Президент • 03 Қаңтар, 2024

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.  

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

Фото: egemen.kz

«Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақ­стан мен Қытай арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа «алтын отыз жыл­дығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжің­нің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын», деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Өзара тауар айналымының көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспорт­қа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк та­сы­малын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрын­нан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды.

Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз Қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құры­лы­сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміз­дің көлік-логистика саласына тың сер­пін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытай­­дың «Бір белдеу, бір жол» мега­жоба­­сын толығымен қолдайды. Был­тыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында виза­сыз жүру режімі күшіне енді. Мұ­ның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкін­дікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін. Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс» екенін ескертті Қ.Тоқаев.

Бұл күнде Қытай мемлекеті дамудың даңғыл жолына түскен, озық технологиясымен мол табысқа кенеліп отырған мемлекет екенін жеткізді. Шығыстағы көршімен тату болып, ынтымақты байланыс орнату еліміз үшін аса маңызды қадам екенін атап өтті.