Қаржы • 28 Қараша, 2023

Агробанк қажет пе?

143 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жол­дауында Қазақстанның страте­гиялық мақсаты – Еуразия құр­лы­ғындағы басты аграрлық орта­лықтың біріне айналу екенін атап айтты. Осыған орай, Мемлекет басшысы жақында Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Айдарбек Сапа­ровты қабылдап, оған саланы 5 жыл ішінде дамудың жаңа беле­сіне шығарып, жалпы өнімінің көле­мін 2 есе арттыру міндетін жүктеді.

Агробанк қажет пе?

Осы нақты да зор міндетті шешу үшін еліміздің бас аграрийіне сала­да­ғы мемлекеттік қолдау жүйесін жетіл­діруге, шаруаларды жеңілдетілген қар­жы­ландырумен және субсидиямен қам­та­масыз етуге, егіс алқаптарын әртарап­тандыруға және ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға бағытталған құры­лымдық және институттық реформалар жүргізу тапсырылды. Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қазіргі кезде, әсіресе жеңілдетілген қаржыландыру мен суб­­сидияға қол жеткізу мәселесі өте өзекті болып отыр. Оған Парламент де­­путаттары мен «Атамекен» Ұлттық кә­сіпкерлер палатасы ұдайы назар аударып, Үкіметке өз ұсыныстарын енгізіп жүр. Соның бірі – он жылдан аса уақыт бойы сөз болып келе жатқан аграрлық банк құру туралы.

Араға он тоғыз жыл уақыт салып Парламент Мәжілісіне қайтып оралған «Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы фракциясының биылғы 12 сәуірде Үкіметке жолдаған алғашқы депутаттық сауалы да оны жариялаған депутат Жигули Дайрабаев айтқандай, «280 мыңға жуық фермердің, мыңдаған сала маманы мен ауыл кәсіп­керінің талабына айналған агробанк құру мәселесіне» арналды.

«Біз аграрлық банктің қажет екеніне сенімдіміз және мынадай дәлелдерді келтіреміз: біріншіден, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы инс­титуттары бар болса да, олар арқылы берілетін кредиттің көлемі өте аз. Фер­мерлердің бүгінгі қажеттілігі – кем дегенде 2 трлн теңге. Елімізді аграр­лық державаға айналдырамыз десек, бұл қажеттілік 5 трлн болады. Ал атал­ған қаржы институттары арқы­лы бері­летін кредит оның оннан бір бөлігі­не де жетпейді. Толыққанды банк бол­ма­ғандықтан, олар қосымша кіріс көзін аша алмайды. Сондықтан әкімшілік шы­­ғын­дарын, жұмыскерлерінің алатын жал­а­қысын, жинайтын провизиясын өздері шаруаларға берген кредиттің үстемеақысына қоспағанда не істейді?

Екіншіден, жеке банктердің аграр­лық саланы қаржыландыруға ынтасы өте төмен. Статистикаға сүйенсек, олардың кәсіпкерлікке берген кредиттерінің 97%-ы құрылыс, сауда сияқты салалар­ды қамтиды. Ашық айтайын, банктер ауыл шаруашылығын менсінбейді. Бі­рақ аудандарда филиалдарын ашып, фермерлердің есепшотын жүргізіп, ко­миссиялық пайда табудан, депозит жи­наудан қашпайды. Оларды аграрлық саланы кредиттеуге міндеттейтін заң нормасы да жоқ. Бұл қалай?

Агробанктің құрылуына қарсы адамдар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Біздің айтарымыз – олар­дың дәл осы жауабы агробанктің құры­луына бөгет емес, керісінше, негіз бо­луға тиіс. Себебі екінші деңгейдегі банк қана сан түрлі банктік операцияларды ат­қа­ру арқылы сондай тәуекелдерді еңсере алады.

Сонымен қатар қазір фермерлер кредит алу үшін 35-ке жуық құжат жинауға мәжбүр. Шалғай ауылдардағы шаруалар қай мекемеге барып ақша алатынын да білмей, жаңылысып жатады. Агробанк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерде есепшотын ашып жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады. Қай жағынан қарасақ та, агробанк құру өте тиімді.

«Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мем­лекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз. Еліміз аграрлық дер­жаваға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес аграрлық банкін құруға тиіс», деді мәжілісмен Ж.Дайрабаев.

Осы депутаттық сауалға Үкімет бер­­ген ресми жауапта: «Қазақстан Рес­­­пуб­­­­ликасындағы банктер және банк қыз­меті туралы» заңға сәйкес «Қа­­зақ­­стан­ның тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» акционерлік қоғамын қос­пағанда, мемлекет қатысатын маман­дандырыл­ған салалық банктерді құруға жол беріл­мейді. Мемлекет экономиканың аграрлық сек­торының проблемаларын шешу үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі кредит беруші ұйымдары «Бәйтерек» хол­дингінің еншілес ұйымдары – «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ (лизинг). 2023 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша 330 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарына – 140 млрд теңге. Бұған қоса «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның 2023 жылға арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспары 170 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жемшөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыру үшін 20 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік инвестициялар тартылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын масштабтау бойынша жұмыс бас­талды. Жобада сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын, ең ұзақ мерзімі 7 жылға дейінгі микрокредиттер беру көзделген. Қанатқақты жоба бойынша биыл 17 мыңнан аса микрокредит беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Баяндалған жайларды ескере отырып, аграрлық банк құру жөніндегі ұсынысты орынды емес деп санаймыз», делінген.

Бұл жауаппен келіспеген депутаттар: «Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін әлі де дəлелдейміз», деп биылғы 6 қыркүйекте Үкімет пен Ұлт­тық банкке тағы бір депутаттық сауал жолдады. Алайда Үкімет өз ұста­нымын өзгертпейтінін мәлімдеді. Ал Ұлттық банк: «Қазақстанның қаржы жүйесі тарихында ауыл шаруашылығы саласын кредиттеуге мамандандырылған қаржы институттары болды, бірақ олар ұзаққа бармады. Мысалы, 2000 жылы «ҚазАгроПромбанк» АҚ сенімсіз кредиттер үлесінің көп болуы салдарынан шығынға батып, банкротқа ұшырады. Оның қарыз алушыларының едәуір үлесін шаруа қожалықтары құрады. Осыған байланысты агроөнеркәсіпті қаржыландыруды және осы саладағы төлемге қабілетті қарыз алушылардың санын ұлғайтуды корпоративтік басқару сапасы, кәсіпкерлік бастама және жалпы аталған саладағы мемлекеттік саясат тұрғысынан алып қарау керек», деп екіұштылау жауап қайтарды.

Шынтуайтында, халықаралық тəжі­рибеге зер салсақ, Беларусьте «Белаг­ро­промбанк», Қытайда «Agrocu­ltura Bank of China», Өзбекстанда «Агро­банк», Ресейде «Россельхозбанк», Фран­цияда «Credit Agricoi», басқа ел­дерде де аграрлық банктер бар. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мү­ше-мемлекеттердің ішінде Ресей мен Бе­ларусьтің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аграрлық банктерге жері мен мүлкін кепілге қойып, ұзақ мерзімге арзан несие алғандығының нәтижесінде біздің еліміздің нарығын да сапалы әрі арзан өнімдерімен толық­тырып отыр.

Бір айта кетерлік жайт, биыл еліміз­дің Ауыл шаруашылығы министрлігі агробанк ашу жөніндегі ұсынысты қол­дағанымен, өзге мүдделі мемлекеттік орган­дардың кейбірінің қарсылық біл­діруіне байланысты бұл мәселені шеше алмағанын мәлімдеген еді.

Осы орайда қаржы сарапшысы Айбар Олжаев: «Агробанк құру идея­сы жақсы. Алайда оны құру үшін көп қаржы, кем дегенде 1,5 трлн теңге қажет. Оның үстіне халықаралық стандарт бойынша кез келген агробанк тәуекелі ең көп банк болып саналады. Сондықтан оның беретін кредитінің мөлшерлемесі жоғары болуға тиіс. Сол себепті агробанктің кредиті шаруаларға қолжетімді болмайтынына байланысты бюджеттен субсидиялауды талап етеді. Бүгінде республикалық бюд­жетте қыруар қаржы дефициті туын­дап отырған жағдайда Үкіметтің тағы бір мемлекеттік банк ашуға қар­сы­лық білдіруін түсінуге болады. Бұл мәсе­лені әзірге жылы жауып қойып, жоғары инфляция төмендейтін кезді және Үкіметтің қазынаға қарап алақан жайып отырған басқа да қаржы инсти­тут­тарының жұмысын ретке келуін күте тұру керек», деген пікі­рін білдірді.

Сонымен, шаруалардың арманына айналған агробанктің қашан құры­латыны әзірге белгісіз.