Технология • 20 Қараша, 2023

Жұрттан жасырғанды жүйеден жасыра алмайсың

200 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықтың алаңсыз ұйқысын бағуда тәртіп сақшыларының таптырмас құралына айналған цифрлық технология көп. Әсіресе қаладағы құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті сақтауда көмекшіге айналған бейнебақылау камераларын «қаланың қырағы көзі» деуге болады. Жүріс-тұрысымызды қалт жібермейтін құрылғының қабілеті қандай деңгейде? Техниканың мүмкіндігі тұрғындардың қауіпсіздігіне қаншалықты жауап беруі мүмкін?

Жұрттан жасырғанды жүйеден жасыра алмайсың

Осыдан екі жыл бұрын Алма­ты­дағы қоғамдық көліктердің бі­­рінде танысымның ұялы телефо­ны қолды болды. Автобус ішіндегі бей­нежазбадан қылмыскерді тану мүмкін болмады ма, арыздың соңы әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді. Шыны керек, осы күні ұялы телефонын үптеп кеткендердің қолына кісен салынып, жәбірленушілер­дің материалдық шығыны өте­лгені жөніндегі факті некен-саяқ. Ал былтыр аяқ басқан жерде бейнебақылау камерасы орнатылған елорданың сол жағалауында көлігіме зақым келтіргендердің кім екені жұмбақ күйінде қалды. Себебі зәулім ғимараттың үстінен лақтырылған белгісіз зат сол жерде орнатылған бейнебақылау камерасына түспей қалған. Дәлел жоқ, кінәлі де жоқ. Міне, осындай олқылық бол­мас үшін техниканың уақыт та­ла­бына сай дамығаны, жүйенің жа­ңар­тылғаны жөн. Әсіресе қоғам тыныштығын сақтауда цифрлық құрылғыларға қажеттілік күн са­йын өсіп келеді. Себебі тәртіпке ба­ғынғысы келмейтіндерді жөнге сал­ған құрылғы қазір қылмыстан жал­тарып, жазадан құтылмақ бол­ғандардың қолына дер кезінде кісен салынуына да септігін тигізіп жатыр. Десе де әлгінде айтқандай, қыл­мыскердің қимылын қалт жі­бер­мейтін цифрлық құрылғыны сан соқ­тырып кетудің амалын та­уып, әре­кет еткісі келетіндер барын әсте ес­тен шығаруға болмайды.

 

Жоба жемісін беріп келеді

Ішкі істер министрлігі 2021 жы­лы құ­қықтық тәртіпті жә­не ел аза­мат­тарының заңды мүдде­ле­рін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында «Жаппай бейне­ба­қылау» жобасын бастады. Осы­лайша, әрбір қоғамдық орында, әлеу­меттік маңызды мекемелерде орнатылған техника тәртіпті түзеп, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл мақсаттың орындалуы бүгіннің өзінде белгілі бір нәтиже берге­­нін жоққа шығаруға болмас. Айта­­лық, осыған дейін тасжолды жа­­рыс алаңына айналдырып, ережені елең қылмайтын жүргізушілер­дің анағұрлым азайғанын көріп отырмыз. Статистика көрсеткендей, ақылды құрылғының арқасын­да ашылған іс пен іздеуде жүрген қыл­мыскердің қолына кісен са­лын­ғаны жөніндегі дерек те же­терлік.

Ішкі істер министрлігі Ақпа­рат­тандыру және байланыс де­пар­­таментінің бас маманы Бір­жан Өмірзақтың айтуынша, жыл басынан бері бейнебақылау ка­ме­раларының көмегімен 8 673 қыл­мыстық және 465 525 әкім­ші­лік құқық бұзушылық анық­талған. «Биыл елімізде 1 млн 247 мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның ішінде 237 мыңы полиция департаменттерінің жедел басқару орталықтарына қосылған. Яғни осынша камера біздің полиция бөліміндегі ке­зекші қызметкерлердің дер ке­зінде көшедегі тәртіп пен құқық бұзушылықты бақылауда ұстап отыруына мүмкіндік береді. Бұл бағытта жұмыс әлі де көп. Ал­дағы уақытта елдегі барлық бей­небақылау камерасын жедел бас­қару орталықтарына қо­су­ды мақ­сат тұтып отырмыз. Қа­зір­дің өзін­де жергілікті атқа­ру­шы органдар мен полиция депар­таменттерінің бірлескен жобасы жұ­мыс істеп жатыр», дейді Б.Өмірзақ.

Мәселен, биыл жергілікті ат­қа­рушы органдар криминогендік жағдайға талдау жасап, 16 363 бей­не­бақылау камерасын ор­нат­­қан. Ендігі жер­де полиция депар­таменттері жер­гілікті әкімдік­пен бірлесіп бей­небақылау камераларын орна­лас­тырудың атаулы бағдарламасын әзірлемек. ІІМ өкі­лінің айтуынша, бейне­бақылау камераларын есепке алу және қосу жұмыстары жалғаса береді. Министрліктің мә­ліметіне сенсек, қазір елдегі 100 тұр­ғын­ға 6 камера қызмет етсе, ал­дағы уақытта 100 тұрғынға 15 бейне­ба­қылау камерасын теңестіру басым бағытқа айналып отыр.

Құрылғыларды монтаждау, ор­на­ластыру, айырбастау жұмыс­тарынан бөлек, көрінбейтін ай­мақ­тардағы бейнебақылау каме­­расының көру қабілетін қам­та­масыз етуге ерекше ден қо­йы­лады. Мәселен, ағаштың қалқа­сында қал­ған камераларды дер кезінде ауыстыруға, ескірген құрылғыны цифрлық үлгіге айырбастауға да күн сайын көңіл бөлу маңызды.

«Бейнебақылау камераларының техникалық ерекшеліктері­не сәйкес талап қоямыз. Яғни заманауи талаптарға жауап бере­тін цифрлық камера орнату керек. Оның барлығы қаржыға бай­­ла­нысты екенін де ұмытпау қа­­жет. Дегенмен бұл жеке ұйым­да­­ғы тәртіп пен қылмыстың алдын алуда өте маңызды. Мы­са­лы, біздің жедел басқару орта­лық­­­тарына мемлекеттік мекеме­лер мен адам көп жүретін қо­ғам­дық орындардағы камералар қосылғанымен, сауда-ойын-сауық орталықтары, дүкен секіл­ді жеке ұйымдардың барлығы қо­сылмаған. Бірақ жеке ұйымдар кү­зет агенттіктеріне шығады. Олар өз кезегінде полиция қызмет­кер­леріне хабарлама береді», дейді Б.Өмірзақ.

 

Цифрлық құрылғы – сенімді серік

Бүгінде бейнебақылау камерасынан қылмысын жасырып, айласын асырғысы келетіндердің әрекетін жиі еститін болдық. Сол үшін құқық қорғау қызметкерлері фотобейнетіркеуден әлдеқайда тиімді болатын жүйені жүзеге асыруға көшті. Қарапайым халық үшін камераның барлығы қыра­ғы секілді көрінеді. Бірақ бүгінгі талапқа сай келетін бейнеса­раптау функциясының мүмкіндігі одан да көп.

Сенімді серігімізге айналған цифрлық құрылғыны адамдардың жеке өміріне қол сұғу деп сөге­тіндер де бар. Дегенмен Астана қаласы ПД Жедел басқару орта­лығының бөлім басшысы Лариса Чирва тұрғындар тарапынан арыздан гөрі ұсыныс-тілек көбірек түсетінін айтады. «Камера орнату қажеттігі туралы ұсыныспен шыға­тындар бар. Біз де өз тарапы­мыздан криминогендік жағ­дайды зерттеп, адам көп жүре­тін жерлерге камера орнатуға ба­сымдық береміз. Қазір қаладағы кез келген тұрғын үйдің ауласын­да камера орнатылады. Бұл аза­маттардың қауіпсіздігі мен түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға керек. Сондай-ақ құры­лыс жүріп жатқан аймақтарға да айрық­ша назар аударамыз. Бұл бо­йынша құрылыс компания­ларымен бірлескен меморандум бар. Қазір біздің жедел басқару орта­лығына 30 мыңнан астам камера қосылған. Оның көпшілігі бі­лім беру, денсаулық сақтау ұйым­дары, жертөлелер мен тұр­ғын үйдің кіреберістерінде орна­тылған. Осы арқылы біз қаланың әр бұрышында болып жатқан жағ­дай­ды бақылауға алып отырмыз», дейді ол.

Заманның ағымына сай техника өзгеріп жатыр. Қайнаған қала тіршілігіндегі кез келген қоз­­­­ға­лысты бақылауға алуға бұ­рын­­ғы құрылғылардың мүмкін­дігі жетпейді. Сондықтан кейін­гі жылдары тек жол қозғалы­сын ба­­қылайтын сары түсті камера­лар­ды «Сергек» секілді жаңа құрылғы ығыстырып жа­тыр. Мәселен, жүйе іске қосылған ­2017 жылдан бастап Астанада жол-­көлік оқиғаларынан қаза тапқандар ­саны 43%-ға азайған. Ал қоғам­­дық орындардағы қылмыс 67%-ға азайыпты.

Десе де автоматтандырылған жүйенің өзі де жаңарып отыруы керектігін айтқан Лариса Чир­ва: «Қазір қылмыскерлер қыл­­мы­сын жасыру үшін камераны ал­­да­ғысы келіп бағады. Жү­ру ба­ғы­­тынан жаңылдырып, бет-әл­петін жасыруға тырысады. Не бол­маса бейнебақылау камера ор­на­тылмаған жерлерді алдын ала зерттеп алады. Сол үшін біз құ­рылғылардың жұмыс істеу тә­сі­­ліне жаңа бағдарламаларды ен­гізіп отырамыз. Мы­салы, қазір жарқырайтын қабілет­ке ие камералар шығып жатыр. Одан бө­лек бейнеталдау функциясы бар құрылғыға қажеттілік басым. Көп жағдайда қылмыс­кер сырт­қы киімін ауыстырып, ка­ме­­раны ал­дағысы келеді. Алайда біз­дің операторлар камера арқылы қыл­мыскердің іс-әрекетіне талдау жа­сайды. Қазір әрбір автобус аялдамасында камера бар. Ол жердегі күмәнді жолаушылардың әре­ке­ті жедел басқару орталығын­да­ғы камерада көрініп тұрады. Осы тұр­ғы­дан алғанда фотобейнеталдау функ­циясы – құқық бұзушылық пен ­қыл­мысты нақты дәлдікпен көр­сету­де таптырмас құрал», дейді.

Кейбіреулер камераның қы­рағы көзінен жасырынып, «Сер­гек» секілді құ­рылғыдан қулы­ғын асырып ке­те­тін секілді көріне­ді. Алайда қыл­мыскердің қулығы ғана емес, камераның қабілеті де қарыштап дамып жатыр. Сырт­қы пішінді өзгертіп, көзілдірік­пен көзін көле­гейлеп, бетпердемен бет әлпе­тін жасырғанымен, фотобейнетал­дау жүйесі іздеудегі адаммен ұқ­сас­тықты оңай таба алады. Қа­ла үлкейіп, халықтың саны арт­қан сайын ақылды құрыл­ғы адам өмірі үшін де ауадай қа­жет екенін аңғарасың. Әлемдік ға­лымдардың өзі бақылау каме­ра­ларының көптігін адамзат қа­уіп­сіздігінің кепілі деп түсін­ді­ре­ді. Өйткені «ауырып ем ізде­ген­ше, ауырмаудың жолын іздеген­нің» дұрыс екенін аңғарсақ, қыл­мыскерді құрықтаудан бұрын құ­қық бұзушылықтың алдын алып, ха­лықтың алаңсыз ұйқысын қам­тамасыз ету әлдеқайда оң шешім болары анық.