Өнер • 04 Желтоқсан, 2023

Әйгілі Карич қоры сыйлығын алды

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сербияның Белград қаласында Димаш Құдайбергенге Ағайын­ды Карич қоры сый­лығын та­быс­тау рәсімі өтті.

Әйгілі Карич қоры сыйлығын алды

Сербияда 1979 жылы елдің ғылыми-технологиялық, шығармашылық әлеуетін қолдау және ілгерілету, жұрт­­­шылықты әлемдік мәдениеттің же­тістіктерімен таныстыру институты ретінде құрылған қор осымен 26-рет көрнекті шетелдік тұлғаларға сыйлық табыс етті.

Ағайынды Карич қоры сыйлы­ғына әлемге әйгілі ғылым, жур­на­лис­тика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған. Әр жылдары физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ж.Алферов, әдебиет бойын­ша Нобель сыйлығының лауреаты П.Хандке, кинорежиссер Э.Кустурица, теннисші Н.Джокович, актер С.Сигал осы марапатты алған.

Биыл сыйлыққа ұсынылған ерек­ше тұлғалар арасында дарынды әнші Димаш Құдайберген де атал­ған сыйлыққа ие болды. Қор директорлар кеңесінің пікірінше, Димаштың айрықша вокалдық өнері, оның классикалық және заманауи стильде орындау қабілеті, кез келген нотаны орындау мүмкіндіктері әншіні өз ісінің шебері ретінде тануға мүмкіндік береді.«Біздің директорлар кеңесі Димаш Құдайбергеннің осы жолдағы таланттардың алтын сериясының жалғасы болуға лайық екендігімен бірауыздан келіседі. Бұл біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады», деп атап өтті Қазақстанның Сербиядағы құрметті консулы, Ағайынды Карич қорының негізін қалаушы Миланка Карич.

Марапаттау рәсімі Серб мәдениеті мен дәстүрін айқындайтын мәдени мұра – Белградтағы Ұлттық театрда өтті.Ұлттық театр сахнасында Димаш қазақтың халық әні «Самалтау» және Игорь Крутойдың «Mademoiselle Hyde» әндерін шырқады.

Димаш қордың құрылтайшылары мен директорлар кеңесіне марапатқа лайық деп танығаны үшін алғысын білдірді, өнер саласындағы халық­аралық жобалардың елдер арасындағы достық пен өзара дамуды қолдау мүм­кіндіктері ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.