Руханият • 04 Желтоқсан, 2023

Қилы кезеңнің ғибраты

138 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапха­насында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жыр-дастаны «Елім-айдың» 300 жылдығына, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» кітабының тұсаукесеріне орай іс-шара өтті. Жиынды ұйымдастырған – қалалық әкімдік пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры.

Қилы кезеңнің ғибраты

Конференция модераторы бол­ған қор төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев.

Модератордың айтуынша, «Елім-ай» дастанының авторы Қо­жаберген жырауды зерттеу­ге, дә­ріптеуге академик Манаш Қозы­баев себепкер болған. Ғалым 2000 жылдың басын­да жыраудың туған жері Сол­түс­тік Қазақстан облысында үлкен ғылыми конференция өт­кізеді. Сол жиынға Б.Тұрғараев та қа­тысып, өзіне құпия болған тарих­тың жаңа беттерін ашады. Сөй­тіп, қызығушылығы артып, ба­­бамыздың дастанын өзі де зерттеуге кірісіп, 2010 жылы Сол­түстік Қа­зақстан жерінде үлкен конференция ұйымдастырады.

Қор төрағасы жи­налған жұрт­қа «Елім-ай» дастанын оқуға ке­ңес берді. Онда қазақтың ауыр тағдыры, шынайы тарихы жат­қа­нын айтты. Сонымен бірге осынша уақыт «Елім-айдың» халық арасында кең насихатталмай келуі кеңестік заманның идеологиясына байланысты деді. Осы ретте ол тәуелсіздіктің берген ең бас­ты жемісі бабалар мұрасын ті­ріл­­тіп, өткен тарихты зерттеуге мүм­­кін­дік алғанымыз, рухани жаң­ғы­руға бет бұрғанымыз екенін баян­дады. Ардагер заңгердің ай­туын­ша, сол заманда қазақтың же­­ріне көз алартқан Қытай мен Ресей империясы жоңғарларды қазақтарға айдап салып, оларға қару-жарақпен әскери көмек беріп, қолтықтарына су бүркіп отырған. Міне, сондықтан да осыдан сабақ алып, әрдайым жерді, елді қорғауға дайын жүруіміз керек. Тарих бізге осыны ұқтырады, деді қор төрағасы. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «біздің тарих терең тарих, бірақ оқулығы жұп-жұқа» деген әйгілі сөзін қайта еске тү­сіріп, осының бәріне кеңестік цен­­зураның кінәлі екенін айтып, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қа­зақстан тарихының жаңа жеті том­дығы әзірленіп жатқанын жеткізді.

Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов арғы-бер­­гі тарихқа шолу жасап, қазақ пен жоңғар ара­сындағы жүзжыл­дықтарға со­зылған соғыстар жа­йын­да біраз жайтты аңғартты.

«Жоңғарлардың шабуылы шынымен де қазаққа ауыр соққы боп тиді. Оны мына деректен бі­луге болады.1690 жылға дейін жоң­ғарлар Жетісу, Түркістан, Сыр­да­рия аймақтарын түгел жаулап алды. Қожаберген тек жырау емес, саяси қайраткер болған. Ол сол дәуірдің өзінде қазақтарды жоңғарға қырғызған орыстардың арам пиғылын, бекіністер салып, қазақтың жерін басып алуды көз­деген қитұрқы саясатын байқай білді. 1413 жылы құрылған Жоңғар мемлекеті 1758 жылға дейін өмір сүрді. Оны басқарған бір әулет болды. Қалдан-Сереннің тұсында қазақ жүз жылдай жоңғармен тату тұрды. Бірақ қонтайшының өлімінен соң жоңғар империясы да біржолата тарих бетінен мәңгіге жоғалды. Жоңғарларды 14 билеуші басқарған. Осынау ат ауыздығымен су ішкен тар заманның тарихы түгел «Елім-ай» дастанында жырланып өткен. Қаншама шайқас өлең сөзбен бейнеленген. Оның ішінде Түркістан үшін болған шайқас пен қазақтардың жеңіске жетуі, ұлы жеңіс тойын тойлауы бар. Сол тойда тарихта есімдері қалған даңқты билер мен батырлардың болуы дастанда көрініс тапқан. Тәуке ханның тұсында Түркістан қаласын 80 мың атты әскер жаудан қорғаған. «Елім-ай» дастаны – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасының көркем энциклопедиясы. Мемлекеттің төрт тірегі болса: аумағы, әскері, тілі, дәс­түрі. Осы төрт ұлы ұғым да «Елім-ай» дастанында көркем суреттелген», деді ғалым.

Конференцияда ақын Иран Ғайып та жыр мүшәй­расына арнап жазған «Елім-ай» дастаны туралы өлеңін оқып берді. Сондай-ақ ол қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген, «Елім-айды», Қожаберген жыраудың есімін қайта жаңғыртқан Бекет Тұрғараевқа зор ықыласын білдірді.

Ғылыми іс-шарада баяндама жасаған сот жүйесінің ардагері Өмір­тай Қалықұлов «Ақтабан шұ­­бырынды, алқакөл сұлама» атауының ішкі сырына үңіліп, әр сөздің мағынасын ашып көрсетуге тырысты. Соның ішінде Алқакөл деген жердің, шын мәнінде, бар екенін атап өтті. Ол Түркістан об­лысының Келес ауданында ор­наласқан. Бұл жерде кезінде үл­кен көл болғанға ұқсайды. Ол расымен де алқаға ұқсас пі­шінде болған. Алайда бір кездері Өз­бекстанға қараған аумақтағы көл Сырдария суының азаюымен тартылып кеткен. Алқакөлді осы күнге дейін қазақ халқының білмей келуі оның ұзақ жыл көрші елдің иелігінде болғанына байланысты деп ойын түйіндеді. Ал ардагер журналист Захардин Қыстаубаев бұған мүлдем кереағар пікір айтып, Алқакөл деген ішкі жан дүниеге байланысты ұғым. Түйелер де ұзақ көштің кезінде шаршап құлайтын болған. Сол секілді қазақ халқы да жоңғардан жаяу-жалпылап қашып, іштей өзін болдырған кезде сұлаған деген тұжырым білдірді.

Кәсіпкер Нұркен Асанов жау­гершілік за­мандағы «елімайлаған» қазақ бү­гінде тоқшылық уақытта да ру­ха­ни жұтап «Елім-ай» деу­ге ша­ра қалдырмай бара жатыр деді. Сон­дықтан кәсіпкер от­ба­сылық тәрбиеге баса көңіл бө­­луге ша­қырды. Өз кезегінде кә­сіпкер қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жариялаған ке­лесі жылдың мамыр айында ша­һарда оқушылар арасында ұйым­дастырылатын ауқымды іс-шара – «Абай оқуларына» демеушілік жасауға көпшілік алдында уәдесін берді.

 

ШЫМКЕНТ