Қоғам • 10 Желтоқсан, 2023

«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы қалай жазылды?

1114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының тұсаукесерінде Санжар Керімбай мемлекет  және қоғам қайраткерінің ұл руханиятына қосқан елеулі үлесі  туралы  айтты.

«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы қалай жазылды?

Ашық дереккөз

Ұлттық музейде өткен кітаптың салтанатты тұсаукесеріне  қайраткердің үзеңгілестері, Мәжіліс депутаттары,  БАҚ өкілдері қатысты. Кітаптың авторы Санжар Керімбай  Өзбекәлі Жәнібековтің мәдени  майдан жолындағы жанын жалау ете жүріп атқарған, ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қорыған  сәттерін иықтаса  қызмет еткен қатарластарынан,  өкшебасар шәкірттерінен арнайы барып жазып алғанын айтты.

арасына

«Өзбекәлі Жәнібековтың соқтықпалы-соқпақты өміріне тереңдей бойлап, «Тағдыр тағылымы» деген кітабын оқыдым. Бірақ бұл кітапта автор орасан қателік, кемшілік жіберген. Қазақ мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосып,  кеңестік идеологияның қылышы қылпып тұрған тәуменді тар кезеңнің өзінде ұлттық құндылығымызды қызғыштай қорығанын, басын қалай бәйгеге тіккені туралы  жазбаған. Оның ең үлкен қателігі осы. Келер ұрпақ Өзбекәлі Жәнібектің Алаш арыстарының есімі қайта аталып, еңбегі  халыққа  оралуына, Наурыз мейрамының жаңғырып,   жалпыхалықтық сипат алуын білгені жөн.  Төл мәдениетіміздің өркен жаюына сіңірген еңбегін, онда да мәдени майдандағы қидаласуларын оқып білсін деген тәуекелмен осы кітапты қолға алдық. Еліміздегі әр мектептің сөресінде тұруы тиіс кітаптың жазылуына себепкер болып, үлкен аманатты арқалатқан – Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі  қызметін атқарған  Нұрбах Рүстемов.  Осы азамат Өзбекәлі Жәнібекпен қанжығаласа қатар қызмет атқарған тұстастарымен, шәкірттерімен дидарласуыма мүмкіндік тудырды», деді Санжар Керімбай.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің өнегелі өмір жолында ұлтқа қызмет етудегі  батылдығы мен адалдығы қатар өріле сипатталатын кітаптың тұсауы Өзбекәлі Жәнібектің өзі  пайдаланған қайшымен кесілді.

Кітап авторлары  Айбек Нәби мен Санжар Керімбайға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің  құттықтау хаты тапсырылып, сый-сияпат көрсетілді.