Фото: aqorda_resmi
«Қазақстан мен Қытай халықтарын ғасырлар бойғы достық қатынастар біріктіреді. Биыл мамыр айында Қытай теледидарына берген сұхбатыңызда Сіз біздің елімізде білім алған және жұмыс істеген кездегі естеліктеріңізбен бөлісіп, қытай тілін жетік білетін адам ретінде біздің аудиториямызды баурап алдыңыз. Мен де сұхбатты көрдім. Бұл елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға тың серпін берді деп ойлаймын. Сіздің Төраға Симен кездесуіңіздің қорытындысы бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Олар мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығы» кезеңіне бағыт-бағдар береді. Қытай тарапы әріптестеріңізбен бірге жоғары деңгейде қол жеткізілген осы уағдаластықтарды жүзеге асыруға, ғасырлар бойғы достық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын», деді Ли Цян.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері де талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен дидарласуда Ли Цян трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру жағы да қамтылғанын айтты.