Тарих • 08 Қараша, 2023

Қанды қасірет ұмытылмайды

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің 300 жылдығына орай Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Қазақты сансыратқан қанды қасап» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Басқосуға жиналған тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері бұл қасіреттің қыр-сырын баяндап, тарихта мұндай сұмдық қайталанбас үшін қандай амал қажеттігін ашық түрде мәлімдеді.

Қанды қасірет ұмытылмайды

Іс-шарада Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясының аға оқытушысы, тарихшы Қабыл Алғабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы Ғалым Қа­сымхан және Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Ақбөпе Ермұханқызы сөз сөйлеп, пікір бөлісті.

«Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұламадан» қа­зақтың алатын тағылымы көп. Біріншіден, бүгінгі тәуелсіз мем­­­лекетіміздің қадір-қа­сие­­тін біліп жүруіміз керек. Екін­­шіден, соған сай ішкі бір­лік пен татулығымызды нығай­­тып, мықты мемлекет қалып­тас­тыруымыз қажет. Бұл екі талапты орындай алмасақ, бірлігіміз құ­риды, іштей әлсірейміз. Ал тұрақтылығы жоқ, берекесі қашқан ел қашанда сыртқы жау­ларға әлсіз келеді. Тарих белгілі бір уақытта қайталанып тұрады. Өткен қателіктерге бой алдырмас үшін одан сабақ алып, дұрыс қорытынды шығара білуіміз керек», деді тарихшы Қ.Алғабек.

Қорыта айтқанда, қазақ шежі­ресіндегі қанды қасіреттің бірі  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы екені белгілі. Тарихшылар баян еткендей, Тәуке хан дүние салған соң, қа­зақ­тың үш жүзінің арасында бай­ланыс әлсірейді. Оған себеп – орталық биліктің жоғалуы. Соның салдарынан Қазақ хан­дығы қуатынан айырылады. Кері­сінше,  жоңғарлар осы кезде өздерінің ішкі дүрдараздықтарын қойып, әскери күш-қуатын қа­лып­қа келтіреді. Сөйтіп, Ре­сей им­периясымен де өзара бай­ла­ныс­ты түзеп, орыстардан  қару мен оқ-дәріні көп сатып алады. Сонымен бірге жоңғарлар 1715 жылы Ресей империясында тұтқында болған швед шебері Ренатты қолға түсіріп, зеңбірек құю тәсілін игереді. Содан мұздай қаруланып, 1723 жылы көктемде жайлауға көшуге ыңғайланған қазақ халқына тұтқиылдан ша­буыл жасайды.

Сондықтан бүгінгі ұрпақ ұлт басына қасірет болып тиген тарихтың бұл ақтаңдақтарын ешқашан ұмытпауға тиіс.

 

ШЫМКЕНТ