Қоғам • 14 Желтоқсан, 2023

«Айбоз» жеңімпаздары

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылған республикалық «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ғимаратында өтті.

«Айбоз» жеңімпаздары

Отандық қаламгерлерді мемлекет тарапынан ынталандыру, жаңа қазақ әдебиетіне сүбелі де сүйекті шығармалардың молынан қосылуына  ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған «Айбоз» ұлт­тық әдеби сыйлығы – Мәдениет және ақ­парат министрлігінің тікелей ұйыт­қы болуымен  қолға алынған біре­гей жоба. Ұлттық байқаудың мақ­саты – қаламгерлер мен баспа­гер­лерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету, қазақ әде­бие­тінің тұғырын нықтап, жаңа белеске көтерілуіне жағдай жа­сау, қаламгерлердің еңбегін наси­хат­тап, бағыт-бағдар беру және олар­дың шығармашылық жұмыс­тарының жарық көруіне ықпал ету.

Әдеби ортаны ғана емес, тұтас қоғамдағы руханият жанашырларын елеңдеткен биылғы байқауға барлық жанр бойынша 300-ден аса өтінім қа­былданған. Бұл – қазақ әде­биетінің қанжығасы 300 жаңа туындымен толығады деген сөз. Дегенмен бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, жүз шығармаға аз. Байқау талабына сәйкес шығармалар бұрын-соңды еш жерде жариялан­бау­ға тиіс және соңғы сәтке дейін үміткер авторлардың аты-жөні құпия ұсталды. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқасы жабық форматта жұмыс істеп, авторы беймәлім, жұмбақ шығармаларды сараптаған.

«Айбоз» ұлттық әдеби сый­лығы 7 аталым бойынша өткізілді.  Олар – «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» аталымдары. Әр аталым бойынша үздік атанған жеңімпазға 5 мил­лион теңге сыйақы тағайындалды.

«Биыл Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаламгерлерді қолдауға байланысты нақты тапсырмалар жүктеген еді. Күні кеше ғана қаламгерлеріміздің 24 кітабының тұсаукесері өтті. Кітап – адамның досы, байлығы. Төл әдебиетімізді соны дүние­лермен толықтыратын мұндай игі баст­ама­лардың руха­ниятқа, келешек жас­тарға берері мол», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

Ол кітап ісі сала­сындағы кейбір мәселелерге назар аударып, балалар әдебиетіне басымырақ көңіл бөлу керегін айтқан Президент тапсырмасына орай бұл тарапта нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын тапсыру салтанаты алғашқы жеңімпаздың есімін «Үздік балалар әдебиеті» аталымынан іздеп, анықтаудан бас­тау алды. Шорт-листке енген шы­ғармалар ішінен «Концерт» туын­дысымен белгілі жазушы Серік Асылбекұлы жеңімпаз деп танылды. «Үздік драматургия» аталымы бойынша «Адам ата, Хауа ана» шығармасымен Исраил Сапарбай топ ішінен оза шауып, дара келді. 106 шығарманың ішінде «Анамның құрбысы» повесімен топ жарған жазу­шы Қуандық Түменбай  «Үздік проза» авторы атанды. «Көзімнен сүй, көбелек» өлеңімен ақын Жанат Жаңқаш­ұлы «Айбоз» сыйлығының ең маңызды аталымдарының бірі «Үздік поэ­зия» жеңімпазы болды. «Үздік аударма» жүлдесі «Қасқырлар құпиясы» шығармасымен Абай Мауқараға табысталды. «Үздік әдеби сын» «Абай һәм Ницше іліміндегі Құдай, адам және автор мәселесі: үш супер мағынаның күйреуі» атты әдеби талдауы жоғары бағаланған белгілі жазушы Дидар Амантай өз тобы ішін­де жүлдегер атанды. Ал «Үздік комикс» аталымының жүлдесі белгілі аниматор режиссер Сәлімғали Мырзашевқа берілді.

Қаламгерлердің арасындағы әділ бәсекені нығайтып, оқыр­ман­ға өзекті, қызық әрі зама­науи шығар­ма­лар ұсынуды дітте­ген байқау жеңімпаз­дарының шығармалары баспа бетінен жарық көріп, кітапханаларға таратылады.

 

АЛМАТЫ