Спорт • 12 Қараша, 2023

Достық пен бауырмалдық жеңісі

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасы өз мәресіне жетті. Бауырлас елдердің спортшы өрендерінің басы қосылған Түркістандағы дүбірлі додаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінен 500-ден аса жас қатысып, төрт күн бойы спорттың жеті түрінен өзара бақ сынас­ты. Спорттық ойындар «Olympic Сenter» спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізілді.

Достық пен бауырмалдық жеңісі

Универсиаданың ашылу салтанатында Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттық­тап, сайысқа қатысу­шыларға сәттілік ті­леген еді. Ал Түр­­кістан об­лы­сы­ның әкімі Дархан Са­ты­балды түр­кі елде­рінің басын қосқан спорт дода­сының маңызды екенін атап өтті.

«Түркі елдерінің екінші универсиа­дасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спорт­шылар жиналды. Сіздер – сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер тү­ріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада Түркі мем­­лекеттері ұйымының оныншы сам­миті өтті. Оған түркі мемлекет­терінің басшылары қатысып, бауыр­лас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды ше­шімдер қабылдады. Екінші Түркі универсиадасының да мақсаты осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақ­ты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі ел­дерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз», деді Д.Сатыбалды.

Сондай-ақ облыс әкімі жарыс­ты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көр­сеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.

Бауырлас елдер жастарының бір­лігін бекемдеу, ортақ мәдениет пен тарихымызға қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жарыстың қо­рытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақ­стандық студенттер үздік атанды. Универсиаданың дзюдо және еркін күрес спорт түрлерінен, әсіресе Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спортшы жастары жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстан командасының құрамындағы университеттің 5 сту­дентінің төртеуі жеңіс тұғырынан көрінді. Футзалдан Қырғызстаннан келген команда, ал шахматтан Өз­бекстан жастары бірінші орынға ие болды. Еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Ерлер арасындағы үстел теннисі бойынша Мажарстан, қыздар арасында Түркия командасы жеңімпаз атанды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен сайыстың жабылу салтанаты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау бей­неролигімен басталды.

«Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жар­қын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуа­ты баршамызға ортақ мығзымас құн­дылық екені сөзсіз. Бұл сайыста түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін», делінген министр тілегінде.

Ал Түркістан қаласының әкімі Нұр­бол Тұрашбеков универсиадаға қатысқан спортшылардың әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұр­пағы, түркі елдері жастарының түркі мемлекеттерінің рухани астанасы – Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. Салтанатты рәсім бары­сында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.

 

ТҮРКІСТАН