Отырыста кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева көтеріліп отырған тақырыптың өзекті екенін жеткізді. Өйткені есірткі саудасы ең күрделі сын-қатерге айналып отыр. Кейінгі он жылда дүние жүзінде есірткі қолданатын адамдардың саны 23 пайызға, яғни 240 миллионнан 296 миллион адамға дейін өскен.
«БҰҰ келтірген деректерге сәйкес, есірткіні пайдалану ауқымы және олардың заңсыз айналымы, әсіресе ұйымдасқан түрдегі айналымы, жаппай таралып, барлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Мұндай проблема біздің елімізде де бар. Елімізде есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тоннаны құрайды. Соның 95 пайыздан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі.
Уәкілетті органдар ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде өткен жылы есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны – 3 425, ал ағымдағы жылғы 10 айда 3 193 адамды құраған. Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы. Парламент 2018 жылғы қарашада есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын бақылауға қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдады. Заңда Үкіметке есірткі мен психотроптық заттар тізімін бекіту құзыреті берілді, бұл осы тізімге жаңадан анықталған есірткіні жедел енгізуге мүмкіндік берді», деді Д.Еспаева.
Мәжіліс төрағасының орынбасары елімізде есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар тұрақты қолға алынып жатқанына қарамастан, әлі де шешілмеген түйткілдер бар екеніне назар аударды. Мәселен, есірткіге тәуелді адамдардың нақты статистикасы жоқ. Есірткі қылмысымен күрес бойынша халықаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет. Сот сараптама органдары, кеден және шекара бекеттері жеткілікті түрде материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілмеген. Есірткіге қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге бөлінген қаражат бірдей бөлінбейді. Есірткі қабылдаудың зияны жөнінде оқу орындарындағы жастар мен балаларға түсіндіру жұмыстары әлсіз. Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде есірткі қылмысының алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық жұмыс деңгейі төмен.
Ал Ішкі істер министрі Е.Сәденовтің айтуынша, елімізде шамамен 700-ге жуық есірткі түрі немесе балама заттар бар. Елдегі есірткі мәселесіне каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы әсер етеді.
Осы орайда, министр есірткі ахуалының күрделенуін үш кезеңге бөліп қарастырды. Біріншісі, 90-жылдары «марихуана», «гашиш», «апиын» «героин» секілді есірткі партиялары пайда болған. Ал 2000-жылдардан бастап героин нашақорлығы өршіген. Үшіншісі, синтетикалық есірткілер жаппай тарала бастады. Бұл кезең 2015 жылдан басталады.
«Алғашқыда заңнама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. 2019 жылға дейін Есірткінің тізімі тек заң деңгейінде реттелетін. Тиісті нормаларға өзгеріс еңгізу бір жылдан астам уақыт алатын. Есірткі нарығы бақылаудан тыс жаңа заттардың құрамындағы 1-2 молекуланы алмастырып үлгеретін. Бұл есірткі таратушыларға қолданыстағы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін. Осы «қолдан жасалатын» үдеріс тіпті кісі өлімімен аяқталатын жаңа есірткі пайда болды. Осыған тосқауыл қою үшін заңға өзгерістер енгізілді. Құжатта Үкіметке есірткі тізімін бекіту өкілеттігі берілді.
Қазіргі есірткі тізімін келістіретін органдарды 11-ден 3-ке дейін азайтуды қарастырып жатырмыз. Құрылымдық элементтер – «аналогтер» мен «алмастырушылар» енгізіліп, батыл шешімдер қабылданды. Біріншіден, жаңа психикалық белсенді заттарды бақылауға алудың нақты тетігі енгізілді. Қазіргі таңда елімізде есірткінің барлық түрі бақылауға алынды. Екіншіден, оларды тізімге қосу процедурасы 1 айдың ішінде енгізіледі. Еуразиялық Одақ елдерінің тізбелерінде немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық комитетінің ұсынымдарында есірткі заттардың болуы жеткілікті», деді Е.Сәденов.
Үшіншіден, елімізде есірткінің жаңа түрі бірден бақылауға алынады. Аталған өзгерістер енгізілген күннен бастап «синтетикалық есірткімен» күресудің құқықтық құралдары іске қосылады. Министр келтірген дерекке сүйенсек, кейінгі 5 жылда «синтетикалық есірткіні» тәркілеу көлемі 10 кг-дан 1 тоннаға дейін күрт өсіпті.
«Қазір есірткі қылмыстары толығымен киберкеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар қолданылады. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі тұтынушылар арасында «Телеграм» мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрі «боттар» арқылы жүргізіледі», деді Е.Сәденов.
Сала басшысы есірткімен күрес жұмысына жасанды интеллект жүйесін қосу бастамасы ұсынылғанын атап өтті. Осы орайда, хабарландыру сайттарындағы «жасырын» есірткі жарнамасы өзекті мәселеге айналып отыр. Дегенмен есірткіге қарсы күресте атқарылған жұмыс та аз емес. Мәселен, 2020 жылы интернет арқылы есірткі таратқаны үшін жаза күшейтілді. Жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
«Есірткі сайттарының мекенжайы көрсетілген «граффити» салушыларға және басқа да ақпарат таратушыларға қатысты нақты жаза қарастырылды. Бұрын әкімшілік заңнаманың нормаларына сәйкес тіпті жауапкершілікке тартуға да келмейтін. Биыл 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. 14 топ қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды», деді Е.Сәденов.
Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде шамамен 100 кг «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленген. Бұл шамамен 25 млн дозаға тең.
«Прекурсорларды және зертханалық құрал-жабдықты заңсыз жеткізудің жолын кесу – тиімді профилактикалық шара. Алайда қазір қылмыстық жауапкершілік олардың контрабандасына қатысты ғана белгіленген. Елімізде осы заттардың айналымы барысында дайын есірткі тәркіленген кезде ғана күдіктілердің қылмысы дәлелденеді. Олардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау үдерісі көп еңбекті қажет етеді және айқын емес. Іс жүзінде есірткі өндірушілер өз тауарын өткізуге кіріскен уақытын күтуге мәжбүрміз», деді Е.Сәденов.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі тиісті заңнамаларға өзгерістер әзірленгенін, есірткі зертханасын ұйымдастырғандарға жаза қатайтылатынын атап өтті. Ендігі жерде қылмыскерлер 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Тағы бір мәселе – «закладчик» деп аталатын есірткі жеткізушілерге жастардың жиі тартылуы алаңдатады.
Бұдан бөлек, елде әлі күнге дейін қарасора егу тоқтамай тұр. Жыл сайын осы іс-шара шеңберінде 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. Қарасора егуге жол бермес үшін оның аумағына ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Мәселен, оның көмегімен 265 есірткі плантациялары анықталған көрінеді.
Келесі кезекте депутат Снежана Имашева сөз сөйлеп, нашақорлыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, елімізде есірткіні тек қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынған. 2014 жылға дейін медициналық емес мақсатта есірткіні қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік болған. Бұл ретте жыл сайын 2,5 мыңға жуық адам жауапқа тартылды.
«Кейіннен жауапкершілік Қылмыстық кодекске ауысты, бірақ есірткіге тыйым салу тек қоғамдық орындарға тарады. Салдарынан, биыл медициналық емес мақсатта есірткі еккендерге қатысты 89 оқиға тіркелсе, оның 30-ы ғана сотқа жолданған. Дегенмен статистика бойынша елде есірткіге тәуелділік азайғаны байқалмай отыр. Керісінше, «қоғамдық орын» деген уәжге байланысты есірткіге тәуелділер «мен есірткіні үйде ғана пайдаланып жүрмін, бұл заңды!» деген бір сөзбен жауапкершіліктен оңай құтылады. Сонымен қатар биыл есірткіні медициналық емес мақсатта алған 370 мыңға жуық факті анықталды», деді С.Имашева.
Депутаттың айтуынша, қазір Мәжілісте «есірткі және психотропты заттарды медициналық емес қолдануды» әкімшілік құзыретке қайта беруді ұсынатын заң жобасы қаралып отыр.
«Бұл жерде депутаттардың пікірі екіге жарылып кейбірі әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынса, екінші бөлігі бәрін сол күйінде қалдыру керек екенін айтып жатыр. Заңнама комитеті қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар, әкімшілік жазаны да енгізуді ұсынды. Осы ретте, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта қолдану қылмыстық заңмен, ал қалған жағдайда (үйде, көлікте, клубта) әкімшілік тәртіпте жазаланады. Жалпы, осы қадамдар есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануға толық тыйым салуды қамтамасыз етеді», деді С.Имашева.
Жиын аясында Ішкі істер министрлігі көрме ұйымдастырды. Депутаттарға есірткі қылмысымен күресу бойынша интерактивті карта, есірткі зертханасы мен есірткі тренажерларының үлгілері, Ұлттық ұланның киімдері мен арнайы техникасы көрсетілді. Сонымен қатар кинологиялық қызмет үй жануарларының есірткі заттарын анықтаудағы жұмысымен таныстырды.