Өнер • 29 Қараша, 2023

Науаи театрының тартуы

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Өзбекстанның Ә.Науаи атындағы мемле­кеттік академиялық Үлкен театры бас қалаға гастрольдік сапармен келіп, «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетті. Тарихы бай театр ұжымы елор­далықтарға опера мен балеттің үздік туындыларынан гала-концерт ұсынды.

Науаи театрының тартуы

«Біздің екі елді ондаған жыл бойы қалыптасқан шығармашылық пен жа­қын мемлекеттік қарым-қатынас байланыстырады. Қос халықты шынайы дос­тық пен тату көршілік біріктіреді. Театрымыздың Қазақстанға гастрольдік сапары – екі мемлекеттің өзара шығармашылық байланысын нығайтып, мәдениетін байы­татыны анық. Ұйым­дастыру тұрғысынан мұндай үлкен тур ауқымды ха­лықаралық жоба саналады. Мұнда 110 адамнан құралған шығармашылық ұжымды көрсетуіміз қажет. Осы топқа халық әртістері, өнер қайраткерлері, еңбек сіңірген әртістер, сондай-ақ көптеген халықаралық байқауда, соның ішінде жуыр­да Өзбекстанда өткен «Competition dell’оpera» до­дасының лауреаты атанған дарынды жастар енді. Ә.Науаи атындағы МАҮТ симфониялық оркестрі де өнер көрсетеді. Бұл еліміздің опера және балет өнерін жан-жақты таныстыруға мүм­кіндік береді», деді Ә.Науаи атындағы мемле­кеттік академиялық Үлкен театр­дың директоры, Өзбек­стан­ның халық әртісі Рамиз Усманов.

кен

Елордалық көрермендер тамаша кеште өзбектің төл опера және балет шы­ғармаларымен жақын танысып, жылы әсерге бөленді. Дәлірек айтқанда, Ә.Науаи атындағы Үлкен театр солистері Дж.Вердидің «Дон Карлос», П.Чайковскийдің «Иоланта» операларынан нөмірлер ұсынып, Дж.Пуч­чинидің «Богема», В.А.Мо­царттың «Сиқырлы флейта», Ф.Чилеаның «Адриана Леку­врёр» операларынан ария­ларды нақышына кел­тіріп орындады. Өзбек композиторы, КСРО халық әр­тісі М.Ашрафийдің «Каш­мирида» романсы, сондай-ақ Өзбек КСР халық әртісі, композитор С.Юдаковтың «Майсараның айласы» опе­расынан қойылған увер­тюра мен көріністер бағ­дарламаның ажарын одан әрі аша түсті.

Ғажайып гала-концертте бірегей балеттік қойы­лымдар да ұсынылды. Л.Мин­кустың «Дон Ки­хот», А.Аданның «Жизель» спектакльдерінен нөмірлер, Р.Дригоның «Та­лис­ман» балетінен па-де-де көр­се­тілді. Әсіресе Ж.Бизе-Р.Щедриннің «Кар­мен сюита» балетінен вариация­лар мен адажио, С.Про­ко­фьевтің «Ромео мен Джульет­та» балетінің бал­кондағы көріністеріндегі әртіс­тердің шеберлігі кө­рер­менді сүйсіндірді. Со­нымен бірге маэстро Денис Власенконың жетек­ші­лігімен Үлкен театрдың сим­фониялық оркестрі бірқатар классикалық туындыны тыңдарманға тарту етті.