Шахмат • 04 Желтоқсан, 2023

АҚШ ойыншысы озды

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында шахматтан «Konaev Cup-2023» ІІ халықаралық турнирі өтті. Бұл жарыста 14 елден келген 53 шахматшы бақ сынады. Олардың қатарында АҚШ, Иран, Беларусь, Үндістан, Израиль, Украина, Әзербайжан, Армения, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның атақты гроссмейстерлері мен жас ойыншылары бар.

АҚШ ойыншысы озды

Дүбірлі доданың ашылу рә­сімінде «Елімізде шахматтың дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қоғамға интеллекті жо­ғары, терең ойлайтын адамдар қажет екенін үнемі айтады. Шах­мат – ақыл-ойды дамытушы дара ойын. «Konaev Cup» турнирі Қазақстандағы шахматты дамытуда үлкен рөл атқарады. Осын­дай маңызды жарыстарды ұйымдастыру халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Қазіргі кезде Қонаев қаласы ірі спорттық шара­ларды өткізу арқылы әлем­дік спорт жұлдыздарын шо­­ғыр­ландыратын орталық ре­тін­де танылып ке­леді», деді Ал­­маты облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Осы салтанатты іс-шара барысында облыс басшысы жа­қында ғана Италиядағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Елназ Қалиахметті құт­тықтады. Ал Қазақстан шахмат федера­циясының вице-президенті Марат Есенов спорттың осы тү­рінің дамуына барына үлес қосып жүрген Алматы об­лы­сының азаматтарына өз риза­шылығын білдіре отырып: «Бүгін біз бірінші кезекте шахмат ойынының құндылығын тағы бір көрсету үшін жиналып отырмыз. 2019 жылы Қазақстан әлемдік шахмат астанасы атанып, сол кезде елімізде командалық әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Содан бері республикамызда түрлі халықаралық жарыс өткізіп, біздің өрендеріміз АҚШ, Испания, Әзербайжан, Үн­діс­танның үздік ойыншыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бүгінгі турнирге келер болсақ, екінші жыл қатарынан саңлақтар Қонаев қаласында бас қосып отыр. Бұл – жас спортшыларға өздерін жақсы қырынан көрсету үшін туындап отырған тамаша мүмкіндік», деп атап өтті.

Аталған жарыстың чем­пион­дық атағын ең таңдаулы 12 гроссмейстер сарапқа салды. 11 кезеңге созылған сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлде мен 500 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа АҚШ-тан ат тер­летіп келген гроссмейс­тер Тимур Гареев ие болды. Ол – екі бір­дей Олимпиадаға қатысқан сақа ойын­шы. Екінші және үшінші орынды әзербайжандық Вугар Расулов пен қазақ шахмат­шысы Азамат Өтеғалиев иеленсе, үздік бестікті армениялық Мануэль Петросян мен ирандық Бардия Денешвар түйіндеді.