Білім • 21 Қараша, 2023

Іргелі оқу орнындағы ілкімді істер

114 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне 80 жыл толды. Осы айтулы оқиғаға орай оқу орнында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чун, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, шетелден келген делегаттар, еліміздің ғалымдары, түрлі лауазымдық қызмет атқарып жүрген университет түлектері қатысты.

Іргелі оқу орнындағы ілкімді істер

Салтанатты іс-шара университет алдындағы М.Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Спи­керлердің құттықтау сөз бен баяндамалар рәсімінде алғашқы сөзді Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек алды. Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті қауым, сіздерді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универ­си­тетінің құрылғанына 80 жыл толуымен құттықтаймын! Осы кезеңде Әуезов университеті тарихы терең, дамуы мол іргелі оқу ордасының біріне айналды. Оқу орнының ұжымы білікті кадрлар даярлау ісіне, ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Университеттің халықаралық және ұлттық рейтингтегі жоғары көрсеткіштері соның айқын дәлелі. Бүгінде оқу орны тың жобаларды жүзеге асырып, аймақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына атсалысуда. Студенттер қауымы волонтерлік және жастар ұйымдарының жұмысына белсене қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде. Универ­ситет түлектері елімізді өркендету жолында аянбай тер төгіп жүр. Мұның бәрі оқытушылар мен қызметкерлердің еселі еңбегінің нәтижесі», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Осыдан кейін министр 2023 жылдың 15 қарашасында Үкімет қаулысымен оқу орнына «зерттеу университеті» деген мәртебе берілді деген қуанышты хабарды жеткізді. Сондай-ақ білім ордасын дамытудың 2023-2027 жыл­­дарға арналған бағдарламасы қабылданғанын баяндады. Сала бас­шы­сының мәлімдеуінше, зерттеу мәртебесі университетке ғылым арқылы елдің индустриалды-инно­ва­циялық, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, жоғары білікті кадр­лар даярлауға мүмкіндік береді. Ал дамыту бағдарламасы ғалымдардың зерттеулерін коммерцияландыруға, зияткерлік мен­шік жүйесін басқарудың тетіктерін жетілдіруге, цифрлық экожүйесі бар смарт моделіне көшуге, студенттердің цифрлық негізде білім алуына жол ашады. Сонымен бірге 5 жылдық бағдарлама аясында жаңа зертханалар пайда болады, қосымша қаржыландыру артады, білікті кадр­лар жұмысқа тартылады, зерттеу университеті болған соң профессорлық-оқытушылар құрамының коэффициенті жоғарылайды. Университеттің зерт­теуші, индустриалды-инновациялық әлеуеті өте зор екенін, ол үшін зертханалар мен инфрақұрылым барын атап өтті.

«80 жыл ішінде университет бірне­ше кезеңді бастан өткерді. Екінші дүние­­­жүзілік соғыста КСРО-ның батыс аймағындағы үлкен химиялық инс­титуттар оңтүстікке көшірілді. Соның негізінде іргесі қаланған универ­си­тет бұл. Президент тапсырмасымен 15 өңірлік жоғары оқу орындары қалыптасты. Соның шеңберінде ірі зерттеу орталықтары ашылады. Соның бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті. Сондықтан енді қосымша қаржылар бөлінеді. Ол ғылыми зерттеу орталықтарын жаңартып, жабдықтауға жұмсалады. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелдік іргелі оқу орындарының филиал­­дары ашылып жатыр. Биыл 4 уни­верситет филиалы жұмысын бастады. Өткен жылы да 4 филиал­ бой көтерген болатын. Жақында ғана Сеул ғылым және технология университетімен бірігіп, Қорқыт ата университетінде жасанды интеллект мектебі қалыптасты. Шымкент ірі қала болған соң мегаполиске лайықты мықты университет филиалын іздеп жатырмыз. Ол келесі жылы белгілі болады. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ – еліміздегі ең ірі оқу орындарының бірі. Студенттер мен ұстаздарды қосқанда адам саны 30 мыңға жуықтайды. Елімізде қазір демографиялық дүмпу болып жатыр. Соңғы үш жылда 1,5 млн жуық бала дүниеге келді. Бүгінде студенттер саны елімізде 600 мыңнан асса, 2030 жылы 1 млн үстіне шығады. Ең үлкен ауыртпашылық, әрине, оңтүстік өңірлеріне түседі. Сол себепті университеттің инфра­құрылымын жақсартып, қосым­ша оқу корпустары іске қосылды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен оқытушылар әлеуетін көтереміз. Жаңадан ашылған зертханаларға «Бола­шақ» бағдарламасымен оқыған түлектерді тартамыз. Университет жанынан кемінде 5-7 жаңа зертхана ашылады», деді С.Нұрбек.

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыз­дықбеков сұрапыл соғыс жылдарында ашылған университет екі факультет пен екі кафедрадан басталып, бүгінде іргелі оқу ордасына айналғанын айта келе, ұжымды 80 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтады. Өз кезегінде әкім еліміздің Премьер-министрі Ә.Смайыловтың құттықтау хатын оқып берді.

Мінберге көтерілген М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова оқу орнының кешегісі мен бүгінгі жетістіктері жөнінде айтып өтті. Мәселен, университет құрылған ал­ғаш­қы­ жылы мұнда 150 студент оқыған. Қазіргі таңда 30 мыңға жуық студентті қамтыған, 3 жоғары білім жүйесін топтастырған көпсалалы университет атанды. Жаңа зерттеу мәртебесі ғылым мен өндірісті, экономиканы бір-бірімен ұштастыруға мүмкіндік туғызады. Унверситеттің еліміздің ғылымына қосқан үлесі қаржылай есептегенде 5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде коммерциялық бағыттағы, жас ғалымдардың, халықаралық мәндегі жобалардың жалпы саны 300-ден асады. Сонымен бірге мегаполистің дамуы, су, жерасты сулары, күн энергиясы тақырыбында біраз зерттеулерді қосуға болады. Ректордың айтуынша, жаңа мәртебе енді елімідің ғылым саласына жас ғалымдарды, білікті мамандарды лек-легімен шығаруға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Әсіресе жасанды интеллект ғылымын меңгерген мамандар шоғыры қалыптасады. Сондай-ақ оқу орны шетел­ді қосқанда 38 университетпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі таңда Әуезов университетінде 1,5 мың оқытушы құрамы болса, оның 300-ден астамы ғылым кандидаттары.

Ал Парламент Сенатының депутаты А.Қапбарова М.Әуезов атындағы ОҚУ еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең іргелі оқу орны болғандықтан, оған қосымша ұлттық университет мәртебесін беретін уақыт келді деген ойын білдіре кетті. Өйткені уиверситеттің тарихы терең, екіншіден, ғылым саласына қосқан үлесі мол, үшіншіден, алдағы уақытта ғылымды өрге сүйрейтін әлеуеті де жетеді. Сондықтан бұл шешім бойынша сенаторлар Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұстанымын, пікірін білуге дайын отыр. Сенат депутатының айтуынша, ғылымды дамытпай еліміз зияткер ұлт атана алмайды. Әлеуметтік, экономикалық, өндірістік саланы ілге­рі­ле­ту үшін бірінші кезекте оның ғылыми негіздемесі болуға тиіс. Тіпті кез келген реформада ғылыми зерттеулер жүр­­­­­гізілмей жаңғырту алға баспайды. Сол үшін салалар ең әуелі ғылыми тұрғыда зерделенуі керек. Сенатордың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жаңадан Ғылым туралы заң жобасы дайындалу үстінде.

Салтанатты басқосудағы құт­тық­таулар легінен соң Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь елде­рі­нің ұлттық университет ректорлары мен өкілдері ғылым саласын дамыту мен әріптестікті күшейту бағытындағы зерт­теу тұжырымдамаларын, ойларын ортаға салды. Жиын соңында сонау Нидерландтан келген ұлы жазушының неме­ресі Зира Әуезова өз құттықтауын жет­кізіп, аналық ақ тілегін арнады. Ал университеттің 80 жылдығына арнал­ған мерекелік жиын «Түркістан» сарайын­да­ оқу орнының жас өнерпаздары ұйым­дас­тырған концерттік іс-шараға ұласты.

 

ШЫМКЕНТ