Руханият • 12 Қараша, 2023

Торғайдың топжарғаны

201 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Оң-солымды танып қалған бала күнім. Бірде әжеме еріп, ауылдағы тойға бардым. Жадыраған жаз. Үлкендерге деп үй ауласына алты қанат ақ боз үй тігіпті. Әжем екеуміз сол үйге кірдік. Төрде тізіліп отырған қариялар ел ішіндегі өткен-кеткен оқиғаларды айтып, әңгімені қыздыра түсті. Сол қызу әңгімемен ет желінді, шай ішілді. Ақсақалдар қызылкүрең қою шайға қанып алғаннан кейін күлдіргі әңгіме айтып, бір-бірін қажай бастады.

Торғайдың топжарғаны

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сол кезде Есімсейіт қарт есік жақ­та отырған Жақсылық ағаға қа­рап, «Әй, Жақсылық, жұрт сені жыр­шы деп айтады, бүгінгі тойда, сол өне­ріңді көрсетші, кәне, шыр­қап жібер», деп манадан бері ақ тер, көк тер болып, қонақтарға су құйып, ет турап, қызмет істеп жүр­ген інісіне қолқа салды. Ол кісі болса, «Иә, иә, Есеке бір сөзің ғой», деп мол­дасоқынып, мығым отырып алды да, бір ұзақ жыр­ды домбырасыз қоңыр дауы­сымен бастап кетті. Жаздың ты­мық түні. Киіз үйдің түндігінен жұл­дыздар жы­мыңдайды. Іргеден самал жел сау­­лайды. Манадан бергі кү­бір-күбір әңгіме сап тыйылған. Құ­лақ­қа ұрған танадай тыныштық ор­наған. Жақаңның әуезді дауысы отыр­ғандарды бірден толқындай үйі­ріп әкетті. Дастанның мақамы да өзгеше. Бәрі де айрандай ұйып қал­ған. Біраздан кейін жыр да аяқта­лып, жиналғандар оған құмары қанба­ған­дай, әлі де айта түссе дегендей бол­ды. Соны сезді ме, Шайқыстан ақса­қал жұмсақ дауысымен ақырын сөз бас­та­ды: «Бұл атақты Нұрханның «Қар­ға» дастаны ғой. Пай, пай не де­ген жыр, не деген теңеу? Сөз деген сар­қырап ағып жатқан бұлақ секілді. Жақсылық інім жарадың, жырға шөл­деп жүр едік, көңілімізді көте­ріп, құ­лақ құрышымызды қандырдың» деп, дән риза болып, інісіне ілтипа­тын жеткізді. Нұрхан ақынның есімін бала күнімде алғаш осылай есті­дім. Содан бері де доптай дөңгелеп біраз жыл өтті. Осындағы сөз болған аталарымның бәрі бұл күнде жоқ. Нұрханның жырын төгілтіп айтқан Жақсылық аға да о дүниелік болға­лы қашан. Бірақ менің есімде сол күнгі той, сондағы ғажап көрініс, кеше болған секілді көкірегімде әлі сайрап тұр.

Қарт Торғайдың тамыры терең тарихын сол өлкеде туған текті тұлға­лар жасағаны белгілі. Уақ Жұмабайдан басталған Торғай ақындық мектебі – Сейдахмет, Әбіқай, Есенжол, Құба­ша, Күдері секілді азуын айға білеген жыр жүйріктерімен жалғасын тауып, өткен ғасырда оны Нұржан, Ахметқан, Файзолла, Әлмағамбет, Омар, Сәт, Құтжан ақындар одан әрі биікке көтерді. Осы мектептің көрнекті өкілінің бірі – Қазақстан­ның халық ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрхан Ахметбеков. Арқалы ақын он жасында әкеден, он екі жасында шешеден айырылып, жетімдіктің қамытын мойнына ерте киді. Ауыл молдасынан сабақ алып, хат таныды. Бала күнінен ән салып, күй шертті. Таңды-таңға ұрып, қисса-дастан айтатын жыршы атанды. Он үш жасында ақындығымен аты шықты. Нұрханға ақындық анасы Әбіштен дарыған дейді. Ол кісі қара сөзге шебер, айтыста ешкімнен жеңіліп көр­меген азулы ақын болған. Кезінде Торғайға Басықараның Қанапиясы алыстан ат арытып келіп, Әбіш қыз­бен айтысыпты. Егер осы айтыста оны жеңсем, соған үйленемін деген үміті болыпты. Бірақ сөз сайысында атақты ақын Әбіш қыздан жеңілгенін мойындап, кешірім сұрапты.

Нұрхан Ахметбеков қазақтың жаз­ба поэзиясын классикалық шы­ғыс үлгісімен жазылған шұрайлы шығармаларымен жаңаша байытқан ақын. Оның дастандарындағы, өлең-толғауларындағы айшықты өрнегі мен қорғасындай құйылып түскен көркемдігіне таңғаласыз. «Мың бір түн» ертегісінің желісімен өрген «Қа­марлы заман», «Албан Жұпар ханым», сондай-ақ тарихи оқиғаларды баяндаған «Есім сері», «Қарға» және 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азат­­тық көтерілісінің бас сардарының ер­лік жолын толғаған «Амангелді» атты сүйекті туындыларындағы оқиға­ның тартымдылығы, сөз саздылы­ғы, шеберлігі, шынайылығы оқырман­ды жіпсіз байлап тастайды. Атал­ған шығармаларды жұртшылық әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Қы­лышынан қан тамған кеңестік ке­зеңнің қаһарынан қорықпай, отызыншы жылдардағы алапат аштық­тың шындығын «Күләндам» дастаны ар­қылы көркем баяндады. Бұл туын­ды алғаш жазылғанда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұста­фин секілді әдебиет алыптары оқып, жоғары бағалаған. Бірақ сол кез­дегі жағдайға байланысты аталған туынды елу жылдан аса қолжазба күйінде жатып, 1987 жылы ғалым Сапабек Әсіптің ұсынуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Ал Кенесары мен Наурызбайдың көтерілісін қолдап жазған «Жасауыл қырғыны» дастанының жөні мүл­де бөлек. Ұлт тәуелсіздігі жолында құр­­бан болған қос асыл ердің ер­лі­гін жырлағаны үшін біраз қуғын көреді. Содан құтылу үшін дастанды сол кездегі идеологияға икемдеп, қай­та­дан жазды. Бүгінде ақынның баспа бетін көрген туындылары ғылыми айналымға енген. Ол туралы бірқатар әдеби, ғылыми еңбек жазылды. Бел­гілі қаламгер, ғалым Сапабек Әсіп Н.Ахметбеков шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады.

Сондай-ақ Нұрхан атамыз бала күнінен айтысқа түсіп, жер тар­пы­ған тұлпардай талай ақынды шаң қап­тырған. Өткен ғасырдың 40-50-жылдары республикалық айтыстарда Иса Байзақов, Молдахмет Тырбиев, Сәт Есенбаев секілді халық ақындары­­­мен сахнада сөз қағыстырып, «Тор­ғай­дың топжарғаны» атанды. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қаты­сып, сондағы Үлкен театр сахна­сын­да мәскеуліктерге жырдан шашу шашты. Оның сыртында талантты тұлға туған өңірінің өнерін дамы­туға да зор үлес қосты. 1936-1946 жылдары Торғайда колхоз-совхоз театрын ұйымдастырып, соның алғашқы ди­рек­торы болды. Елдегі өнерлі жан­дарды топтастырып, халыққа «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Ке­бек», «Ақан Сері – Ақтоқты», «Маза­сыз мейман», «Жалбыр» тағы басқа күрделі қойылымдарды сахналап, соның негізгі рөлдерін өзі ойнады.

Ақынның ұрпақтары да ата даң­қына сай болғанын айта кетейік. Тұң­ғышы Тұңғышбай Екінші дү­ние­жүзілік соғысқа кетіп, содан алған жа­рақатынан елге келіп, қайтыс болады. Әскери ұшқыш болған. Екінші ұлы – Мәлікзада да әке жолын қуып, өнерге жақын болып өсті. Жасынан ақындығымен, домбырашылығы­мен, әншілігімен көзге түсті. Бір өкініш­тісі, жасындай жарқыраған абзал аза­мат өмірден ерте озды. Біз осы мақа­ланы жазу барысында ақын­ның неме­ресі, Астанадағы Еуразия гуманитар­лық институты жоғары колледжінің педагогика бөлімінің мең­герушісі Ғай­неш Мәлікзада­қы­зы Ахметбекова­мен жолығып, атасы мен әкесі туралы айтқан естеліктеріне қанықтық.

 – Әкем 1970 жылы 41 жасын­да өмірден өтті. Ол кісіден сегіз бала бармыз. Қазір бәріміз де ержетіп, бір-бір үйдің иесіміз. Марқұм әкем «сегіз қырлы, бір сырлы» жан еді. Домбырамен ән салып, күй тартатын. Айтысқа да қатысқан. Туған елінде түрлі қызметтерді атқарды. Мектеп директоры, аудандық пар­тия комитетінің нұсқаушысы, аудан­дық мәдениет бөлімінің меңгеру­шісі, сондай-ақ сол кездегі Қоста­най облыстық «Коммунизм жолы» газетінің меншікті тілшісі болды. Әкем дүниеден озғанда үлкен ағам Тойғанбол 10-сыныпты енді бітіріп жатқан еді. Осы ағам кішкентай күнінен Нұрхан атамның бауырында өсіп, сол кісінің баласы атанған. Сондықтан ағам атам туралы көптеген деректі, ел ішіндегі әңгімелерді жақсы біледі. Анамнан да атам туралы көп әңгіме естідім. Мә­селен, атамның әруақты адам еке­нін, оның пірі болғанын, кейде дом­бырасының өзінен-өзі күмбірлеп, күй ойнайтынын айтатын. Кейін Сейіт­баттал есімді кіші інім есейіп, атамның аспабын қолына алғаннан кейін домбыраның өзінен-өзі да­уыс шығаруы сап тиылды. Атамның ұрпақтары арасында Сейітбаттал інім екеуміз ғана домбыра тартып, ән саламыз. Кіші сіңлім Райхан қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Ол атам шығармаларын үнемі насихаттап, іс-шаралар ұйымдастырып жүреді. Қазір шөберелері де атамның жырларын жатқа айтады, – деді ол.

Ғайнеш Мәлікзадақызының айтуынша, ақын шығармаларын төте жазумен жазған. Сол туындыларының біразын кезінде Мәлікзада аударған. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін кейбір шығармалары аударылмай қалған. Қазір қолжазбалар Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы ақын музейінде тұр. Нұрхан атамыздың алпыс жылдығы көзі тірісінде туған елінде аталып өтілді. Сонда ауыр дерт­тен тіл-аузы байланған ақынның ақырғы «Соңғы сөз» деген өлеңін баласы Мәлікзада жиналған қауымға оқып берген. Белгілі қаламгер, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының құ­растыруымен 2010 жылы соңғы рет екі кітабы оқырманға жол тартты. Бұл жинаққа ақынның өмір жолына қатысты тың деректер, фотосуреттер енген. Кітаптың жарық көруіне Ермек Ахметбеков демеушілік жасаған.

«Атамның мемориалды музейі 1983 жылы 80 жылдығына орай ашылды. Музейдің бір жағы үй. Қа­зір сол қарашаңырақта Сейітбаттал інім тұрады. Музейдің барлық ша­р­уа­шылығын өзіміз қараймыз. Осы­дан 7-8 жыл бұрын атамның ұр­пақ­тары жиналып, өз қаржымызға күр­делі жөндеу жүргіздік. Биыл тағы атам­ның 120 жылдық мерейтойына бай­­ланысты музейге ішінара өзге­ріс енгізіп, жаңаладық. Өкінішке қа­­рай, жергілікті әкімдік тарапынан еш­­қандай көмек, қаржы болған жоқ. Бұл музейді анам Тұрағал өз қолымен жа­сақтап, оған атамның барлық тұ­тынған заттарын қойды. Қазір музей­де ақынның өзі ұстаған домбырасы, қол­жазбалары, жеке құжаттары, қа­лам­сабы, хаттары сақталған», деді ақын немересі.

Нұрхан ақын туралы айтқанда, оның құрдасы, досы, шешен, ән­ші, ақын, домбырашы, айтқыш, шежіреші, қысқасы, бір басына сан түрлі өнер тоғысқан Ахметқан Әбі­қайұлына соқпай кете алмаймыз. Торғайда ғұмыр кешкен осы екі тар­лан тұлғаның өмірі мен өнері аңызға толы. Ел ішінде мынадай сөз бар. «Ахметқанды үш күн көрмесем сағынамын» депті Нұрхан ақын. «Неге?» деген сұраққа: «Әңгімені ондай жеткізіп айтатын адам қайда?» дейді екен. «Ахметқан қасымда үш күн отырса, қашып құтыла алмаймын» дейді екен тағы да. «Неге?» деген сұраққа, «Ахметқан әңгіме айт­қанда ұйықтамайды, тамақ ішпейді, демалмайды, бізді де солай шаршатады», деп жауап беріпті. Нұрхан атамыз үзеңгілес серігін осылай баға­лапты. Ахметқан да көзі тірісінде қимас досы туралы кейінгі ұрпаққа біраз естелік қалдырған.

Нұрхан Ахметбековтің биылғы 120 жылдық мерейтойы аясында біраз іс-шара атқарылды. Арқалық қала­сында мектеп оқушылары ара­сын­да облыстық айтыс өтті. Одан ке­йін жасы үлкен ақындардың қатысуы­­мен аймақтық айтыс ұйымдастырыл­­ды. Қостанай қаласындағы Л.Н.Тол­стой атындағы облыстық әмбебап ғы­лы­ми кітапханасында «Торғайдың топ­­жарғаны» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, оған қатысушылар ақын туралы естелік айтып, жыр-тол­­ғауларын орындады. Осы тойдың түйі­ні қарашаның 10-11 күндері Тор­ғай­да өткен ақынның 120 жылдық мерей­тойына арналған мазмұнды іс-ша­рамен қорытындыланды.

Ардақты тұлғаның ақындық жолы өзінен кейін Торғай топырағында туған ақындарға үлгі болды. Қазақ әдебиетінің классиктері Сырбай Мәу­ленов пен Ғафу Қайырбеков онымен жақын араласып, ағалы-інілі­дей сыйласты. Шәміл Мұхамеджанов, Назар­бек Бектемісов, Серік Тұрғын­бек­ұлы, Серікбай Оспан, Кеңшілік Мырзабекұлы, Бақыткерей Ысқақов се­кілді айтулы ақындар оның шығар­машылығынан нәр алды. Қазақ­стан­ның халық ақыны Қонысбай Әбіл Нұрханды пір тұтып, ұстаз санады. Ба­ласына ақынның есімін берді.