Отырыс кезінде Ерлан Қошанов Палатаның биылғы жұмысын қорытындылады. Мәжіліс спикерінің айтуынша, осы жыл ел Парламентінің нағыз жаңару кезеңі болды.
«Көктемгі сайлау қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді», деді Мәжіліс спикері.
Мәжілісте сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Мемлекет басшысы 26 заңға қол қойды.
«Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі – заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 трлн теңге көлемінде активтер қайтарылды», деді Е.Қошанов.
Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды. Депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болады.
«Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар бизнеске үлкен қолдау болатын заңды бүгін қабылдап отырмыз», деді Мәжіліс төрағасы.
Е.Қошановтың пікірінше, биыл барлық фракцияның депутаттары өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болып, ерекше қарқынмен жұмыс атқарды. Мәжілісте тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бәрі қаралды.
«Бұл министрлерге қойылған сұрақтарда да, заң жобаларын талқылау кезінде де, депутаттық сауалдарда да анық байқалды. Президентіміз айтқандай, пікірталас, дискуссия көшеде емес, Парламентте болуы керек. Сол бастама іске асып жатыр», деді Палата спикері.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы сессия барысында барлығы 233 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы келесі жылдың басынан бастап депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге баратынын айтты.
«Парламенттік талқылаудың, депутаттық сауалдың мазмұны мен деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Осылайша, бәріміз жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға атсалыстық. Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді үлес қосты. Келер жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру және халықтың мүддесін қорғау бойынша жұртшылықпен тығыз қарым-қатынастағы жұмысты жалғастырамыз», деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыста депутаттар жаңа Бюджет кодексінің жобасы мен оған ілеспе бюджет заңнамасын жетілдіру және «Концессиялар туралы» заңның күші жойылды деп тану мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, Бюджет кодексін әзірлеместен бұрын қолданыстағы Кодекске бағалау жүргізілген. Халықаралық валюта қорының сарапшылары оған «жоғары деңгей» деген баға беріпті.
«Жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бұл бюджеттік үдерістерді жеңілдету. Екіншісі – блоктік бюджеттің элементтерін енгізу. Үшінші міндет – мемлекеттік қаржыны шоғырландырылған басқару үшін заңнамалық негіз құру. Төртінші – бюджетаралық қатынастарды жетілдіру. Бесінші – нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру», деді Ә.Қуантыров.
Бюджеттік үдерісті жеңілдету мақсатында Кодекс жобасында бюджет үдерісін екі есе қысқартуға және жеңілдетуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қарастырылған. Осылайша, меморгандар мен өңірлердің даму жоспарларын 3 жылда бір рет әзірлеу және бекіту көзделіп отыр. Даму жоспарының бір мақсатына қол жеткізуге кезекті бюджеттік бағдарламаны ашуға тікелей тыйым салынады. Уәкілетті органдармен келісу және бюджеттік бағдарламаларды бекіту рәсімдері алып тасталады. Бюджеттік бағдарламаны және бюджеттік өтінімді уәкілетті органдарға бір мезгілде енгізе отырып, бір құжатқа біріктіріледі. Келесі қаржы жылында бюджет қаражатын пайдалану рәсімін оңайлату қарастырылған.
«Блоктік бюджетті енгізуге қатысты. Мұндай тәсіл тек Сингапурда ғана қолданылады. Мемлекеттік басқару жүйесінің контексінде нәтижеге бағдарланған бюджеттеу тұжырымдамасы сақталған. Сингапур тәжірибесі мен Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, блоктік бюджет бюджеттік рәсімдерді оңайлату, бюджеттің икемділігін және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дербестігін арттыру шеңберінде енгізіледі. 3 жылға тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогін белгілеу ұсынылады. Мұнда меморгандардың ағымдағы әкімшілік шығындары және жылдан-жылға қайталанатын мемлекеттік қызметтер, зейнетақылар, жәрдемақылар, субсидиялар сияқты басқа да шығындар болады. Бұл шығындар жыл сайын толығырақ қарастырылмайды. Базалық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60 пайызды құрайтынын ескерсек, бұл бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін де, уәкілетті органдардың да жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді. Құжат айналымы, келісу рәсімдері, құжаттама көлемі азаяды. Мемлекеттік органдарға бюджет қаражатын басқаруда көбірек еркіндік беріледі, тиісінше жауапкершілікте артады», деді Ә.Қуантыров.
Үшінші бағыт бойынша жаңа Бюджет кодексінде «Мемлекеттік қаржыны басқару» жаңа бөлім пайда болмақ. Бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына анықтама берілді, уәкілетті орган айқындалған. Министрдің айтуынша, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдардың құзыреті нақты бөлінген. Мемлекеттік қаржы туралы ақпаратты шоғырландыру көзделген.
Келесі блок – бюджетаралық қатынастар. Жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау сапасын арттыру бойынша бірнеше ұсыныс берілген. Мәселен, әкім қызметінің бір базалық құжатын өңірді дамыту жоспарын айқындау ұсынылады. Тек даму жоспары негізінде бюджет бөлінуі керек.
«2026 жылдан бастап базалық инфрақұрылым нормативтері негізінде даму жоспарын қалыптастыру ұсынылады. Халықтың базалық игіліктер мен қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін инженерлік-коммуникациялық, көліктік және өзге де инфрақұрылым секілді ең төменгі базалық нормативтер және ең төмен әлеуметтік стандарттар бойынша нормалар белгіленеді. Есептеулер ұлттық экономика және қаржы министрліктерімен бірлесіп әзірленген мемлекеттік органдардың салалық әдістемелеріне негізделеді.
Нысаналы даму трансферттері тек аса маңызды инфрақұрылымды және жалпыелдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау тәртібі нақтыланады. Бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстардың нысаналы мақсатын жоғалтпау үшін, біз жалпы сипаттағы трансферттер құрамында нысаналы субвенцияларды бөлеміз. Оларды қаржы министрлігімен бірлесіп бюджеттік бағдарламалардың салалық әкімшілері толығымен жоспарлайды», деді Ә.Қуантыров.
Ұсынылып отырған тағы да бір шара – жергілікті атқарушы органдардың республикалық ақшаны пайдалануына, оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер түрінде бөлінетін, сондай-ақ тексеру комиссияларын күшейту есебінен мониторингті күшейту.
Бесінші бағыт бойынша жаңа Бюджет кодексінде барлық бюджет үдерісіне жалпы талаптар енгізілмек. Осылайша, нәтижеге бағдарланған бюджеттің қағидаттарын күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының бюджеттеу негіздері» атты жаңа бөлім пайда болды.
«Бюджет ақпаратының ашықтығы және халық алдында есеп беру – нәтижеге бағдарланған бюджетке көшудің тағы бір шарты. Сондықтан біз қолданыстағы Кодекстің ережелері мен жаңа нормаларды «Есеп беру және транспаренттілік» деген жеке тарауға құрылымдадық. Есептілік пен транспаренттілікті бюджет құжаттамасын жариялау мен талқылау арқылы іске асырылады. Лауазымды тұлғалар мен бюджеттік үдерістің қатысушыларының жауапкершілік аймақтары бөлінген. Енді жариялануға жататын барлық құжаттардың тізбесін және бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің барлық түрлерін тиісті баптардан көруге болады», деді Ә.Қуантыров.
Сондай-ақ жалпы отырыста 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау туралы хаттама ратификацияланды. Құжат 2022 жылғы 9 желтоқсанда Бішкекте жасалды. Онда негізгі шартқа «электрондық нысандағы қызметтер» деген термин енгізу, электрондық қызметтерді көрсететін салық төлеушілерді оңайлатылған салық есебіне қою және электрондық қызметтерге қосылған құн салығын төлеу бөлігінде ұлттықтан жоғары тетік енгізу көзделген.
«Қазіргі уақытта Салық кодексінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын шетелдік компаниялардан қосылған құн салығын алу тетігі мен тәртібі көзделген. Алайда жаһандық тенденцияларға байланысты резидент еместер көрсететін көптеген қызметтер электронды түрде көрсетіледі де оларды жүзеге асыру орнына байланысты емес.
Мұның бәрі қызмет көрсету орнын және ҚҚС қай жерде есептелу керектігін анықтауды қиындатады. Осыған байланысты хаттамамен бірқатар тың нормалар ұсынылады. «Электрондық қызметтер» ұғымы енгізілді. Мұндай қызметтерге ақпараттық-телекоммуникациялық желі арқылы көрсетілген қызметтер жатады. Қызметтер тізімі нақтыланды. Атап айтсақ, 14 қызмет анықталды. Мысалы, билеттерді, қонақүйлерді брондау, бағдарламаларды ұсынылады. Электрондық қызмет көрсету орны анықталды», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Хаттама депозитарий дипломатиялық арналар арқылы мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Жалпы отырыста жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Түзетулерде жайылымға қажетті ауылшаруашылық жануарларының санын жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту көзделген. Жайылымдық жерлердің 20 млн га жуығы қайтарылуға тиіс.
Мәжіліс кәсіпкерлік мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында әзірленіп, 10 кодекс пен 109 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжатты әзірлеу барысында депутаттар өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысы мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту, қалаларда атмосфералық ауаны қорғауды мемлекеттік реттеудің қосымша құралдарын енгізу, өңірлерде қалдықтармен жұмыс істеу қызметін реттеу және ұйымдастыру және т.б. өзгерістер енгізді. Сонымен қатар әкімшілік кедергілер мен артық талаптарды қысқарту мақсатымен кәсіпкерлік қызметті жаңадан реттеу енгізіледі.
Бұдан бөлек, төменгі Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті. Мәжіліс 4 жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.