Экономика • 04 Желтоқсан, 2023

Саясатқа байланған сауда жолдары

205 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан теңіз жолына шығуға мүмкіндігі жоқ ел екенін білеміз. Алайда ол барлық мемлекетпен тату тұратын біздің ел үшін кедергі емес. Нарықта сұранысы бар, бәсекеге қабілетті тауар болса, оны өткізетін, тасымалдайтын мүмкіндік қашан да табылады. Тек күрделеніп тұрған әлемнің геосаяси сахнасында бұрыннан тәжірибе қалыптастырған «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» саясаттан алшақ кетпесек болғаны. Экономика мен саясатты кейде егіз ұғым дерсіз. Оны жалпы әлемдік сауда жолдарындағы бүгінгі ахуалға қарап болжай беруге болатындай...

Саясатқа байланған сауда жолдары

Бізді мына бір дерек ерекше елең еткізді. Соңғы жылдары Суэц каналының орнын басатын жаңа теңіз сауда жолы туралы әңгіме жүре бастапты. Ол әсіресе 7 қазанда Палестинада басталған қарулы қақтығыстан кейін өзекті бола түскен. Нақтырақ айтқанда, бұл жоба Бен Горион каналы деп аталады екен. Ол келешекте Суэцке бәсеке, балама каналы болады деген болжам бар. Дүниежүзілік сауда саласының сарапшысы, Суэц каналының басқарма мәжілісінің бұрынғы мүшесі Уаиль Мақдурдің айтуын­ша, Қызыл теңіз бен Ақ теңізді Израиль арқылы жалғайтын Бен Горион каналы жаңа бастама емес, ол баяғыдан бері көтеріліп келе жатқан ескі идея көрінеді. Алай­да идеяның орындалмауының бір себебі бар. Ол қандай десек, Израильдің Газа аймағынан басқа бүкіл жағалауын, тіпті сонау Хайфа қаласына дейін теңіз деңгейінен 350 метр биіктіктегі жоталар қоршап жатыр. Сол себепті бұл табиғи ландшафт жобаның іске асуына кедергісін келтірген. 1963 жылы АҚШ билігі биік жоталарды тегістеу үшін тіпті шағын ядролық жарылыс жасауды да ұйғарған. Алайда радиациялық сәуленің қоршаған ортаға зияны ескеріліп, бұл жоспарынан бас тартқанға ұқсайды. Ендігі жерде Бен Горион жобасы қайтадан назарға ілікті. Бұл жолы мүдделі тарап тау-қыраттарды сүрмей, канал арнасын жазықта жатқан Газа аймағы арқылы өткізуді ойластырып жатыр. Биік жотадан арна салғанша жобаның сызбасын Газа аймағына қарай бұра салған оңай әрі арзанға түседі емес пе? Осы ретте кейбір сарапшылар Израиль – Палестина қақтығысының тұтануына осы жағдай себепші болды деген болжамдар айтады. Жалпы, бұл идея неден туындады? Кезінде арабтар мен еврейлердің арасындағы соғыста Суэц каналы қысым жасаудың тетігі ретінде бірнеше рет жабылған еді. Сонымен бірге 2021 жылы Evergreen Marine компаниясының контейнер тасушы кемесі өткелде қайырлап қалғанда дүниежүзілік теңіз жолы саудасы үлкен шығынға батқан. Келген шығын күніне 6-10 млрд долларға жеткен дей­ді. Соның салдарынан тауарлар мен шикізат діттеген жеріне жете алмай дүниежүзілік сауда бір­шама тоқырауға ұшырады. Әлем теңіз жолы каналдарының маңыз­дылығын сонда барып түсінді.

Сарапшының мәлімдеуінше ендігі жерде әлем елдері 2050 жылға қарай солтүстік мұз­ды мұ­хиттың теңіз жолын пай­да­лануға дайындалып жатыр. Болжамдар бойынша 25 жылдан кейін кемелер мұзды мұхитта емін-еркін жүретін болады. Өйткені мұхит бетін жапқан мұздар жылдан-жылға еру үстінде. Әр он жыл сайын шамамен 12%-ға мұхиттағы мұз еріп барады. Оның үстіне зерттеу көрсеткендей, мұхиттағы қат­қан қалың мұздар ертеден келе жатқан мұздар, қазір ондай құбылыс орын алмайтын болған. Бұл климаттың өзгеруі салдарынан алдағы 25 жылда Мұзды мұхит дүниежүзілік теңіз сауда жолына айналады деген сөз. Бүгінгі Суэц каналы арқылы өтіп жатқан тауарлардың тең жартысы Солтүстік мұзды мұхитпен тасымалданады. Сарапшының айтуынша Тайланд елінің шығысында орналасқан елдер осы солтүстік бағыттағы теңіз жолын таңдай­ды. Өйткені ол анағұрлым арзан түседі. Мәселен, Жапонияның Йо­ко­гама портынан Германияның Гамбург портына дейін Суэц каналы арқылы 11073 теңіз милін құраса, солтүстік мұзды мұхитын 6920 теңіз милінде айналып өтеді. Осы тұста Үндістанның рөлі күшті болғалы тұр. Болжамдарға сай 2050 жылға қарай Үндістан әлемдегі экономикасы мықты үшінші елге айналуы мүмкін. АҚШ пен Еуропа елдері қазірден Қытайдың орнына Үндістанды дүниежүзінің фабрикасы ету жолында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін жуырда Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа экономикалық дәлізінің жобасы әлемге таныстырылды. Жоба бойынша Үндістаннан, Шығыс Азия елдерінен шыққан тауар БАӘ мен Сауд Арабиясының порттарына теңізбен жеткізіліп, әрі қарай теміржолмен, жүк көліктерімен Йордания жерін басып өтіп, Израильдің портынан теңіз арқылы Еуропа елдеріне жол тартуға тиіс еді. Аталған жобаның пайда болуына екі жағдай түрткі болып отыр. Біріншісі Батыстың 2013 жылы Қытай жариялаған теңіз және құрғақ жолмен та­уар тасымалдайтын жаңа Жібек Жолы бағытына қарсы әрекеті болса, екіншісі Израильді бұрынғы жауластары араб елдерімен экономика арқылы байланыстырып, Таяу Шығыста Израильді маңызды ойыншыға айналдыру. Алайда Палестинадағы жағдай бұл жобаның іске асуын шектеусіз мерзімге тежеп тастады. Дегенмен сарапшының пікірінше арада біраз уақыт өткен соң жаңа идеяға барлық тарап қайта оралады деп отыр. Ал Қытайдың жаңа Жібек Жолы сауда дәлізі Қазақстан жері арқылы да өтетін ескеру керек.

«Қытай елінің экономикасы саудаға негізделген. Қытай елін дүние жүзінің өндіріс алаңы деп бекерге айтпайды. Сол Қытайдың бүкіл тауарының 80%-ы Сингапур­дегі Малакка каналынан өтеді. Сон­дық­тан егер бұл өткел жабылса, Қытай саудасы үлкен тығы­рық­қа тіреледі. Осыны білген шығыс мемлекеті қазір Оңтүстік Америкадағы Никарагуа елінен Панамаға бәсекелес жаңа канал салуды қашаннан жоспарлап келе­ді. Келешекте ол АҚШ, Канада, Мексиканың шығыс жағалауына жылдам тауар жеткізетін каналға айналады», деді сарапшы.

Биылғы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экспорттық әлеуетті арттыру керектігін тап­сыр­ған болатын. Оған қол жеткізу­дің ең төте жолы – сауда мен алыс-берісті күшейту. Қазақстан сая­сат­та ғана емес, экономикада да ашықтық пен еркін диалогті ұстанған ел. Сондықтан осындай көпқырлы саясатының арқасында алып державалар арасындағы сая­си ойында тек ұтымды жақта болады. Еуразияның кіндігінде ор­наласқан Қазақстанның тиімді гео­­графиялық аймағын араб мем­ле­кеттері де өз мүддесіне пайда­лан­ғысы келеді. Осы орайда биыл Қазақ­стан мен Қатар арасында үлкен келісімдер жасалды. Бұл рет­те араб мемлекеттері Жібек Жо­лы сауда жолы арқылы Қытай мен Орта Азия, Еуропа арасын логис­тикамен байланыстыруды көз­дейді. Ол негізгі үш бағытты қамти­ды. Біріншісі Еуразиялық сау­да көлігі дәлізі. Бұл жол Астан­а мен Мәскеуді жалғайды. Екін­шісі Қытай, Орта Азия, Батыс Азия көлік дәлізі. Оның бағыты Алма­ты – Ташкент – Тегеран – Анкара арқылы өтеді. Үшінші сауда көлік дәлізі Қы­тай мен Пәкістанды байланыстырады. Көлік дәлізінің жолы Алматы мен Исламабад аралығында жатыр.

Кейбір сарапшылар Алматы арқылы өтетін дәл осы Қытай – Пәкіс­тан сауда-көлік дәлізін іске асыр­мау үшін үлкен саяси ойын­шы­лар Ауғанстанда қаншама жыл бойы қолдан дүрбелең жасап келді деген долбар жасайды. Не болса да бүгінгі таңда Ауған елін­де біршама тұрақтылық орна­ды, оның үстіне Қазақстанмен ара­да үкіметтік деңгейде біраз келісім­дер жасалды. Демек аталған көлік дәлі­зінің Қазақстан тауарын дүние жүзілік нарыққа шығаруына берер мүмкіндігі үлкен болғалы тұр.

 

ШЫМКЕНТ