Руханият • 15 Қазан, 2023

Әдебиеттанудың қаһарманына тағзым

205 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдебиеттануда елеулі мектеп қалыптастырған біртуар ғалым, белгілі ұстаз Бейсембай Кенже­бай­ұлы – ұлт руханиятының биік тұғырынан орын алатын тұлға. Ұлт мұратын өмірлік ұстанымы етіп, қазақтың әдебиеттану ғылымына қиын кезеңде қасқайып қызмет еткен профессордың ғылым кеңістігіндегі орны уақытпен бірге биіктеп, асқақ тартып келеді. Аяулы ғалым тәрбиелеген шәкірттерінің өнерге адалдығы, артында қалған байтақ мұрасының өміршеңдігі, өнегелі өмір жолын баяндаған естеліктер мен еңбектердің жарыққа шығып, оған деген құрметті оята түсуі күрескер ғалым есімінің ешқашан көмескі тартпайтынын көрсетсе керек. Күні кеше Алматы тұрғындары көрнекті ғалым атын ардақтаудың тағы бір жарқын көрінісіне куә болды. Ғалымның өзі 25 жыл тұрған М.Төлебаев көшесіндегі №154 үйдің қабырғасына тағзым-тақта орнатылды.

Әдебиеттанудың қаһарманына тағзым

Суреттерді түсірген – Юрий БЕККЕР

Ескерткіш-тақтаның ашылуы­на қолдау көрсеткен Алматы қа­ласы әкімінің орынбасары Арман Қы­рықбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков бастаған зия­лы қауым өкілдері, ғылымдағы ізбасарлары мен туған-туыстары төрт қабатты үйдің төңірегіне топталып, ғалымның күрделі өмірі мен әдебиеттанудағы іргелі ісі туралы толғамды естеліктер тиегін ағытты. «Бүгінгі айтулы оқиға шағын шоғырдың ортасында өткенімен, осынау шараның маңызы аса зор. Кешегі тілден де, тарихи жадыдан да айыруды көксеген орталықтың озбыр саясаты үстемдік құрған, бодандықтың құрсауына енді қайтып босай алмастай болып енген тар заманда қазақ әдебиеттану ғылымының саңлағы, рухы биік өр тұлғасы Бейсембай Кенжебайұлы ғажап ерлік көрсетіп, еңсесі төмен, жүзі пәс халықты өзінің шынайы тарихымен таныстырып, табыстырды. «Сендерде тарих болмаған» деп тұқыртып, бұратана елге айналдырудың барлық амал-айласын жүргізген тұста әдебиетіміздің тарихын сонау көк түріктің заманына апарып бір-ақ тіреді. Идео­логиялық тұрғыдан алғанда, иісі қазақ тек осы ерлігі үшін ғана Бейсембай Кенжебаевтың алдында қарыздар. Алмағайып уақытта ғалымның атқарған ісі қылышынан қаны тамған империалистік кезең түгілі тәуелсіз Қазақстанның өзін­де оңайлықпен шешімін таба алмайтын қиын шаруа. Кеңестің заманында қабырғасын бір-бірден қақыратып сөксе де, қабағын шыт­пайтын нағыз ердің қолынан ғана келетін ерлік іс ешқашан ұмы­тылмауы керек. Халқы үшін ра­хат­тан безініп, ғазиз басы кезең сайын қудалауға ұшырап отыр­са да, ұлт мұраты жолында ше­гінбегенін ұрпақ білуге тиіс. Тап осы сәтті ға­лымның атын асқақтауға, тұл­ғаны тануға бағыт­талған келешек ірі істің алғашқы қадамы деп қабылдайық», деді Арман Қырықбаев.

ва

Өткен күнді еске алған жазушы Дулат Исабеков: «Бауыржан Мо­мышұлы бір кездесуде «Сен­дер мені батыр дейсіңдер, нағыз батыр – мен емес, Бейсембай Кен­­жебаев. Біз соғыста жүрдік, со­ғыста қаласаң да, қаламасаң да, ша­буылға шығасың, атасың, тірі қалар-қалмасың неғайбіл. Ал Бейсекең бейбіт күнде, қатер төніп тұрғанын біліп тұрып басын бәй­геге тікті. Қазақ әдебиеті тарихын зерт­­теуге бар ғұмырын арнаған на­ғыз қаһарман – Бейсембай Кен­же­баев!» деп ардақты ұстазының табан­­дылығын, қажырлы мінезін сипат­тайтын тамаша естеліктерін толғады.

Тағзым тақтаны орнату туралы ой тастап, игілікті істі ұйыс­тырып, жұмыла атқаруға жа­на­шыр­лық танытқан филоло­гия ғы­лымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбекұлы ұстазы туралы «Бейсембай Кенжебайұлы» және «Бейсембай Кенжебайұлы лабораториясы» атты қос бірдей кітаптың жарыққа шыққанын сүйін­шіледі. Іс-шара аясында жаңа жинақтардың жібек бауы кесілді.

«Егер Бейсембай Кенже­бай­ұлы болмаса, біздің түрік қағанатынан бер­­гі ұлы рухани мұрамыз әде­биет тарихына енбеген болар еді. Егер Бейсекең болмаса, қазақ хандығы дәуіріндегі әде­биетіміздің кешегі кеңестік кезеңдегі әдебиетке қосылуы мүмкін емес еді. Егер Бейсекең болмаса, бүкіл түркі халқының «Еді­ге батыр» эпостық жыры өз уа­қытында тарихтан ор­­нын ал­­маған болар еді. Егер Бей­сембай Кен­жебайұлы болмаса, Алаштың ұра­нын жазған Сұл­танмахмұт Торай­ғыров әдебиет тари­хындағы қас­терлі орнынан айрылып, бүгінгі алаштықтармен бірге енді ғана ақталып жатқан болар еді. Осының бәрін сақтап қалған, қорғап қалған, мұқалмас жігері мен табанды еңбегінің арқасында рухани-ғы­лыми айна­лымға енгізген Бейсембай Кен­жебайұлы еді. Кеш те болса, өз орнын тапқан мынау тағзым тақта осындай қыран жүрек адамға арналып отыр», деп сөзін түйіндеді ға­лымның шәкірті, профессор Құл­бек Ергөбек.

 

АЛМАТЫ