aqparatqogam
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ-та іске асырылып жатқан бағдарламалар мен бастамалар шеңберіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, өзара іс-қимылдың түрлі аспектілеріне, соның ішінде мәдени және ақпараттық жобалар сараланды. Аида Балаева елшіге ақпарат, мәдениет, дін және азаматтық қоғам саласындағы белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, «Масс-медиа туралы» заң жобасымен таныстырды.
«Біз диалогқа ашықпыз. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз өте бай, біз оларды шетелде танымал ету стратегиялық міндетін қойып отырмыз. Осыған байланысты Қазақстанның Америкадағы мәдениет күндерін ұйымдастыру, қазақ халқының ежелгі тарихы мен музей-қорықтар туралы деректі фильмдер сериясын ағылшын тілінде жасау жөніндегі жобаны іске асыруға ұсыныс айтқым келеді. Бұл жобалар мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге және мәдени мұраны насихаттауға, ғалымдарға еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге ықпал етуге, Қазақстанға туристерді тартуға орасан зор мультипликативтік әсер беретініне сенімдімін», деді министр.
«Елшілік министрліктің жергілікті және қазақ тілді БАҚ-пен мәдени контентті кеңейту жөніндегі жұмысын қолдайды. Сіздерді QazaqForum-да көреміз деген үміттеміз. Форум 2024 жылы мәдени байланыстар мен қазақ тілін дамыту мақсатында жетінші рет ұйымдастырылады», деді Дэниэль Розенблюм. Кездесуді қорытындылаған қос тарап Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдениет пен ақпарат өрісіндегі ынтымақтастықты тереңдей дамытуға уағдаласты.