Қоғам • 19 Қазан, 2023

«Біз халықтың сөзіне сенеміз»: Министрлік пен теміржолшылардан алған ақпарат екі түрлі

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында теміржолшылардың зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендетуді және олардың жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біз халықтың сөзіне сенеміз»: Министрлік пен теміржолшылардан алған ақпарат екі түрлі

Фото: ашық дереккөз

Оның айтуынша, теміржол саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту саласында көптеген мәселе бар. Сенатор елімізде саланы дамыту үшін тіпті жаңа министрлік құрылғанын атап өтті. Алайда Шиповских атап өткендей, мемлекеттік орган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешкен жоқ.

Депутат Көлік министрлігінің ақпараты бойынша ең төменгі санаттағы «байланыс және дабыл» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңгені, Қызылордада 354 мың теңгені, ал ең төменгі санаттағы «жолшының» жалақысы Абай облысында 280 мың теңгені және Павлодар облысында 280 мың теңгені құрайтындығына назар аударды. Бірақ бұл, сенатор атап өткендей, шындыққа сәйкес келмейді.

«Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенсек, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құрайды. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екеуі екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтын ақпаратына сенеміз», деді сенатор.

Сенатор осы деректерді алға тарта отырып, теміржолшылардың мәселелерін толығымен шеше алатын бірқатар шешім ұсынды. Қазір бұл салада 140 мыңға жуық адам жұмыс істейді, демек оның экономикалық әсері де үлкен болады.

«Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, темір жол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, темір жол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, темір жол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс», деді сенатор.