Шымкент • 13 Қараша, 2023

Қауіпсіздік ережесі адам тағдырынан басталады

156 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қара күздің келуімен Шымкентте төтенше жағдай қызметінің жұмысы күшейеді. Өйткені тұрғындар тарапынан ыстан уланып қалу қаупі жоғарылайды. Газ қондырғысы да осындай кезде қауіптің көзіне айналады. Солардың алдын алу үшін төтенше жағдай қызметі халықты құлақтандырып, профилактикалық жұмыстарға белсене араласып жатыр.

Қауіпсіздік ережесі адам тағдырынан басталады

Осы орайда Төтенше жағ­дайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы тұрғындарды жылыту пешін қолданғанда мейлінше сақ бо­луға шақырып отыр. Кешегі Ынтымақ-1 шағын ауданында орын алған қайғылы жағдай да қауіпсіздік шарасының маңызын одан сайын арттыра түсті. Ес­теріңізге сала кетсек, жуырда аталған шағын ауданда бүтін бір отбасы табиғи газдан уланып көз жұмған еді.

Департамент өкілінің айтуын­ша, немқұрайдылықтың сал­дарынан жыл сайын жеке тұр­ғын үй секторларынан, мекемелерден, көпқабатты үйлерден өрт шығу деректері жиілеп барады. Олардың саны жыл сайы­н артып бара жатқанын ресми ста­тистика да растап отыр. Осы ретте маман өрттің негізгі шығу себебін атап өтті. Бұл кө­бі­не­се электр желілерінің қысқа тұйық­талуынан болып жатады. Ал оның басты кінәраты – монтаждау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі. Үйдің электр жүйесін тексеріп, дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізбесе де қысқа тұйықталу орын алады. Себебі жылыту пештерінің электр көзіне жал­ғанғанда сымдарға ауырлығы ар­тады. Соның салдарынан желілер қысқа тұйықталып, от шығып кетеді. Сол үшін маман уақытында тексеріп, жөндеу жұмыстарына көңіл бөліп, монтаж жасатқанда білікті кәсіби шеберге жүгіну керектігін ескертеді. Өрттің шығуының екінші себебі – балалардың сіріңкемен ойнауы немесе темекі тұқылын сөн­дірмей тастай салу. Әсіресе бал­коннан темекі шегіп, төмен қарай лақтыра салатындар бар. Бірақ темекі тұқылы төмендегі балконға түсіп, сол жерде өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.

«Өрттің пайда болуына үш жағдай түрткі болады. Оның біріншісі – жану көзі. Оған электр желілерінің қысқа тұйықталуы, сіріңке тағы басқалар жатады. Екіншісі – жанатын орта. Бұған темекі тұқылы түскен балконды жатқызуға болады. Үшіншісі – ауа райы. Өрт орын алмау үшін осы үш тізбектің біреуін үз­уіміз керек. Яғни егер қысқа тұ­йықталу бол­маса демек өрт бол­майды. Немесе үйде жанатын материал­дар аз болса, «тілсіз жау» да бүкіл үйді шарпи алмайды. Жыл басынан бері өртке қатысты 180 оқиға тіркелген. Негізінен бұл жерде адамдардың өзі кінәлі. Биыл кәсіпкерлік нысан­дары да отқа оранды. Ұжым­дық жа­уапкершілік, қауіп­сіздік болмаса осындай қайғылы жағ­дайлар орын алады. Ата-аналар балаларымен қауіпсіздік ережелері туралы көп әңгімелесуі керек. Балалар құтқарушы қызметтердің нөмірлерін жатқа білуге тиіс. Департамент жыл басынан бері алдын алу іс-шарасы бойынша көптеген кездесу өткізді. Онда халыққа қауіпсіздік шарасын сақтау туралы ережелер барынша түсіндірілді», деді Еркін Отарғалымұлы.

Департамент әлеуметтік жағ­дайы төмен 2 005 отбасын өз бақылауына алған. Себебі оларда кейде жөндеу жұмыстарына, қондырғыларды сапалы орнатуға, басқа да қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге қаражаттары жетпей қалуы мүмкін. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметі 80 үйге улы газды анықтайтын ар­найы датчикті тегін орнатып берді.

Маманның айтуынша, әсіресе газ қазандықтарын өз бетімен қоятындар бар. Қазандықтан тарайтын улы газды сыртқа шы­ғаратын құбырларға мән бер­мейді. Көмірмен жағылатын пештің де мұржасын, құдықтарын жыл сайын күйеден тазалап тұру қажеттігін ескертті. Шымкент қаласында елді мекендерді түгел газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен 10 мыңнан аса үй әлі де қыста көмір жағады. Сондықтан көмірқышқыл газына уланып қалу қаупі жылыту маусымында еселене түседі. Ал қайғылы жағдайды болдырмаудың жалғыз жолы – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Әсіресе ер кісілер үйдің отағасы болғандықтан, отбасының қауіпсіздігіне бі­рін­ші кезекте солар жауапты. Сон­­дықтан газ қондырғысы мен пештердің дұрыс жұмыс істеуіне, құбырларының тазалығына, желдеткіштер мен дабыл қаққыш датчиктердің болуына баса мән беруі қажет.

Сондай-ақ төтенше жағ­дай қызметі өкілінің айтуын­ша, қала әкімдігінің қол­да­уы­мен департаменттің мате­риалдық-техникалық базасы 90% жаңартылған. 2021-2025 жыл­дарға арналған мегаполисті дамыту жоспарына сәйкес қо­сымша 14 техниканы сатып алу көзделіп отыр. Сонда 2025 жылға қарай департаменттің қажетті тех­никамен жабдықталуы 100%-ды құрайды. Департамент ке­лесі жылы дрондар сатып алу­ды жоспарына енгізген. Тө­теншеліктерге мегаполисте құ­рылған 21 азаматтық қорғау қызметі көмек көрсетеді.

«Бүгінгі таңда құрылыс ны­санын саларда жобалық-сме­талық құжаттамасын төтенше жағдайлар департаментімен алдын ала келіспейді. Сонымен бірге департамент өкілдері құ­рылысы біткен нысанды қа­б­ылдап алатын комиссия құ­рамынан да шығарылған. Осының барлығы жаңа ғимараттарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына кері әсерін тигізіп жатқаны рас. Мәселен, биыл 550 нысан тексерілді. Ешқайсысының да өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтіні анықталған. Департамент орын алған кем­шіліктерді жоюға нұсқама береді, талап орындалмаса, сотқа арыз түсіреді. Дегенмен жүйедегі кем­шіліктерді жоюға күш салы­нып жатыр. Соның бірі арнайы заң жобасы қаралу үстінде. Бұл бойынша әлеуметтік, ха­лық көп шоғырланатын, 10 қабаттан жо­ғары үйлерді салу­ға байланысты жобалық-сме­талық құжаттамалар бұдан бы­лай департаментпен алдын ала мақұлданады. Көп қа­батты үйлерге орнатылатын өрт қа­уіпсіздігі жабдықтарын кү­тіп-ұстау кондоминиум, яғни мү­лік иелері бірлестігінің жауап­кершілігіне жүктелуге тиіс», деді азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы.

Департамент өкілінің хабарлауынша, мегаполисте 9 өрт сөндіру бөлімі бар. Алайда қа­ланы өрт сөндіру бригадасы­мен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін бөлім саны 22 болу керек. Бұл талап қала әкімдігі та­рапынан біртіндеп орындалып келеді. Мә­селен, биыл 2 өрт сөндіру бөлімі қолданысқа бе­рілсе, келесі жылы тағы еке­уінің құрылыс жобасы дайындалады. Жалпы, 2030 жылға дейін меже толық орындалып бітуге тиіс.

 

 ШЫМКЕНТ