Оқиға • 19 Қазан, 2023

Аланиядағы ажал трассасы: Түркияның туристік қаласында 3 айда 6 отандасымыз қаза тапты

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы үш айда Түркияның Алания қаласында 6 отандасымыз жол апатына ұшырап, көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аланиядағы ажал трассасы: Түркияның туристік қаласында 3 айда 6 отандасымыз қаза тапты

Еске салсақ, қайғылы апаттың бірі 13 қазанда болды. Сыртқы істер министрлігі Түркияның Алания қаласында тағы бір Қазақстан азаматының көлік апатынан көз жұмғанын мәлім етті. Суыт хабар туралы көз жұмған келіншектің ағасы Facebook-те жазба қалдырған еді.

«13 қазанда қарындасымыз Әлия Құлмағамбетовадан айырылып қалдық. Жасы небәрі 38-де еді. Оның жоспары көп болатын. Оны Аланияның Кестель ауданындағы (Түркия) D 400 тасжолында автокөлік қағып кетті. Полицияның айтуынша, ол жолды белгіленген бөліктен, бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде кесіп өткен. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Көлік тізгінінде жас қыз болғаны белгілі болды. Оны оқиғаның анық-қанығын анықтағанша үйіне жіберді. Бұған дейін Әлия осындай жол-көлік оқиғасына куә болған еді. Тіпті ол туралы чатқа да жазған. Сондықтан біз полиция айтып отырған нұсқаның дұрыстығына сенеміз. Қарындасым жолды ережеге сай кесіп өткен. Түрік бауырлар тергеуді әділ жүргізеді деп үміттенеміз», деп жазды марқұмның ағасы.

«Ажал жолындағы» тағы бір қайғылы оқиға 30 шілде күні болған еді. Ол кезде Қазақстанның 12 азаматы мінген шағын автобус жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Алдын-ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып жүк көлігін соққан. Қақтығыс салдарынан 12 Қазақстан азаматының екеуі ауырлығы орташа жарақат алған. Оларға ота жасалып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен олар өкінішке қарай, көз жұмды.

Тағы бір жол апаты 3 қыркүйекте болды. Ол кезде 1989 жылы туған қазақ журналисі Арайлым Бағытжан мен оның 2 жасар қызы оқиға орнында жан тапсырған еді. Арайлым Бағытжанның 1986 жылы туған жолдасы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. 7 қыркүйек күні ол жансақтау бөлімінде көз жұмды. Олардың 2014 жылы туған баласы аман қалды. 

Бұл трассада көбіне ТМД елдерінен келгендер ажал құшады. Себебі бұл мемлекеттерде жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан адамдарға үнемі жол беріледі.