Мәдениет • 31 Қазан, 2023

Сахна жарқырап, сана жаңғырды

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аlmaty Ballet Theatre сахнасында дәстүрлі түрде өтіп келе жат­қан Ballet Globe халықаралық балет фестивалі Қазақ­стан­ның мәдени өміріндегі маңызды іс-шараның бірі ретінде кө­п­­шілікке танымалдығы артып келеді. Әлемнің ең дарынды хореографтары мен бишілері өнер көрсететін балет фестивалі биыл айрықша пішінде ұйымдастырылды. Айта кету керек, Алматы қаласы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2023-2024­ жылдардағы мәдени және туристік астанасына айналды. Қазақ­станның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне орай халықаралық балет фестивалі де әдепкі классикалық бағытынан бас тартып, заманауи стильдегі жаңа бағдарламаны таңдады.

Сахна жарқырап, сана жаңғырды

– Биыл Ballet Globe халық­аралық би фестивалі тұжы­рым­дамасын өзгер­тіп, қала тұр­ғындары мен балет өнерін сүйетін қауымның назарын Контемпори стиліне аударуды ұйғарды. Бұл Еуропа, Америка мен Азияда қарқынды дамып келе жатқан белгілі би индустриясы. Осы фестивальда әлемдік сахнаның ең ғажайып қойылымдарын би саңлақтарының өз орындауында ұсындық. Ballet Globe фестивалінің бірегейлігі – көрерменге бидің классикалық түрлерін рахаттана отырып тамашалауды ғана емес, сонымен бірге, орындаушылық өнерді қабылдаудың жаңа көкжиектерін ашып, сананы кеңейтуді ұсынады. Айтпағым, сахнадағы көріністі тама­ша­­лаған адам ойға шомып, бәлкім, өзін­ мазалаған сұрақтың жауабын тап­қан шығар. Заманауи би өнерінің мақ­саты да осы, – деді Ballet Globe ком­пания­сы­ның ұйымдастырушысы әрі жоба авто­ры Ерлан Андағұлов.

вр

Маусым сайын балет әле­мін­дегі аты аңызға айналған дүл­дүлдермен таныс­тыратын фес­тивальға Ұлыбритания, Нидер­ланд, Швейцария, АҚШ, Қазақстан хореографтарының 20 үздік қойылымы мен заманауи би өнерінің 12 жұлдызы қатысты. Жаһандық балет өнерінде бірегей биші саналатын Нидерланд би театрының жетекші әртістері Хлоя Альбарет, Роджер Ван дер Поэль және Оливье Коффард пен Питер Чудың, Корольдік балеттің талантты бишілері Морган Капеллари, Клаудио Каньялози орындауындағы жа­­ңа­ қойылымның премьерасы­ – биылғы фестивальдың бас­ты­ жаңа­лы­ғы. Ал Женевадағы Үлкен театр сах­на­сының ең жарқын өкілдері Саша Рива мен Симоне Репеле, жапон бишісі Юми Айзава Алматыға осымен екінші рет келіп отыр.

пр

Аstana Opera театрының солисі Сұлтанбек Ғұмардың орындауындағы Патрик де Бана хорегорафиясымен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына негізделген «Қилы заман» көрінісі заманауи би жауһарларымен тең түспесе, кем түспейтін өрнегімен сахна салтанатын биіктете түсті. Кеш бағдарламасында Франц Шуберттің «Jeune Fille et Morts» музыкасына, Гавин Брайерстің «Sinking», композитор және пиа­нист Эцио Боссоның «What If», Арманд Амардың «Playground», Андре Барростың «Conscious Shift» шығармасына негізделген қойы­лым­дар­ды алматылық көрермен жылы қа­былдады. Хореографтар әр туын­ды­­ның өзегін бүгінгі күннің оқиға­сы­мен, мән-мазмұнымен тол­тыр­ған, сондықтан болар, би ишарасын кө­рер­­мен жақсы түсінді. Бишілердің жү­ре­гінде от жанып тұрғандай, сол от­тың жалынымен көрерменді жы­лыт­­­қысы келгендей, тілмен айтып жет­­кізе алмайтын сезімді дененің қоз­ға­­­­­­лысымен, тәннің тұспалымен баяндады. «Шығармада идея мен көрермен ара­сында көзге көрінбейтін, тек жанмен сезінетін байланыс орнайды. Кон­темпори стилі көрерменмен оның тілін­де сөйлеседі. Әркім өзінің хикая­сын, басынан өткенін, сезімін, мұңын көре­ді, өз басындағы жағ­дай­ды жаңа қыры­нан бағалап, ой тол­ғауына жол ашады. Көрермен сах­нада көргенін, өз-өзіне көз­қа­расын, өмірмен қарым-қаты­на­сын талдайды, бұл өзін терең­нен танып білуге, түсінуге, өзін құр­­мет­теуге ықпал етеді», дейді Хлоя Альбарет.

Балет фестивалі тамаша­ то­сын­сый­ме­н түйінделді. Сахнада DJ Dianella өнер­ көрсетіп, лазер шоуы қойыл­ды. Алматы көрер­мендері бір сахна­да­ самсап көрінген әлемнің әйгілі әртіс­­те­рінің сиқырлы өнеріне ар­бал­ған­дай, ләз­затқа толы сезімін қол соғумен, ке­ме­рінен асып буыр­қан­ған көңіл күйін «браво» деген ілтипатпен білдіріп, талайға дейін тапжылмай тұрып алды.

 

АЛМАТЫ