Жоба • 01 Қараша, 2023

Инвестициялық жобалар пысықталды

193 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан қаласына кіреберіс тұстағы өндіріс аймағында көкөніс сақтайтын заманауи қойма салынбақ. Келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында ел игілігіне тапсырылатын қоймада жалпы 4 мың тонна көкөніс, оның ішінде 2 мың тонна картоп, 1 мың тонна пияз, 250 тонна сәбіз сақталады. Сонымен бірге қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады, 35 адам жұмыспен қамтылады. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.

Инвестициялық жобалар пысықталды

Күні кеше қойманың капсуласын салу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Облысқа жұмыс сапарымен келген Серік Жұманғарин­ге өндіріс саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Биыл өңірде өнеркәсіп өнім көлемі 681 млрд теңгені құрап, 4,7 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде биыл жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын 20 жобаны іске асырып, 594 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жыл басынан 12 жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Сайрам және Ордабасы аудандарында вице-премьер мал бордақылау, ет экспорты, жылыжай шаруашылығындағы жобалармен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Сайрам ауданындағы мал бор­дақылаумен және ет өңдеумен айналысатын «Nurym Group» ЖШС-­ның жоба қуаттылығы жылына – 5 мың тонна. Ет ел өңірлерінен бөлек, Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Мұнда 25 адам жұмыс істейді. «Қайып ата» мал сою бекеті де өнімдерін шетелдерге экспорттауда. Кәсіпкер Сырым Ертаев жаңа ет комбинатын, мал базарын салу және жем-шөп шығару жобасымен таныстырды. Сонымен бірге ірі қара малдың ішек-қарны мен сүйегін, қанын терең өңдеп, біразын Қытайға экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді. Жобаларына қолдау көрсетуді сұра­ды. Бұл орайда Премьер-министрдің орынбасары мәселе назарға алынатынын айтты. Ордабасы ауданы Бадам елді мекенінде орналасқан «Бөрте Милка» сүт тауарлар фермасында тәулігіне 9 тонна сүт өндіріледі. Бұдан бөлек, тәулігіне 50 тонна сүт өңдеп шығарады. Мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында Мажарстаннан арнайы әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдардың сүті өңделеді. Зауытта Швеция және Италия мемлекеттерінен дүниежүзіне әйгілі компанияларының құрал-жабдықтары орнатылған. Сүт фермасының маңында вице-премьерге сүт өңдеу саласына қатысты жобалар таныстырылды. Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ Серік Жұманғарин Шұбар ауылдық округінде орналас­қан көкөніс өндірумен айналыса­тын ЖК «Тулебаев Мейрамбек» жылыжай кешенінде болды. Жалпы жер көлемі 10 гектар аумақта орналасқан жылыжайдың инвестициялық құны – 300 млн теңге. Жоба 2018 жылы іске қосылған, 30 адам жұмыс істейді. Жылына 500 тонна өнім өндіреді. Жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездескен вице-премьер жұмысқа кедергі келтіретін факторларды бүкпесіз айту керектігін жеткізіп, жеке кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болатынын атап өтті. Шаруалар мен кәсіпкерлердің өтініштерін тың­дады. Сондай-ақ кездесуде жылыжай шаруашылығына мемлекеттік қол­дау­лар күшейтілгені, оның шарттары туралы да мағлұмат берілді. Бүгін­де өңірде жылыжайларға қолдау күшей­тіліп, көмір мәселесі реттелген.

Отандық өнім өндіру, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланған бизнес қауымдастығымен кездесуде вице-премьерге инвестициялық жобалар таныстырылды. Мысалы, Келес ауданындағы ірі жылыжай жобасы аясында 42 млрд теңге көлеміндегі инвестиция салынып, күнбағыс өндірісін дамыту қолға алынбақ. Жоба аясында 51 гектардан астам жылыжай салынады. Жылыжай құрылысының алғашқы кезеңінде мыңға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ өңірде «Standart Рetroleum & Со» компаниясы қуаты 2 млн тонна болатын мұнай өңдеу жобасын іске асырып келеді. Ал құны 722 млрд теңге болатын «Өгем өзенінде су электр стансаларының каскады» жобасы іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындар түбегейлі ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Каустикалық сода, кальций карбиді, цемент шығарылатын кәсіпорында мың жұмыс орны құрылады. Премьер-министрдің орынбасары өңірдің бұл бағыттағы даму қарқынын жоғары бағалады. Жаңа жобалардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдау қаралғанын атап өтті. Сондай-ақ кездесу барысында мақта өңдеу және ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асатын бірқатар жоба жайлы, тоқыма кластерін дамытуға барынша күш салынғаны айтылды.

 

Түркістан облысы