Экология • 31 Қазан, 2023

Ластанған ауа, тұншыққан табиғат

104 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Шымкентке іссапармен келіп, М.Әуезов атындағы ОҚУ-да халықпен кездесу өткізді.

Ластанған ауа, тұншыққан табиғат

Басқосуда министр экология тақыры­бында қойылған сауалдарға жауап бе­ріп, тұрғындардың пікірін тыңдады. Сұрақ­тардың ішінде қала іргесіндегі Стан­дарт Цемент зауытының улы түтін­дері, бұрынғы Қорғасын зауытының қалдықтары жайында мәселе көтерілді. Жергілікті экология департаменті шын мәнінде цемент зауытының улы түтіндері шекті мөлшерден асқанын, экология талаптарын бұзғанын анықтаған. Осыған байланысты кәсіпорынға 1,5 млн теңге айыппұл салған. Жалпы, зауыт айналасында тұрып жақтан тұрғындар бұрыннан жағымсыз иістен шаршағандарын айтып шағымданатын. Екінші мәселе Қор­ғасын зауытының қалдықтары ша­шыл­ған күйінде қалып кетпей ме деген кү­діктен туындады. Өйткені кезінде қал­дықтардың орнын көгалдандырамыз деген уәде болғанға ұқсайды. Министрдің жауабына сүйенсек, қазір онда 1,8 млн тонна қалдық жатыр. Одан тиісті компания мыс, күміс концентратын алып, кәдеге жаратып отыр. Бадам өзенінің арғы бетінде жатқан бүкіл қалдықты бергі бетке өткізген. Қалдықтың өңделіп жат­қанына қайта қуану керек дегенді айтты сала басшысы. Министр өз сөзінде аумақ қалдықтардан тазартылып болған соң ол жерді көгалдандыруға әкімдікке тапсырма беретінін жеткізді. Елімізде ауаны ластап отырған 91 ірі зауыт бар екен. Соларды бақылап отыру үшін ұлттық мәлі­меттер базасы құрылады. Бұл онлайн режімде автоматты түрде жұмыс істейді. База 2025 жылдың қаңтарына дейін орнатылады.

Жиында Шығыс Қазақстан облысынан басқа өңірлерде оттегі мөлшері нормадан төмен деген мәселе айтылды. Өзінің мамандығы орманшы екенін баяндаған министр кезінде Астанада елорданың жасыл белдеуін құрған мекемені басқар­ғанын мәлімдеді. Жылына 5 мың гектарға 10 млн-ға дейін көшет отырғызатын. Осы тәжірибені барлық өңірде іске асы­ру керек екенін айтты. 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен 2 млрд дана көшет егіліп жатқанын жеткізді. Егумен бірге арнайы жұмыс тобы көшеттердің қалай өскенін тексереді. Осылай деген министр оң­түстік өңірінде, Шымкентте қылқан жа­пырақты ағаштар көп егілгенін айтты. Бұл дұрыс емес екен. Оңтүстікке көлеңке беретін жапырақты ағаштар керек. Көше бойындағы ағаштар лас ауаны жұтады, көліктердің моторының дауысын да сіңіріп алады. Талдың көлеңкеден басқа осындай да қасиеті бар.

Кездесуде министр киіктердің мәселе­сін де сөз етті. Оның айтуынша, елімізде 1 млн 950 мың киік бар. Олардың 20%-ын қолдан қысқарту қажет. Өйткені эко­логияға кері әсері үлкен. Далада жо­сылған киіктер біріншіден егістікті құртады, жерді эрозияға ұшыратады. Сонау көне тарихтан бері киіктердің саны сайын далада 2 млн-нан аспаған. Ежелден адамдар азыққа пайдаланған. Сала басшысының мәлімдеуінше, киелі жануар үш топқа бөлінеді. Біріншісі – Бетпақдала тобы. Бұл Аягөз, Ырғыз, Қызылордаға дейінгі аумақты қамтиды. Екіншісі – Орал, үшіншісі – Үстірт тобы. Ең кіші топ Орал болғанымен қазір ол жердегі киіктер қатты көбейіп барады. Саны бүгінде 1 млн 130 мыңға жеткен. Киік өте өсімтал малға жатады. Жылына 2 рет төлдейді. Өсімі 42%-ды құрайды. 30%-ы өскеннің өзінде саны 2,6 млн-ға жетеді екен. Үстіртте 1,5 млн киік жосылып жүр.

«Бір кездері АҚШ-тың Элоунстоун орманында бұлан жануары көбейген. Бәріне себеп адамдар қасқырларды қырып тастаған. Экологиялық проблема туындап жер тозған, шөп азайған. Содан үкімет бұланның біразын атқан, шеттен қасқырлар алып келген. Сөйтіп экожүйе қайта қалпына келген. Елімізде киіктердің күрт көбеюі қасқырдың азайы­п кету салдарынан болған. Жазық далада жортуылдап жүретін бөрілер көрінбей кетті осы күнде. Бұрын аңшылар иығына мыл­тығын асынып, күн ұзаққа қасқыр атып жүре беретін. Қазір оның бәрін шек­тедік. Жыртқыш аңды атудың да шегін белгіледік. Ақбөкендердің санын азайтпасақ, Оралда үлкен экологиялық апат болуы мүмкін. Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының шаруалары 12 млрд теңгеге зиян шеккен. Бетпақдаланың ақбөкендері ірі келеді. Шөпті де көп жейді. Киік – киелі жануар. Бірақ оның санын реттемесек, жерді тоздырып біті­реміз. Атумен бірге тормен ұстау тәсілі де бар. Осыдан 40-45 жыл бұрын қолданған екен. Қазір қарияларды тауып солардың кеңесімен тормен ұстауды бастадық», деді еліміздің бас экологі.

Кездесуде университет ұстазы Айсұ­лу Абдулова: «Ғылым және жоғары білім министр­лігінің гранттық конкурс­тарына қатысу үшін халықаралық басы­лымға мақала жариялау керек. Ал оның құны 1 млн теңге тұрады. Сон­дықтан Экология министрлігі тарапынан гранттық конкурстар жарияланса» деген ұсынысын білдірді. Сосын жеке кәсіпорындар болашақ экологтерді оқу іс-тәжірибесінен өткізбейтінін, жұмысқа да тұру қиын екенін айтып қынжылды. Оған министр Аралды, Қостанайдағы өртенген орманды қалпына келтіру сияқ­­ты түрлі жобаларға қатысып, министр­­ліктің арнайы қаржысын иеленуге бо­латынын жеткізді. Сондай-ақ жас эко­логтерді іс-тәжірибеге, жұмысқа қа­былдау мәселесіне орай бағдарлама жасалатынын баяндады. Профессор Гүлмира Кенжебаева урбанизациядан халық саны өсіп, қала кеңейіп барады деді. Алайда 1-санатқа кіретін өндірістер қа­ланың ішінде қалып қойғанын, зауыт салуда жел бағыты ескерілмегенін айтты. Сон­дықтан кәсіпорындарды, олардың қондырғыларының жаңалығын тексеріп тұру қажеттігін ескертті. Экологиялық жаңа кодексте салықты азайтып, соның есебінен қондырғыларды жаңартуға мүмкіндік беретін ереже қабылдау керек деген ұсыныс тастады.

Бұған сала басшысы 2025 жылы 10 жылға арналған жаңа бағдарлама қабылданатынын мәлімдеді. Оның мақ­саты – кәсіпорындардың қондырғы­ларын жаңарту, экологияны жақсартатын технологиялар енгізу. Ең озық 16 техно­ло­гияның анықтамасы жасалады. Кә­сіпорын соның бірін таңдап, эмис­сияға төлейтін салық мөлшерін азайта алады. Зауыттар қондырғыларын жаңғыртпаса, эколо­гиялық салық да көбейе береді деп жауап берді. Министр алдында үлкен міндет тұрғанын айтты. Бұл – қо­қыс мәселесін түбегейлі шешу. Өйт­­кені елімізде 4,5 млн тонна қоқыс жинала­ды. Оның 25%-ы ғана өңделеді. «Қал­дықтарды өңдеуді қолға алмасақ, қоқысқа көміліп қалатын түріміз бар», деді ол.

 

ШЫМКЕНТ