Саясат • 27 Желтоқсан, 2023

Ақпарат саласының жаңа мүмкіндігі

154 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз жиынын өткізді. Сондай-ақ брифингте министрліктің 2024 жылға арналған жоспарлары жөнінде айтылды.

Ақпарат саласының жаңа мүмкіндігі

Цифрлық эфир аясы кеңіп келеді

Сала басшысы министрліктің ақпараттық жұмысы үш негізгі құрамдас бөліктен тұратынына назар аударды. Олар: медиасфераны дамыту бойынша жағдай жасау, ел халқын мемлекеттік саясатты іске асыру туралы хабардар ету және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

«Осы жылдың наурыз айын­да Мемлекет басшысының Жар­лығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға және ақпа­рат­тық егемендікті нығайтуға ба­ғыт­талған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Ал тамыз айында Үкі­меттің Қаулысымен оны іске асы­руға бағытталған іс жоспары қабылданды.

Доктринадан туындайтын аса маңызды құжаттың бірі – министрлік бастамасымен жүзеге асқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы. 30 қа­ра­шада өткен Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстары аясында талқылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Атап айтқанда, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пі­кірін ескере отырып, баспасөз кар­тасы ұғымын айқындау тәсіл­де­рі қайта қаралады. Баспасөз карталарын беру критерийлеріне келетін болсақ, барлығы айтып жүрген жұмыс өтілі, жоғары бі­лімі болу керек деген өзгерістер жал­пы жұмыс топтарындағы тал­қылау қорытындылары бо­йынша алынып тасталады. Алайда қазір­гі уақытта аккредиттеуді оңай­ла­ту тәсілі нақты қандай формада жүзеге асырылатынын ай­туға ерте. Ол алдағы жұмыс тобы­ның оты­рысы ба­рысында айқын­да­ла­ды», деді А.Балаева.

Сондай-ақ министр «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға тоқталды. Оның айтуынша, жарнамалық мазмұнды орналас­тыратын пай­да­ланушылардың жарнаманы таң­балау қажеттілігіне ерекше мән беріледі. Бұл ережелер бар­лық қажетті талдаудан өтті және 2024 жылдың ақпан айының соңына дейін қабылданады. Олар коммерциялық негізде материалдарды орналастыратын онлайн платформа пайдаланушыларына әсер етпек.

«Пайдаланушылар мен ин­флю­­ен­серге қатысты тиісті санк­­­ция­лармен жалған ақпарат тарат­қаны үшін әкімшілік жауап­кершілік қарастырылған. Олар: 20-дан 100 айлық есептік көр­сет­кішке дейін айыппұл және бір жыл ішінде қайталанған жағ­дайда 10 тәулікке әкімшілік қа­мауға алу. Бұл норма қазірдің өзін­де жұмыс істей бастады. Қыр­күйек айынан бастап 150 оқиға тіркелген», деді А.Балаева.

Биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттау аясында бар­­­лығы 7 мыңға жуық мате­риал жа­рияланыпты. Осы жылы мем­ле­кет­тік тапсырма мен мем­ле­кеттік ақпараттық тапсырыс аясында 638 сериядан тұра­тын 43 сериал түсірілген. Бұдан бөлек, министр телерадио хабарларын тарату саласын дамыту туралы әңгімелеп берді.

«Биыл шекаралас аудандарда отандық радиохабар тарату желісін дамыту үшін 38 жиі­лік­ті бөлу бойынша конкурс ұйым­дастырылып, өткізілді. Қа­­зір­­гі таңда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында цифрлық эфирлік телехабар таратудың 11 радиотелевизиялық стансасы пайдалануға берілді. Жалпы, отандастарымыздың 93 пайыздан астамы цифрлық эфир­лік хабар таратумен қам­та­масыз етілген. Бұл көр­сеткіш одан әрі артады.

«Қазмедиа орталығының» хабар тарату ядросын жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталып, оның энергия жүйесін толық жаңарту қамтамасыз етілді. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ радиосының» бес радио таратқышы іске қосылды. Бұл – ұлттық бағыттағы хабарларды тағы 11 мыңға жуық адам тыңдай алады деген сөз.

2023 жылы «OtauTV» ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату қызметіне 31 мыңға жуық абонент қосылды. Осылайша, жалпы саны 1,6 млн астам абонентке жетті. Ірі телерадио хабарларын тарату операторларымен кабельдік, спутниктік, интернет-хабар тарату желілерінде телеарналардың балама пакетін құру мәселесі пысықталды. Пакет 2024 жылдың І тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған», деді А.Балаева.

 

Мәдениетті инфрақұрылымдық дамыту маңызды

Министрлік жұмысының ке­ле­сі бір үлкен бағыты – мә­дениет сала­сы. Бұл саланы қолдау және дамыту – ұлттық мұрамызға са­лынған инвестиция. Сала бас­шысы келтірген деректерге сүйен­­сек, биыл республикалық кон­­церттік ұйымдар бес жүзден аса концерт өткізіп, 515 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсет­се, республикалық театрлар екі мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым қойып, 1 миллионнан астам көрерменге өнерін көр­сетті.

«Ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында  Мысыр, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінде Қазақ­станның мәдениет күндері өтті. Ұлттық құндылықтарымыз бен мә­дениетімізді жаһанға таны­ту үшін Италия, Фран­ция, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Әзербайжан, Мысыр, Германия, Вьетнам, Корея, Түркия, АҚШ сияқты алып елдерде шығармашылық топ­тар­дың гастрольдері сәтті ұйым­дас­тырылды. Мұндай игілікті істер­ден театрларымыз да қалыс қалған жоқ. Осы жылы 27 халықаралық, 11 республикалық фести­вальға қатысып, ел намысын қорғады.

Мәдениет саласын инфра­құ­ры­лымдық дамыту мәселесін де қолға алдық. Биыл Қазақстан бо­йынша 35 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, 238 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу орындары мен концерттік ұйымдарды жаңғырту бойынша да біраз жұмыс атқарылды. Мәдени брендіміздің қарқынды дамуында киелі жерлерімізді насихаттау алдыңғы орынға шықты. Қазақстанның тарихи мұрасын одан әрі зерделеу және дамыту мақсатында 8 жоба бойынша археологиялық жұмыстар аяқталды, оның ішінде: Берел сияқты бірегей археологиялық ны­сандарды, Алтын Орда дә­уі­ріндегі Бытығай, Ботай, Бозоқ т.б. көне қоныстар зерттелді», деді А.Балаева.

Министрдің айтуынша, 2023 жылы қатысушылардың көп­те­ген шағымына байланыс­ты киножобаларды іріктеу үшін питчингке өтінімдерді қабылдау нә­ти­желері жойылды. Тамыз айында 2023 жылға арналған жаңа питчинг өтті. Оған 161 кино­компаниядан 271 өтінім түскен. Соның 115-і Ұлттық кине­матографияны қолдау жөнін­дегі мемлекеттік орталық жанын­да­ғы Сараптамалық кеңестің қа­ра­уына жіберілді. 37 киножоба Сараптамалық кеңестің оң қорытындысын алып, сала­ара­лық комиссияның қарауына жіберілді, нәтижесінде, 19 жаңа киножоба өндіріске енгізілді. Мемлекеттің қолдауымен 2022 жылы басталған 18 фильмнің
(14 көркем фильм, 4 деректі фильм) түсірілімі аяқталды.

Сондай-ақ министр Азамат­тық қоғамды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқ­талды. Мәселен, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы шең­берінде алғаш рет «Қоғамдық ба­қы­лау туралы» заң қабыл­данды.

«Осы жылдың 21 желтоқ­са­нын­да «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойылды. Құ­жат азаматтардың бірлестіктер құ­рудағы еркіндік құқықтарын кеңейтуге бағытталған. Қоғамдық ке­ңестердің қызметін қайта фор­мат­тау бойынша қарқынды жұ­мыс жүргізілді. Олардың құра­мындағы азаматтық сектор­дың өкілдігі 23,5 пайызға өсіп, 86 пайызды құрап отыр. Кеңес­тер­дегі жастардың үлесі 10 пайызға дейін жетті. Мұның бәрі кеңес­тердің қызметіне деген азамат­та­ры­мыздың сенімін 2 есе арттырып отыр.

Министрлік еріктілер қоз­ға­лысын белсенді дамытып ке­леді. 2020 жылдан бастап рес­пуб­ликалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде еріктілер ұйымдарының саны 3 есеге, белсенді еріктілер саны 5 есе артты», деді А.Балаева.

 

Жастар және отбасы саясаты – басты назарда

Мәдениет және ақпарат ми­нистрі қоғамдық келісім мен ұлт­тық бірлікті нығайтуға, этнос­тар­ды біріктіруге, сондай-ақ мем­лекеттік тілді ұлтаралық қаты­нас тілі ретінде насихаттау жұмыс­та­ры­на тоқталды.

Бұдан бөлек, сала басшысы дін мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, министр­лік­ке үш өзара байланысты мін­дет жүктелген. Бірін­шісі – ха­лық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екін­шісі – дінаралық келі­сім­ді сақ­тау, үшіншісі – діни экстремизм­ді болдырмау.

«Діни экстремизм мен терро­ризм­ді насихаттайтын 14 мың­нан астам заңсыз материал жо­йылып, бұғатталды. Әлеуметтік желі­лердегі радикалды діни топ­тардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, кон­фессияаралық келісімді насихаттау және зайырлылық құнды­лық­тарын нығайтуға бағытталған 75 мыңнан астам материал БАҚ-та, танымал әлеуметтік желілерде орналастырылды. Түптеп келгенде қазіргі сын-қатерлерді ес­ке­ре отырып, уәкілетті орган­ның алдына қойылған маңыз­ды мін­дет­терді іске асыру мақ­са­тында, Дін саласындағы мем­ле­кеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасының жобасы дайындалды», деді А.Балаева.

Сала басшысы жастар және отбасы саясаты жөнінде де әңгі­ме­леп берді. Мәселен, биыл «Мем­­лекеттік жастар саясаты тура­лы» заңға тұжырымдамалық түзе­тулер енгізілді. Бұл заңның басты жаңалықтарының бірі – жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, жастардың саны 3,7 миллион адамнан 5,7 миллион адамға дейін артты.

«2023 жылы Жастардың даму индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік органдардың жас­тармен жұмысының, олардың мәселелерін шешудің тиімділігін ба­ғалауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар сая­сатының тұжырымдамасы бекі­­тілді. Құжатта ауыл жастарымен жұмыстан бастап патриот­тық тәрбиеге дейінгі 7 бағыты қам­ти­ды. Одан басқа құжатта 80 іс-шаралар жоспары қабылданды. Тұжырымдаманың алғашқы нә­ти­­желері бар. 943 мың адам жұ­мыспен қамтылса, оның 467 мыңы – жастар.

Дарынды жастарды мемлекет­тік тұрғыда қолдау мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын беріліп келеді. Заңға сәйкес, үміткерлердің жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Марапаттау аталымдарына өзге­рістер енгізілді. Өздерінің нақ­ты мақсаттарына және қоғам­ның игілігіне бағытталған жастарды тәрбиелеу мақсатында «Қо­ғам­дық қызмет» аталымы «Креативті бастамалар» аталымымен ауыс­тырылды.

Бұл ретте Мемлекет басшы­сы белгілеген «Тәуелсіздік ұр­пақ­тары» гранты аясында биз­нес, ғылым, мәдениет, БАҚ және ақпараттық технологиялар сала­сындағы 30 үздік жоба анықталды. Қазіргі уақытта «Отбасы бан­кі­мен» бірлесіп, «9-20-25» жаңа бағ­дар­ламасы әзір­леніп жатыр. Оның негізгі қатысушылары жастар бол­мақ», деді А.Балаева.

Сала басшысының айтуынша, министрлік креативті индустрияны дамытумен айналысып жатыр. Жұмыс екі ба­ғыт­та жүргізіледі. Біріншісі – ұйым­­­дастырушылық бағыт. Креативті индустрия секторын да­мытудың институционалдық негізі қалыптасты. Министр­ліктің құрылымында маман­дан­­дырылған департамент құ­рыл­ды. Қазіргі таңда аймақ­тар­­­дағы креативті индустрия орта­­лықтары мен хабтарын, сон­дай-ақ таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды да­мыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға жәр­дем­десуді мақсат тұтатын «Креа­тив хаб» халықаралық креа­тив­ті индустрия орталығын құру бо­йынша жұмыс істеліп жатыр.

«Екіншісі – заңнамалық бағыт. Креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Ол зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуді, мүмкіндігінше креативті индус­трия­лар қауымдастығын қа­­лып­тастыру үшін мәдениет нысандарында қосымша алаңдар ұсы­нуды, оқытудың білім беру бағ­дарламаларын ұлғайтуды, креативті индустриялар өкілде­ріне салықтық преференциялар беруді көздейді. Бұл осы саланың дамуына қуатты серпін береді деген ойдамыз. Аталған заң жобасы Үкіметтің қарауында, қаңтар айында Мәжіліске түседі», деді А.Балаева.

Брифинг соңында журналистер Мәдениет және ақпарат министріне қоғамда жиі талқы­ла­нып жүрген мәселелерге қатысты сауалдарын қойды.