Көрме • 31 Желтоқсан, 2023

Түрлі-түсті кілемдер

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде «Отандастар қоры» және «Elsana Amanat» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Уақыт құшағында» атты Ауған қазақтарының шебер қолынан шыққан кілемдердің көрмесі ашылды. Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті.

Түрлі-түсті кілемдер

Көрмеге кілем өндірісінде ал­­­­дыңғы қатарлы қолөнер бұ­йым­­­­дарын дайындайтын «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компа­ния­сының кілемдері қойылды.

60-жуық түрлі композициялық сюжетті бейнелеген кілемдер өзгеше мәнерімен, әсемдігімен, әр түсті бояуымен көз тартады. Шығыс үлгілеріне тән өрнектерге өте бай. Қазақы оюлардың да бедері байқалады. Компания бас­шысы Насим Найман бала күні­нен кілем тоқумен айналысып, осы салада біраз жетістікке қол жеткізген. Ауғанстанда кілемді қолмен тоқу өнеркәсібінің дамуы­на зор үлес қосқан.

Іс-шараның ашылуында Ұлт­тық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғизатов мазмұнға бай көрменің маңызы туралы сал­мақты ой сабақтады.

«Біздің музей халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қолөнерін дамытуға өте ықыласты. Оның бір мысалы ретін­де биыл ашылған  «Қол­өнершілер орталығын» айта аламыз. Бүгінгі іс-шара да соның бір дәлелі. Көрменің ерекшелігі – Ауғанстанда тұратын бауырларымыз өздері тоқыған кілемдерін ел назарына ұсынып отыр. Олар бұл өнерді айтарлықтай дамытып қана қоймай, оны әлемдік деңгейде насихаттап, дәріптеп жүргеніне көз жеткіздік», деді ол.

Одан кейін сөз алған «Отан­дастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ат­­қарушы директоры Нұрхан Жа­лиев жиналғандарды көрменің ашы­луымен құттықтап, аталған қордың шетелде тұратын қан­дастарға байланысты жыл бойы өткізген іс-шаралары жайында баяндады. «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының басшы­сы Насим Найман көрмені өт­кізуге ұйытқы болған барша аза­матқа ризашылығын білдіріп, кілем тоқудың қыр-сыры туралы ой бөлісіп, осы кәсіпті одан әрі дамыта беретінін жеткізді. Ал «Elsana Amanat» қоғамдық қо­ры­ның президенті Серік Ерғали бұл көрмеде еліміздің мемлекеттік туын бейнелеген кілемнен бастап, Ресейдің Санкт-Петербург қала­сындағы Эрмитажда сақталған Пазырық кілемінің көшірмесін та­машалауға болатынын атап өтті.