Шахмат • 13 Қараша, 2023

«Шахмат керуенінің» жүлдегерлері

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің түкпір-түкпірін аралаған «Шахмат керуені» жобасы Түркістанда түйінделді. «Rixos Grand Ballroom» залында өткен «Шахмат керуені» республикалық жобасының гранд-финалында 20 қалада өткен блиц-турнирден іріктеліп шыққан 60 әуесқой шахматшы сынға түсті.

«Шахмат керуенінің» жүлдегерлері

Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты – шахматты ел арасында кеңінен насихаттау. Гранд-финалдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға сәттілік тілеп, ыстық ықыласын жеткізді. Осы жоба нәтижесінде қоғамда шахматқа деген сұраныс артқанын, ал Түркістан өңірінде қазір 3 мыңнан аса бала шахматпен айналысатынын атап өтті.

Иә, қыркүйектің 10-ы күні Астанадан шыққан автокеруен сахна мен арнайы «шахмат» киіз үйі бар жүк көлігімен бірге 14 мың шақырымнан аса жол жүрді. Федерация мәліметіне жүгінсек, чемпионат барысында жалпы 1 800 партия ойналып, 400 шахматшы 60 күн бойы жартылай финалда өзара бақ сынасқан. Жоба аясында әр облыста федерацияның филиалдары ашылып, жаңа төрағалар тағайындалды. «Шахмат керуені» – үлкен армандар орындалатын мекен. Мұнда жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайы мен шыққан жеріне қарамастан, әрбір талантты адам өз отандастарының ортасында чемпион бола алады. Соңғы бірнеше айдың ішінде біз бұл жобаның кезекті турнирлерден әлдеқайда маңызды екенін түсіндік. Соның арқасында ел интеллектуалдарын бір арнаға тоғыстыра алдық», деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Жалпы, жүлде қоры 16 млн теңгені құрайтын, ел тарихындағы алғашқы жоба «Freedom Broker» бас серіктесінің қол­дауымен жүзеге асып отыр.

«Статистика бойынша шахматтан тәжірибесі бар адамдар қор нарығында жоғары нәтижеге жетеді екен. Адами капиталды арттыру, стратегия құру мен сыни ойлау жағынан да ол әрқашан басымдыққа ие. Сол себепті біз шахматқа инвестиция құйып жатырмыз», деді «Freedom Broker» басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов.

Сонымен, Түркістанда ойыншылардың салыстырмалы күшін есептеу әдісімен ЭЛО рейтингі 2000-ға дейінгі ақтық сынға шыққан 60 шахматшы 11 турдан тұратын турнирде бәсекеге түсіп, нәтижесінде, 6 жеңімпаз жүлделі сыйлықтарға ие болды. Нақтырақ айтсақ, Нұрмұхаммед Қабиназар 1-орынды иеленіп, 5 млн теңге алды. Турнирдің 12 жастағы жеңімпазы Нұрмұхаммед Қабиназар шахматпен 4 жасынан бастап айналысып келеді. Ендігі мақсаты – гроссмейстер мен ФИДЕ шебері атану. Ал жүлдеге алған 5 млн теңгенің басым бөлігін жас жеңімпаз қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлім етті. 2-орынды Борис Черкасов (2,5 млн теңге), 3-орынды – Сүлейман Ахмет

(1 млн теңге) иеленсе, 4-орынға – Мұхтар Айнақұл (500 мың теңге), 5-орынға – Мадияр Алтынбекұлы (300 мың теңге), 6-орынға – Әнуар Тоқбаев (150 мың теңге) көтерілді. Сондай-ақ Әсел Лесбекова (Әйелдер арасындағы үздік нәтиже), Алек­сандр Вьюниченко (50 жастан асқандар бойынша), Степан Люцик (20 жасқа дейінгі көрсеткіш), Ақылбек Жақсылық (16 жасқа дейінгілер арасында), Ерназар Исумбаев (ЭЛО рейтингі 2000-ға дейін), Әселай Сейдулла (ЭЛО рейтингі 1800-ге дейін), Дмитрий Данилов (ЭЛО рейтингі 1600-ге дейін), Ернұр Ержанұлы (ЭЛО рейтингі 1400-ге дейінгі үздік нәтиже) ата­лымдары бойынша марапатталып, 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттарға ие болды.

 

ТҮРКІСТАН