Қоғам • 30 Қараша, 2023

Аудармашының ғұмырнамалық жинағы

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастырушы, ғалым, тіл маманы, аудармашы Найманғазы Сапанұлының «Ауылдан алыс сол жолдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабының тұсаукесері өтті.

Аудармашының ғұмырнамалық жинағы

Ғұмырнамалық жинақта автордың өмір жолы, аударма­шылық және сөздік жасау­да­ғы ізденістері, баспагерлік қызметі туралы көркем тілмен жатық баяндалған.

Найманғазы Сапанұлы – «Қы­тайша-қазақша идиом­дар сөздігі», «Қытайша-қа­зақ­ша қысқаша сөздік», «Қы­тайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі», «Қытай идиомдарының қазақша баламалары» атты 4 төрт үлкен сөздіктің авторы. Сондай-ақ ол кісі  Қытайда «Көк сөздік» немесе «Найман көк» атанып кеткен «Қытайша-қазақша сөздіктің» бас құрастырушысы болды. 1974 жылдан бастап ұжымдық еңбек ретінде да­йындалып, 1979 жылы латын қарпімен баспадан шыққан бұл сөздікке 60 мыңнан аса қытай сөзі енгізілген. Бел­гілі ғалым бұдан кейін  де осы еңбекпен жалғыз өзі табанды  айналысып, сөздік­тің лингвистикалық құрам санын 120 мыңға жеткізді. Бұл сөздік 2006 жылы «Шыңжаң» халық баспасынан  «Қытай-қазақша үлкен сөздік» деген атпен жарық көрді. Бүгінге дейін ол  7 рет басылып, 30 мың данамен тараған. Қазіргі таң­да аталған еңбектің 124 мың­ға жуық лингвистикалық құрамы қамтылған сөздігі бас­паға да­йындалып жатыр.

Мазмұнды іс-шара барысында филология ғылымдары­ның докторы, профессор Әділ Ахметов, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, тағы басқа да азаматтар сөз алып, айтулы аудармашы­ның сөздік жасаудағы еңбегі, шы­ғармашылығы туралы парасатты ой-пікірлерін айтты. Ғалым, жазушы Тұрсын­хан Зәкенұлы  автордың сонау 70-жылдары алғаш рет «Қы­тайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастырудағы еңбегін ерлік деп бағалады.

«Сөздік жасау – белгілі бір ұлттың ғана емес, ғалымдар­дың мәдениетін, деңгейін көр­сететін белгі. Сөздікте  кел­ті­ріл­ген сөздер мен атаулар, ұғым­дар заң терминдерімен бір­дей саналады. Сондықтан сөз­дікте ешқашан қате кету­ге болмайды. Өйткені заңның өзі сөздікке бағынады. Осы ретте Найманғазы ағамыз­дың басшылығымен құрасты­рылған «Көк сөздік» және одан кейін жарық көрген сөздік­тер осындай ғылыми талапқа толық жауап береді», деді ол.

Сондай-ақ басқосуда қа­лам­гердің әдеби аудармашы­лығы да сөз болды. Ол Ч.Дик­кенс, Х.Андерсен, Э.Хе­мин­гуэй, М.Шолохов  се­кілді әлем  классиктері мен Қытай әдебиетінің көр­некті өкілдері Го Моро, Ба­жин­ның шығармаларын қазақ­шаға аударған. Бұл әдеби туын­дылардың қысқартылған нұсқалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.

Іс-шара соңында Най­ман­ғазы Сапанұлы оқырманға жол тартқан ғұмырнамалық кітабы мен  «Қытайша-қазақша сөздік» жасаудағы еңбектеріне тоқталып, жиылған қауымға ризашылығын білдірді.