Қоғам • 20 Желтоқсан, 2023

Жаңашыл жастарды қолдау

113 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңім­паз­дары белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шарада 5 бағыт бойынша 30 жоба үздік деп танылды. Марапаттау рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Президент жанындағы жастар саясаты кеңесінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жаңашыл жастарды қолдау

Гранттар жаңа идея­лар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған ел азаматтарына беріледі. Үміткерлердің жоба­лары ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары бойынша іріктеледі. Биыл конкурсқа 3 мыңнан астам өтініш түскен. Салтанатты іс-шарада Аида Балаева жеңімпаздарды арнайы құт­тықтап, 3 миллион теңгелік грант сыйлығын табыстады.

«Біз үлкен өзгерістер дәуірінде өмір сүрудеміз. Жастарға дұрыс таңдау жасау, сенімге лайық азамат болу, өзін өзі дамыту, оқу және еңбек арқылы табысқа ұмтылу сияқты ең маңызды жауапкершілік жүктелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дамуына, оларға жаңа және ауқымды мүмкіндіктер ашу­ға ерекше көңіл бөледі. Бар үмітіміз – еңбек пен білімнің жолымен жүретін, адамдық қадір-қасиеттің мәнін терең түсінетін, ата-баба дәстүрін қастерлейтін жастарда. Бүгінгі берілген грант – табандылықтарыңыз бен таланттарыңыздың, қажырлы еңбектеріңіз бен адалдықтарыңыздың, қоғам үшін маңыздылық пен өз әлеуетіңізді мойын­дауыңыздың сыйы. Бұл құрмет одан әрі даму мен ынталануға жетелесін. Әрбір қадамдарыңыз жаңа жетіс­тік­тер мен жаңалықтарға жол ашып, шығармашылық, ғы­лы­ми, іскерлік идеяларыңыз еліміздің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік берсін. Сіздер Қазақстанды бұдан да зор көркейтетіндеріңізге сенемін!», деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Үздіктер қатарында Қазақ­станның мәдени мұрасын насихаттауға, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілге­рілетуге, IT саласын­дағы ғылыми зерттеулерді, стар­­таптар мен жобаларды, экономиканың негізгі секторларындағы креативті бизнес идеяларды іске асыруға бағытталған жобалар бар. Атап айтсақ, «Ғылым» бағытында Данагүл Бекжанова, Арай­лым Серікбай, Еркебұлан Райымбеков, Гүлзат Қайра­нова, Мәулен Бектұрғанов, Жәмилә Еркебаева, «Мә­д­­­­е­­­­ниет» саласында­ Адель­­ Абдрахманова, Айну­ра Пола­­това, Арай Досмұхам­бетова, Екатерина Худякова, Раушан Кимран, Арайлым Қадыр, «Ақпараттық технологиялар» бойынша Бақытжан Сариев, Сания Әбілдинова, Қанат Тәжіхан, Арғын Сағаш, Нұрлан Биімбет, Алуа Сүлейменованың жобалары грантқа лайық болды.

Ал «Бизнес» бағытында жеңімпаз болғандар – Бехруз Айметов, Дәурен Бексеитов, Гүлсара Бөлтекова, Арсена Кушжанова, Ярослава Пили­пушко, Анастасия Кравченко. Сондай-ақ «Медиа» саласында жобалары үздік шыққандар – Алмас Маратұлы, Әлиман Әуесханова, Ислам Шарап, Жұпар Дүйсекова, Ерлан Ералиев, Шалқар Саттаров.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылы «Тәуел­сіздік ұрпақтары» грантын жас отандастарымыздың жаңа және қолданыстағы бас­тамаларын қолдау мақса­тында тағайындаған еді. Грант аясында 63 адам өз жобасын Қазақстанда ғана емес, шетелде де түрлі салаларда табысты жүзеге асырып жатыр.

Оған қоса елімізде жас­тарды қолдау бағытында 1992 жылдан бастап дәс­түрлі түрде ғылыми, шы­ғар­­­машылық, креативті қыз­­­метпен айналысатын, сондай-ақ спорт саласында жетістіктері бар азаматтарға «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығы беріледі. Сонымен қатар жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, дарынды ғалымдар Д.А.Қонаев атындағы сый­лықтар мен ғылыми стипендиялар алады.