Экономика • 20 Қараша, 2023

Елорда мектептерінде ыстық тамақ қымбаттайды

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана мектептеріндегі балаларды тамақтандыру құны 700 теңгеге дейін өседі. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда мектептерінде ыстық тамақ қымбаттайды

Әкіммен кездесу барысында кәсіпкерлердің бірі Анастасия Захаренкова қала мектептерінде бір балаға бөлінетін тамақтың құнын көтеру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сома қосылған құн салығын қосқанда 584 теңгені құрайды.

«Бұл сома өнім жиынтығының құнын әрең жабады, жеткізушілердің пайдалану шығындары мен жалақысы есепке алынбайды. Алтай Көлгіновпен өткен жылы кездесуде бұл мәселе қайта-қайта көтерілген еді... Астана қаласының Білім басқармасы 2020 жылы азық-түліктің мөлшері шамамен 684 теңге болуы керек деп ресми жауапта хабарлаған болатын. Баға қашан тұрақталады? Мұндай бағамен сапалы азық-түлікті талап ету мүмкін емес», дейді ол.

Бұған жауап ретінде Жеңіс Қасымбек әкімдіктің мәслихатқа тиісті құжаттарын әзірлеп жатқанын, азық-түлік бағасын 700 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отырғанын айтты.

«Біз бұл өсімді бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде 700 теңгеге дейін көтереміз. Қалада бір ғана бюджет бар екенін түсініңіз. Бұл өте маңызды сұрақ. Оған қоса балабақшалар мен мектеп салу да маңызды мәселе. Сондай-ақ жылу мен су беру керек. Осының барлығына бір ғана бюджет қарастырылған. Сондықтан мәселенің бір жағын жапсақ екінші мәселе туындап отыр. Сіз бізді түсінуіңіз керек. Бір балаға шамамен ыстық тамақ құны 700 теңге болады деп сөз беремін», деп түйіндеді сөзін қала әкімі.