Қоғам • 18 Қазан, 2023

Франциядағы шенеунік қазақ қызының әкесі тері илеп, анасы мейрамханада жұмыс істейді

656 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Этникалық қазақ Есім Сабаш Францияның Крей қаласында тұрады. Осы қала мэрінің орынбасары. Негізінен қаланың мәдениет саласына жауапты. Атажұртқа алғаш табаны тиген Францияның саяси қызметкерімен аз-кем тілдесіп, дидарласудың сәті түсті.

Франциядағы шенеунік қазақ қызының әкесі тері илеп, анасы мейрамханада жұмыс істейді

Фото: Ерлан Омаров

– Есім ханым, өзіңізді тереңірек таныстырсаңыз, Францияда өмірге келдіңіз ғой.

– Біздің ата-бабаларымыз 1920 жылдардағы үркін кезінде бас сауғалап Гималай асып, Ауғанстан, Иран арқылы Түркиядан тұрақ тапқан екен. Кейін әкелеріміз Францияға қоныс аударған. Қытайдағы қазақтарға қорған, тіреу болған Зуқа батыр менің тікелей нағашы бабам. Анам сол кісінің ұрпағы. Әкем тері өндіру ісімен шұғылданады, анам  мейрамханада қызмет атқарады. Үйде үш ағайындымыз. Өзім 17 жасымнан бастап саясат саласына араласып қызмет атқарып  келемін.

есім

Фото: parlam.kz

– Крей қаласында қанша қазақ бар?

– Крей қаласында қазақтар жоқ, Париж қаласында қазақ диаспорасы бар. Біз жиі бас қосып, түрлі мерекелік жиындарда жиналып тұрамыз. Біздің түп тамырымыз Қазақстанмен тікелей байланысты екенін ешқашан ұмытпаймыз. Сондықтан да Париж қаласындағы қазақ диаспорасындағы қандастарымызбен жиі-биі бас қосып, түрлі мейрам ұйымдастырып, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп жиналамыз. Спорттық, мәдени шаралар жиі ұйымдастырылады. Еуропа құрлығындағы қазақ диспоралары да үнемі бас қосамыз. Мұндағы мақсат өзіміздің қазақы болмысымыздан ажырап қалмаудың қамы. Менің әкем Францияға 1980 жылы Түркиядан көшіп барған екен, анамыз 1990 жылы қоныс аударыпты Түркиядан осы елге. Мен Францияда өмірге келдім, оқуды осы елде аяқтадым. Француз, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Өкінішке қарай, қазақ тілін біздің буын жете білмейді. Қазақстанмен тығыз байланыс орнатып, барыс-келісті жиілету  ана тілімізді үйренуге септігі тиеді деп ойлаймын. Мысалы жуырда Астана қаласында өткен «Отандастар - 2023» форумына қатысу үшін Қазақстанға алғаш рет келдім. Өте ерекше әсер алдым. Келешекте де жиі келіп тұрамын. Қазақстан дегенде менің көз алдыма  байтақ дала, алып таулар, өрісті дүбірге бөлеген жылқылар елестейтін. Астана қаласына келгенімде ерекше толқыдым. Тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылдан енді асқан жас мемлекеттің келешегі кемел деп ойлаймын. Болашақтың тұтқасы – білімді ұрпақ. Сондықтан да тіл үйреніп, өркениеттің көшінен қалмау үшін  білім алу маңызды дер едім. Атамекеніміз Қазақстан келешекте көркейе түседі деп сенемін.  

– Астанадағы форум аясында делегация мүшелері   Парламент Мәжілісінде  депутаттармен кездесті. Осы жиында өзіңіз де болдыңыз. 

– Иә, мен де Крэй қаласы басшысының мәдениет саласына жауапты орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін депутаттық мандатты атқарғанмын. Қазақстандағы депутаттармен  жүздесіп, жұмыс барысымен таныстық. Кітапханада депуттармен кездесу де әсерлі болды.  Францияда қала әкімдерін жергілікті тұрғындар дауыс беру арқылы сайлайды. Әкім өзінің орынбасарын өзі тағайындайды. Әр сала бойынша жеке орынбасарлары бар. Мені мәдениет саласы бойынша орынбасарлыққа бекітті. Біздің атқаратын жұмысымыз мемлекеттік қызмет саналмайды, саяси лауазым деп аталады.