Шаруашылық • 01 Қараша, 2023

Балық өсірушілерге қолдау бар

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекетте қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, аква өсіру бойынша жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қарастырылып, 31 шаруа­шы­лыққа субсидия берілген. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биыл республикалық бюджеттен 226,2 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілде­тілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 ша­руашылыққа 1,6 млрд теңге несие беру қолдау тапқан.

Балық өсірушілерге қолдау бар

Бұл деректер Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту, жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткен «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форумда келтірілді. Алматы облысының «Балық мектеп» ЖШС, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған форумға 300-ге жуық отандық белсенді биз­­нес өкілдері мен кәсіпкерлер, тиіс­ті басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері қатыс­ты. Форумда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Үкіметтің қаулысымен 2030 жыл­ға дейін елі­міз бойынша 270,0 мың тонна тауар­лы балық өсіру бағдарламасы бекітіл­генін еске салды. «Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев халыққа арна­ған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамы­ту­дың маңыз­дылығына тоқталып, Үкіметке нақ­ты тапсырма жүктеген еді. Прези­дент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арнал­ған бағдарламасы қабылданып, жүзе­ге асырыла бастады. Бағдарлама ая­сын­да 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткі­зу межесі тұр. Биыл өңірде 6 640 тон­на тауарлы балық өндіру көзде­ліп отыр. Бүгінде бұл жоспарды орындау бағытында нақты жұ­мыс­­тар жүргізіліп жатыр», деді Ермек Кенжеханұлы.

Өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Балық өсіру секторында 130-ға жуық шаруашылық жұмыс істеп отыр. Облыстың аудан, қала әкімдіктерінде  балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланған. Форум барысында балық шаруашылығы ассоциациясын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жаңадан құрылған қауымдастық облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетпек. Сондай-ақ форум аясында балық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды, тәжірибе алмасты. Састөбе көлі мен Шымкент қаласының аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабақтары жіберілді.

Айта кетейік, 2022-2023 жылда­ры Алматы облысында орна­лас­қан «Балық мектебін» облыс­тың 76 кәсіпкері бітірген. Ал Шар­дара ауданындағы «Хамит» ауыл өн­дірістік кооперативінде балық өсіру бойын­ша 86 кәсіпкер бі­лімін жетіл­дірген. Қазіргі та­ңда кәсіпкерлер ба­лық өсіру шаруашылығын құруға қол­дау көрсетіп жүр.

 

Түркістан облысы