Әдебиет • 13 Қараша, 2023

Көркем шығарма қалай жазылады?

2227 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазушы көркем шығармасын қалай жазады? Оған көп мысал келтіруге болады. Айталық, бір қаламгер балалық шағында өз басынан өткен оқиғаны әдеби туындыға айналдырса, екінші суреткер өмірден көргенінен ой түйеді немесе әлдебіреуден естіген әңгімесін көркем дүние етіп ұсынады. Қысқасы, «өмірдің өзінен» ойып алынған шығарма шынайылығымен тартымды. Бірақ қазақ қаламгерлері көркем туындыларының жазылу тарихына көп тоқталмайды. Айта да қоймайды. Арагідік газет-журналға берген сұхбаттарында ептеп қана сыр ашады. Егер жазушылар жазған шығармасы туралы оқырманмен ой бөлісіп отырса, біраз қазынаға кенелер едік. Солай емес пе?

Көркем шығарма қалай жазылады?

Мәселен, көрнекті суреткер Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» атты ғажайып повесі бар. Бұл туындының жарыққа шыққанына біраз жыл өтсе де, оқырман әлі де іздеп оқиды. Шығармадағы Лезбай, Ұмсындық, Қарғабек, Дабыр, Адыр секілді кейіпкерлер бейнесі де жүрекке ыстық. Әсіресе Марғау деген иттің иесіне деген жанашырлығын қалай ұмытасыз. Осы повестің жазылуына қандай оқиға түрткі болды, оны жазушы бір сұхбатында өзі айтып кетіпті.

«Бірде жолым түсіп, Алматы облысы­ның Кеген ауданына бардым. Кездескен адам­дардың бірі ит туралы маған мынадай бір қызық оқи­ғаны айтып бергені: күзде қой отарлары таудан қыстауға қарай көшкенде бір шопанның иті жоғалып кетіпті. Әрі іздеп, бері іздеп, шақыра-шақыра таппаған соң, қасқыр жедіге жорыпты да, ол байғұс көшіп кете берген. Қыс өтеді. Келер көктемде әлгі шопан бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, былтырғы қой жусатып, демалған бір жерінен иті шыға келіпті. Өкпелегені сондайлық, шақырса кел­мейді. Жақындаса, үреді де шегіне береді. Бұған не болған деп бақса, шопан иті көшкен жұртта ұмыт қалған ескі тонды күзетіп қысты өткізіпті... Жазылар повестің кілті осы оқиға­дан кейін табылды. Адам арасындағы күрделі де қиын, қат-қабат қатынастар, адалдық пен арамдық, зұлымдық пен зорлық, өтірік көлгір­су – міне, мұның бәрі де ит көзімен, ит түйсігі арқылы беріледі. Шындап келгенде, бұл әдеби әдіс ғана», депті сөз зергері.

Өмірден ерте озған талантты жазушы Жақ­сылық Түменбаевтың жылы шуаққа толы лири­калық прозасын көзіқарақты қауым жақсы біледі. Қабырғалы қаламгердің өткен ғасырдың 80-жылдары жазған «Ауыл мен Алматының арасында» атты хикаятын оқыған боларсыз. Мұнда Балмейрам атты кейуананың қалада тұратын баласының шақыруымен немересін бағуға келгенде алған әсері нәзік сезіммен баяндалған. Ал осы туындының жазылуына жазушыға қаламдасының бір күліп қана қоятын оқиғасы себеп болған.

 «Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов ауыз­екі күлдіргі әңгімеге шебер. Әлдебіреулердің, әсіресе ауыл адамдардың мінезіндегі күлкілі жағдайларды байқағыш. Сол бірде маған өзіне жақын бір үлкен кісінің қылығын айтып берді. Ауылдан Алматыға қызының үйіне қыды­рып келеді ғой әлгі кісі. Күйеу баласы шала әкім бір жігіт екен. Кешкі астың үстінде қарт Алматыдағы ағайындарын сұрастыра ­бастайды. «Бәленшеге хабарласып тұрсың ба?», дейді күйеу баласына.

– Жоқ.

– Е, неге?

– Немене, соған күнім қарап қалып па? – деп кіржің ете түседі күйеу жігіт.

Қарт тағы бір танысын сұрайды. Күйеу баласы одан да хабарсыз екен.

– Шырағым-ау, үлкен кісі, ағайынның аман­дығын біліп тұрмайсың ба? – дейді.

– Оның маған не керегі бар, – деп тағы кіржің ете түсіпті.

Қысқасы, қарттың сұрастырған адамының бәрі жігітке керек болмай шығады. Ол тас-тал­қан ашуланып, ертеңіне Тынымбайдың үйіне келіпті. «Апыр-ау, бұл итке сонда керегі кім болды екен?», деп үлкен кісі таң-тамаша қалып, тоқырап отырыпты. Естіген әңгімемнің бары осы. Бір күлетін де қоятын нәрсе. Бірақ бұл менің көкейімде бұрыннан жүрген көп ойға қозғау салып кетті. Танысқа, жолдасқа, ағайынға, тіпті туған анасының өзіне тек қана тұтынушылық, пайдакүнемдік көзқараспен қарайтын талай таныстарым түсті есіме. Солармен қатар ауылымның аңқылдаған адамдарын еске алдым. Арасы қаншалықты алшақ жатыр. Тіпті бір анадан туып, қызметтің ыңғайына қарай бірі қалада, бірі ауылда тұрып жатқан ағайынды екі адамның мінезі мен құлқындағы айырмашылық қанша десеңізші!», деп жазыпты ертеректе жазған шығармашылығы туралы бір мақаласында.

Ал белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы­ның 60-жылдары жазылған «Соңғы шабыс» деген тамаша әңгімесін оқығанда қазақ ерекше қадірлейтін жылқының текті қасиетіне таңғалып, бас иесіз. Бұл әңгіме де кәдімгі өмірде болған оқиғадан алынған.

«Бала кезімде үш ұжымшардың біріккен тойы болып, соған 25 шақырымдық аламан бәйге өтетін болды. Мені айдаушыға жіберді. Астыма мінгенім әкемнің қой торысы еді. Содан астымдағы қой торым ат шығатын көмбеге жеткенше желігіп отырды. Бұрын аяғын баспайтын еді. Мен бұған не болды деп таңғалып қоямын. Біресе артқа тұра шауып, 40 қадамнан кейін қайта кейін оралады. Шұлғиды. Жер тарпиды. Құмалақтайды. Сөйтіп, қайтарда бәйгеге қосылып кетті. Сол жолы қой торы шауып келе жатқандай емес, жүзіп келе жатқандай көрінді маған. Көмбеге келіп өлді. Кейін білсем, Шіліктіден шыққан бір атбегі бұны құлын күнінде есік пен төрдей жуан атқа айырбастап алған екен. Сол кісі есік алдында жүрген жетім құлынның желқанат жүйрік екенін таныпты. Содан бәйгеге қосып, тайында, құнанында Өскеменде бәйгенің алдын бермепті. Келер жылында бәйгеге келгенде, Өскемендегі чешендердің көреген атбегісі танып қойып, тізесінен темірмен ұрып шөкелетіп кетіпті. Кейін кемтар болып қой торыға айналып, қойшыдан-қойшыға өтіп, менің әкемнің қолына жеткен екен. Сөйтіп, 26 жасында бойындағы дарынын, қасиетін өлер алдында бір көрсетіп кетуді көксепті жануар. Соған жетіп өлді. Адам да өстіп өліп кететін болса, арман болмас еді», дейді автор.

Көркем шығарманың жазылу тарихына үңілген мақаламызда үш жазушыға ғана тоқталдық. Әйтпесе осы тақырыпты індете берсек, басқа да қаламгерлердің туындыларынан көп мысал келтіруге болады. Бірақ оны келесіге қалдырайық.