Халық • 14 Желтоқсан, 2023

Теріскей тұтастығы – елдің мүддесі

168 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса кейінгі жылдарда түрлі себептерге байланыс­ты­ бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар», деп жазды.

Теріскей тұтастығы – елдің мүддесі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысының бұл пайы­мы елі­міздің тәуелсіздік жылдары қалып­тас­қан демографиялық жағдайын геосая­си тұрғыдан талдауға негізделгені анық. Себебі 1999 жылғы санақ бойынша 14,9 млн ғана болған халқымыздың қата­ры кейінгі жылдары біртіндеп қалыңдап, биыл 20 млн-ға жеткенімен, бір­қатар өңір­дегі бір-біріне кереғар ахуал алаң­дат­пай қой­майды. Нақты айтқанда, оңтүстік және кейбір батыс облыстарда бала туу дең­­гейі­нің жоғарылығы және шетелден ата­жұртқа оралған қандастардың көптеп қо­ныс­тануы есебінен тұрғындар саны үз­дік­сіз өсіп, артық жұмыс күші пайда болды.

Ал солтүстік өңірлерде бала туу азаюдың және тұрғындардың басқа жаққа, әсіресе Ресейге үдере көшіп кетуінің салдарынан халық саны жыл­дан-жылға кеміп, бүгінде жұмыс күшінің тапшылығы сезіліп отыр. Мұн­дай теңгерімсіздікке мүдделі мем­­­ле­кеттік органдардың көші-қон үде­ріс­терін тиісінше үйлестірмеуінің және қандастарды демографиялық жағ­дайы төмен өңірлерге қоныстануға ынта­ландыру шаралары жеткіліксіз бол­ған­ды­ғының салдарынан жол берілді.

«Отандастар қоры» КеАҚ мәліме­тіне сүйенсек, қазір елімізде 1991-2023 жылдар аралығында шет мемлекет­тер­ден қоныс аударған 1 113 196 қан­дас тұрып жатыр. Оның 560 483-і (немесе 50,3%-ы) – Өзбекстан­­нан, 358 673-і (32,2%) – Қытайдан, 76 859-ы­­ (6,9%) – Түрікменстаннан, 57 335-і (5,2%) – Моңғолиядан, 17  241-і­­ (1,5%) – Ресейден, 13451-і  (1,2%) – Ауған­стан­нан, 8 865-і (0,8%) – Ираннан, 7 679-ы (0,7%) – Қырғызстаннан көшіп келгендер.

Атажұртқа оралған ағайындардың 784 783-і (70,5%-ы) климаты жайлы 4 өңірді таңдаған. Соның ішінде Алматы облысына – 310 451 (27,9%), Түркістан облысына – 217 969 (19,6%), Маңғыстау облысына – 163 530 (14,7%), Жамбыл облысына 92 833 (8,3%) қандас ат басын түпкілікті тірепті. Алайда шет мемлекеттерден көшіп келген ағайындар Үкімет айқындаған және тиісті квота бойынша қоныстандырылатын ­8 өңірде қазіргі кезде 185 564 қандас (16,7%) қана тұрып жатыр. Мысалы, кейінгі 22 жыл ішінде халқының саны 179,6 мың адамға азайып, 534 мың тұрғыны ғана қалған, демографиялық ахуалы ең күрделі Солтүстік Қазақ­стан облысында небәрі 9 919 қан­дас қана тұрақтапты. Ал Шығыс Қазақ­стан­да – 54 147, Ақмола облысында – 48 746, Қостанай облысында – 33 445, Павлодар облысында – 21 562, Аты­рау облысында – 13 576, Батыс Қазақ­станда – 4094, Абай облысында 75 қан­дас орнығып қалған.

Бір айта кетерлігі, шетелдегі ағайындар бұрын өздері тұрған аймақтармен шекаралас өңірлерге көбірек қоныстанған. Мәселен, Алматы облысында көршілес Қытай­дан көшіп келген 229 092 ағайын (осы өңірдегі барлық қандастың 74%-ы)  өмір сүріп жатыр. Түркістан облысына қоныс аударған қандастардың ­ 202 009-ы­ (93%) – Өзбекстанның тума­лары.­ Маң­­­ғыстаудағы қандастардың 80 558-і­ (49,3%) – Өзбекстаннан, 69 095-і­­­­ (42,3%)­ – Түрікменстаннан көшіп кел­ген­дер. Бұл ретте демо­гра­фиялық жағ­дайы мәз емес облыс­­тардың ішінде тек Шығыс Қазақ­стан­ның «жолы болып», кенді Алтай өңіріне Қытайдың көршілес аймақтарынан 41 905 қазақ (77,4%) қоныс аударған.

Шетелден келген қандастарды өңір­­­аралық квота бойынша қоныс­тан­ды­руда бір ескерілмей келе жатқан ма­ңыз­ды мәселе – солтүстік және шығыс облыс­тарға Қытай, Моңғолия сияқты елдер­ден көшіп келген қан­дастардың орыс тілін білмеуіне байланысты бейімделуі қиынға соға­тыны. Мысалы, қазағының үлес салмағы 37%-ға енді ғана жеткен Солтүстік Қазақстанға Қытайдан – 4 474 (45%), Моңғолиядан – 2 352 (24%), Ауғанстаннан 1 059 (11%) қандас қоныстандырылған. Олар­дың орыстілді ортаға сіңісе алмай, қиналып жүргенін өз ауыздарынан талай рет естідік. Ал Қызылжар өңі­ріне Өзбекстаннан көшіп келген, орыс тілін біршама білетін ағайындар жер­гі­лікті жағдайға тез бейімделіп жүр.

Өкінішке қарай, шетелдегі ағайын­дар­дың қазақтардың халық тығыз орна­лас­­қан, иесіз бір сүйем жері жоқ, бос жұ­мыс орындары да тапшы оңтүстік өңір­­лерге қоныстану үрдісі әлі де үдеп тұр. Сол себепті биыл көшіп келген 19 476­ қандастың 2 310-ы, яғни 11,8%-ы­­ ғана Үкімет айқындаған өңір­лер­ге тиісті квота бойынша қоныс­тан­ған.­

Тәуелсіздік таңы атқанда бас­тал­­ған ұлы көшті тұрғындарының қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан солтүстік өңірлерге қалай бұруға болады? Осы мақсатпен биылғы 19 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабы мынадай жаңа редакция­да жазылыпты: «Жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беруден және ұзартудан және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден мынадай негіздер бойынша бас тартады: 5) қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабыл­даудың өңір­лік квотасының болмауы немесе оларды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы. Бұл жаңа заң нормасы – қандастарды қабылдау квота­сына енгізілмеген немесе қоныстану үшін ұсынылған өңірге барудан бас тартқан ағайындарға қандас мәртебесі берілмейді деген сөз. Мұның өзі олардың Қазақстан азаматтығын алуын қиындатады. Себебі «Қазақстан Республикасының азаматтығы тура­лы» заңның 16-1-бабында жеңiл­детiлген тәртіппен, яғни тіркеу тәр­тi­­бімен Қазақстан азаматтығына қан­дастар, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары мен олардың ұрпақтары, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын ағайындар қабылдануы мүмкiн деп көрсетілген. Демек енді қандас мәртебесін ала алмаған ағайындар өздерінің жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақтал­ған құрбандары немесе олардың ұрпақтары екенін айғақтауы талап етіледі.

Әрине, қандас мәртебесін алудың заңнамалық тұрғыдан қиындатылуы қа­зіргі кезде атамекенге оралып­ жат­қан ағайындардың ренішін туғызды. «Отан­дастар қоры» КеАҚ-тың­ Қан­дас­тарды ақпараттық қолдау орталығына биылғы жыл басынан бері түскен 4 424 өтініш пен сұрақтың 708-і – Қа­зақ­стан азаматтығын алу,­ 590-ы­ – қандас мәртебесін алу мәсе­ле­ле­рін қозғағандығы – соның айғағы. Осы тақырып аталған қордың жанындағы Қоғамдық комиссияның жақында болған отырысында қоғам қайраткерлері мен Парламент депу­тат­­тарының қатысуымен қызу тал­қы­ланды. Мәжілісмен Қазыбек Иса қол­даныстағы заңнамаға қандас мәр­те­­бесіне қатысты соңғы өзгеріс Мә­жі­лістің көші-қон мәселелерімен айна­лы­сатын Әлеуметтік-мәдени даму коми­теті арқылы емес, басқа комитеті арқылы енгізілгендіктен, өзі сияқты кейбір депутаттар ол туралы білмей де қалғандығын жасырмай айтты. Ол осы мәселені қазір Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халық­тың көші-қоны саласындағы заң­на­ма­ны жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ескеруге уәде берді.

Шынтуайтында, қандас мәрте­бе­сін берудің қиындатылуы шетелден атажұртқа оралған ағайындар­дың солтүстік өңірлерге көбірек қоныс­тануына сәл де болса септігін тигізуі мүмкін, бірақ осы мемлекеттік маңы­зы бар мәселені түпкілікті шешуі екі­талай. Өйткені еліміздің теріскей облыс­тарына қоныстанғысы келмейтін алыс­тағы ағайындар енді өздерінің жап­пай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құр­бан­дары немесе олардың ұрпақтары екенін дәлелдейтін анықтама алуға әре­кет­­те­нетіні кәміл. Сондықтан да Қазақ­стан Республикасы Көші-қон сая­са­тының 2023-2027 жылдарға ар­нал­­ған тұжырымдамасында атап көр­­се­­тілгеніндей, қандастардың сол­түс­тік өңірлерге қоныстануын ынта­лан­дырудың оңтайлы моделін құру жұмысын кешіктірмей қолға алу қажет.