Республика күні • 25 Қазан, 2023

Ұлттың ұлы мұраты

168 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республика күні – еліміздің барлық азаматтары үшін айрықша тағылымды мереке. Бұл күнді атап өту қоғамды ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік маңызды мәселелер төңірегінде топтастыруға, ел тұрғындарының Әділетті Қазақстан құру идеясына азаматтық қатысу сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Ұлттың ұлы мұраты

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

1990 жылы 25 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі халықтың еркін білдіре отырып, Мемлекеттік егемен­дік туралы декларация қабыл­дады. Қазақстан тұңғыш рет өзіндік дүниетанымы, әдет-ғұрып­тары мен салт-дәстүрлері бар, сол тұрғыда өзінің болашақ дамуын дербес, нақты болжай алатын Республика ретінде жария етілді.

Декларация республиканың барлық азаматтарына лайықты және тең өмір сүру жағдайын жасауға негізделгенін және Жоғарғы кеңес қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын атап өткен жөн. Жоғарғы кеңес республикада тұратын барлық халықтардың достығын нығайту мен бекітуді басты міндет етіп қойды. Мем­ле­кеттік егемендік «зайырлы де­мо­кра­тиялық мемлекет құруға бел байлау» негізінде жарияланды. Түйіп айтқанда, 25 қазан – тәуелсіздік жолында алғашқы әрі маңызды қадам жасалған күн. Осы сәттен бастап еліміз өзінің ұлттық мүдделерін терең танып, түсініп, озық үлгілі өркениет көшіне батыл бет бұра бастады.

ып

Қазақ КСР-ның ұлттық мемлекет­ті­лігі, ең алдымен, қазақ ұлтының және республикада тұратын басқа этнос өкілдерінің төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін қайта жаңғырту мен дамытуға және ұлттық қадір-қасиетін нығайтуға бағыт ұстады. Сонымен қатар декларацияда ҚазКСР республикадан тыс жерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тілдік қажет­тіліктерін қа­нағат­тандыруға «қам­қор­лық таны­та­ды» деп көрсетілген. Сөйтіп, Мем­лекеттік егемендік туралы декла­ра­цияның қабылдануы ұлттық сана мен бірегейлікті жаңғыртудың бас­тау нүктесі болды.

Республика аумағында тұратын азамат­­тарға ұлты мен қандай пар­тия­ға жата­тындығына, шыққан те­гіне, әлеу­­меттік немесе мүліктік жағ­да­йы­на, жынысы мен дініне, қызметі мен тұрғылықты жеріне қара­мастан, барлық құқықтар мен бостандықтарға, сондай-ақ өзде­рі­нің ұлттық-мемлекеттік және авто­но­миялық құрылымдарынан тыс тұратын барлық ұлттар мен ұлыс­тар­дың өкілдеріне өмірдің барлық салаларында құқықтық теңдік пен тең мүмкіндіктерге кепілдік берілді. Қазақстан халқы Қазақ КСР-де еге­мендіктің бірден-бір иесі және мем­лекеттік биліктің қайнар көзі болып жарияланды. Кейінірек бұл нор­малардың барлығы Қазақстан Рес­публикасының Конституциясында бекітілді.

Декларацияда мемлекеттіліктің тұ­тас­тық, аумақтың бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, халықтардың мәдениеті мен тілдерін дамыту, ұлт­тық бірегейлікті нығайту сияқ­ты қа­ғи­дат­тар алғаш рет бекі­тілді. Сонымен қатар декларация Қа­зақ­станның шынайы еге­мен­­дігінің барлық атрибуттарын: мен­­шік аумақ пен азаматтық, мем­­ле­кеттік биліктің тәуелсіздігі мен то­лық­тығы, мемлекеттік бюджет, ха­лық­­аралық қатынастардағы дер­­бес­тік, мемлекеттік егемендіктің клас­сикалық рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұранды, өзінің ұлттық валютасын бекітті. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттарды дербес анық­тау қағидасы жарияланды.

Ата-бабаларымыз сан­даған ғасыр бойы армандап өткен, небір тұғырлы тұлғаларымыз басын бәйгеге тігіп, бар саналы ғұмырын сарп еткен осы атты күнге жойқын оқиғаларға толы болған ХХ ғасырдың аяғында ғана қол жеткіздік. Батыс пен Шығыстың табысуы­на, руханияттың, діннің халықтардың арасына шекара қоймай, көпір болуына, аз бен көптің бауыр болуына бар болмыс-бітімі, қабілет-қарымымен қызмет еткен сол алғадай азаматтар, асыл қайраткерлер тұтатып үлгерген шырақ бүгінде азат халқымыздың алау­лы тағдыры болып маздап тұр.

Дер кезінде қабылданған шара – тарихи ерлік, тындырылған шаруа – тарихи әрекет. Осы орайды декларация, демократиялық бастаулар дүние дүрлігіп жатқан алмағайып кезеңде тәй басқан тәуелсіздігіміз бен күрделі қоғамымыздың артық толқуларсыз, бірқалыпты өсіп-өркендеуіне, халқы­мыз­дың ұлттық тұрғыда ұйысып, жұ­ды­рықтай жұ­мылуына айтарлықтай қызмет көр­сете алды. Декларациядан соң бас­тау алған саяси, экономикалық, құ­қық­тық реформалардың сан алуан көзқарастардан туындап жат­қан қан­дай да болсын күрмеулі мәсе­ле­ле­рін бейбіт те жарастықты жолмен рет­теу­дің жүйелі тәжірибесі қа­лып­та­сып, іске асырыла бастады. Сондай іргелі ізденістер, талапты, табанды шаралар «мың өліп, мың тірілген» халқымызды аз ғана уақыт иінінде тарих төріне алып шықты.

Осы жылдар ішінде еліміз көптеген соқ­тықпалы, соқпақсыз жолдарды жү­ріп өтті. Жүріп қана өтпей, биік бе­лес­терді бағындырды. Біз мұны ешуа­қытта естен шығармауымыз керек. Бү­гін­де еліміз саяси, эконо­ми­ка­лық, әлеу­­меттік дамудың даңғыл жолына түсті. Барша әлем елдері үшін Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен достықтың алаңына, беделді мемлекетке айналды.

Халқымызда «Береке басы – бір­лік» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – өмірлік тәжірибеден алынған ұлы даналық. Себебі бірлігі бекем ел ғана мықты болады. Бірлік бар жерде тірлік болатыны – баршаға белгілі өмір шындығы. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың арқасында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенім мол. Себебі біз – арманы асқақ, мақсаты анық елміз. Олай болса, бір атаның баласындай бірлігіміз жарасып, тәуелсіз елімізді одан әрі дамы­ту жолында жан аямай еңбек ету, лайықты үлес қосу – әрбір азаматтың қа­сиетті борышы. Тек солай ғана ал­ды­мызда тұрған үлкен асуларды ба­ғын­дыра аламыз.

Әділетті қоғам орнату үшін әле­ует­ті экономика керек. Экономика дамы­ған сайын мемлекет нығая түседі. Ол үшін барлық мәселеге елдік тұр­ғысынан келген жөн. Халқымыз елдік деп ел ішіндегі ынтымақты, жарастықты ұққан. Сол ынтымақ пен жарастықтың үлгісін, ең алдымен, ел билігінде, іс ба­сында жүрген азаматтар, зиялы қауым өкілдері көр­сеткені абзал. Елдік – бүгінгі таң­дағы баршамызға ортақ, бірден-бір жетістігіміз. Елдікті сақтай білу – ең асыл мұратымыз. Бұл – мемлекет пен қоғамға деген жанашырлық пен жауапкершілік, ізденімпаздық пен талапшылдық, үлкен әлеуметтік белсенділік арқылы ғана атқарылар мерейлі міндет. Бұл біздің конститу­ция­лық құрылысымызға деген сені­мі­мізді нығайтады, келешекке деген үмітімізді ұлғайтады.

Егемендіктің көсегесін көгертер көрі­ністер – іштегі ынтымақ, ты­ныш­тық, береке-бірлік, сырттағы, алыс-жақын елдермен сындарлы қарым-қатынас, өзара ықпалдастық. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі дүмпулер, қақтығыстар, дау-жанжалдар жиі болып, шиеленістер ширығып тұрған алмағайып заманда халқымызға тән төзім мен сабырдан айырылмайық, ертеңге деген үмітізді үзбейік, серт пен сенімімізге бекем болайық. Өйткені еліміздің егемендігі – жүздеген халық пен миллиондаған адамның бақуатты тұрмыс-тіршілігі мен алаңсыз өмірінің басты кепілі.