына тиісті шаралар қол­данатындығын да ескерсек, оларға қойылып отырған талаптарды қайта қарау, ал кейбір бюрократиялық рә­сім­дерді мүлдем алып тастау қа­жет сияқты. Мұндай шараларды қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәй­кес қанат­қақты режімде мектеп басшы­лары­ орынбасарларының ара­сында жүр­гізе бастаған. Білім беру­дегі өзгеріс­тер көш­басшыларын даяр­лау жобасының табысты болуы­на да негіз қалары сөзсіз.