
«Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деді Президент Ұлттық құрылтайда. Енді, міне, Президент бастамасы іске асырылып, құнды жәдігер кесенеге қойылды.
Құран кітапты Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-шарасына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары, зиялы қауым қатысты. «Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық», деді облыс әкімі. Ал Наурызбай қажы Тағанұлы құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын, Марал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екенін айтып өтті. «Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан бабамыз кім дегенде, біз оны тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға ретінде тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құнды мұраны хандар мен билер, сұлтандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние», деді бас мүфти. Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та жәдігердің маңызына тоқталды.
Рухани іс-шарада ғұлама қарилар Құран хатым түсірді. Бас мүфти Құран кітапты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы дайындалған сөреге орнатылды. Екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар. Отандық және шетелдік ғалымдар мұқият зерттеп, Құранның Марал ишанға тиесілі болғанын және Кенесары ханға берілгенін анықтаған.
ТҮРКІСТАН