Алматы • 01 Желтоқсан, 2023

Қауіпсіздік ережесі ескерілмеген

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бейсенбінің таңы жайсыз хабармен басталды. Алматыдағы Әди Шәріпов көшесі, 86 мекен-жайында орналасқан ғима­рат­тың жертөлесінен шыққан өрт салдарынан 13 адам қайтыс болды. Төменгі қабаты мен жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабат­ты тұрғын үйдің басқа да тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланып, 2 азамат қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді.

Қауіпсіздік ережесі ескерілмеген

Зардап шеккендер – тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Almaty Hostel» жатақжайының қонақтары. Алматы қалалық Поли­ция департаментінің хабарлауынша, қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдік, қалған 9 адам – Қазақстан Республикасының азаматтары. Алдын ала мәлімет бо­йынша олар көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған. Ал ауруханаға жеткізілген­дер­дің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәй­кес, науқастың біріне көмір­қыш­қыл газынан улану диагнозы қойылды. «Оның жағдайы ор­таша ауыр тұрақты деп баға­ла­нып отыр. Қалған төрт нау­қас бар­лық тексеруден кейін ұсы­ныстар­мен амбулаторлық емделуге жі­берілді», деп хабарлады сала өкілдері.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлі­метінше, оқыс оқиға туралы хабар жедел желіге таңғы сағат 05:33-те келіп түскен. Оқиға орнына жеті минутта жеткен өрт сөндірушілер көлемі 30 шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды 06:22-де толық ауыздықтаған.

Жергілікті әкімдік эвакуация­ланғандарды жақын маңдағы мек­тептердің біріне уақытша ор­на­ластырып, азаматтарға қа­жет­ті медициналық және психо­ло­гиялық көмек көрсетілді. То­сын жағдайға байланысты Премьер-министр Әлихан Сма­йы­ловтың өкімімен хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жө­нін­дегі Үкіметтік комиссия құрылды. Кейінірек өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың басшы­лығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына арнайы келіп, өрттің шығу себептерін тексерді. Алдын ала деректер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде басталған болуы мүмкін. Ал­маты қаласы ТЖД өрт сынау зертханасының анықтаушылары мен мамандары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Желі қолданушылары өрт болған жатақжай басшы­лы­ғын сынға алған. Олардың пікі­рін­ше, аядай бөлмеге он­да­ған адамды орналастыру қауіп­­сіз­дік талаптарына қай­шы. Де­­генмен бұған дейін жа­рия­лан­­ған пікірлерде хостелдің рей­тингі жоғары көрсеткішпен баға­ланыпты. Жарнамалық хабар­лан­дыруда бір кісілік орын­ның құны айына 25 мың теңге деп көрсетілген. Бір жарым ай бұрын хостел ретінде қайта жаб­дықталған нысан «Халық банк­тің» иелігінде. Ұйым оны ке­піл­мүлік ретінде жалға берген.

Оқиға орнына жеткен қала әкімі Ерболат Досаев құжат­­тардың тексерілетінін, апат­­тың мән-жайы анықталып, зар­дап шеккен­дерге қала билігі тара­пынан жан-жақты көмек көрсе­тілетінін жеткізді.

«Жалпы, жертөлені сани­тар­лық талаптарға сәйкес жабдық­тауға болады. Бірақ осыншама көп адамды орналастыруға рұқ­сат бар ма? Заң шеңберінде анық­таймыз, арнайы тергеу жүреді», деді Е.Досаев.

Алматы әкімінің баспасөз қыз­меті түстен кейін таратқан ақпа­ратта бұл хостел сани­тар­лық-эпидемиологиялық, құ­рылыс талап­тары мен өрт қауіп­сіздігі ережелерін бұза отырып, заңсыз орналасқандығы хабарланды.

«Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – дүкенді пайдалану және қызмет көрсетуге арналған. Бұл нысан бір жарым ай бұрын хостелге айналды. Хостел алаңы 457 шаршы метрді құрайды. Айта кетерлігі, «Қазақстан Рес­публикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меті туралы» заңға сәйкес үй-жай­ларды қайта жабдықтау кезін­де рұқ­сат құжаттарын алу керек. Оның үстіне Алматының қала­лық жоспарлау және урба­нис­тика басқармасы қайта жаб­дық­тауға арналған бастапқы рұқ­сат құжаттарын (АПЗ, ше­шім) бермеген. Дүкеннің хос­тел болып функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпи­де­миологиялық, құрылыс талап­тары мен өрт қауіпсіздігі ереже­лері орындалуы қажет. Хос­тел­ді жертөле және жертөле қа­бат­тарын­да орналастыруға са­ни­тар­лық-эпидемиологиялық та­лап­­тар­дың 23-тармағына сәйкес тыйым салынады», деп хабарлады Алматы қаласы әкі­мінің баспасөз қызметі.

«Қауіп төнгенде қарбаласпай, қала құрылысындағы қауіпсіздік талаптарын тексеру жай кезде неге жүзеге аспаған?» деген сауал туындайды. Мегаполисте екі күннің бірінде өрт фактісі тіркеліп жатады. Тамыз айында салғырттықтың салдары­нан «Ақкент» тұрғын үй кешенінде адам шығынымен аяқталған оқи­ғаны сарапшылар сынға алған еді. Төтеннен төнген тілсіз жау заң талаптары мен қарапайым ережелерді ескеруге, құзырлы орындар тарапынан оларды тексеруге лайықты мән берілмейтінін тағы да бір көрсетіп отыр. Бұл оқиғадан да Алматының өрт қауіп­сіздігін қадағалау ісіне кешенді көзқарас қажет екенін байқаймыз.

 

АЛМАТЫ