Жұмыс • 13 Қазан, 2023

Ең көп бос жұмыс орны қайда?

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 127 мың бос жұмыс орны және 113,8 мың түйіндеме жария­ланды. Тамыз айымен салыстырғанда еңбек нарығындағы сұраныс аздап төмендеді (-1% немесе 1,7 мың бос жұмыс орны), ал ұсыныс көлемі сәл өскен (+8% немесе 8,8 мың түйіндеме). Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және ірі деректерді талдау депар­таментінің директоры Бақтияр Жазықпаев мәлімдеді.

Ең көп бос жұмыс орны қайда?

«Өткен айда еңбек нары­ғын­дағы сұраныстың өсуі ұсы­ныстың өсуінен екі есе асып түсті. ЭЕБ-дағы бос жұ­мыс орындарының санын арттырудың драйвері «Бі­лім және тәрбие» кәсіби саласы болды. Дәл осы салада қыркүйек айында ЭЕБ-ға сұраныстың бәсеңдеуі байқалды, өйткені білім беру мекемелері тарапынан кадрларға сұраныс төмендеді. Сұраныстың төмендеуіне қарамастан, қыркүйек айында білім беру ұйымдары басқа салалармен салыстырғанда ең көп бос жұмыс орындарын орналастырды. Білім берудің әртүрлі деңгейлеріндегі мекемелер орналастырған бос жұмыс орындарының үлесіне еңбек нарығындағы жалпы сұраныстың үштен бірі (33% немесе 41,8 мың бос жұмыс орны) тиесілі болды. Қыркүйек айында басқа салалардың кәсіпорындары арасында электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтаудағы бос жұмыс орындарының саны айтарлықтай өсті (75%-ға немесе 0,6 мың бірлікке). Осы саладағы бос жұмыс орындарының жалпы санының 62%-ы (немесе 0,9 мың бірлік) Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі болды, бұл энергия өндіруші қуаттардың жылыту маусымына дайындық қажеттілігіне байланысты», деді Б.Жазықпаев.

Оның айтуынша, өңірлік бөліністе қыркүйек айында бос жұмыс орындарының ең көп өсуі Шымкент қаласында (+32% немесе 0,8 мың), Ақмола (+22% немесе 1,2 мың) және Қызылорда (+15% немесе 0,5 мың) облыстарында байқалды. Ұсынысқа келетін болсақ, еңбек нарығында орналастырылған түйіндемелер санының белсенді өсуі Шымкент қаласында (+60% немесе 3,4 мың), сондай-ақ Түркістан (+37% немесе 4,5 мың) және Қостанай (+35% немесе 1,1 мың) облыстарында тіркелді. Бұл ретте Қостанай облысы бойынша бос жұмыс орындарының жалпы саны (12,3 мың) түйіндеме санынан 3 есе (4 мың) артық, ал Шымкентте жағдай түбегейлі қарама-қайшы: 3,7 мың бос орын және 9,1 мың түйіндеме.

Қыркүйек айында ЭЕБ-дағы мамандар арасында өткен айдағыдай байланыс орталықтарының операторлары (олар үшін бос жұмыс орындарының саны 4,4 мың бірлікке артық), математика мұғалімдері (1,3 мың бірлікке), сондай-ақ тәрбиешілердің көмекшілері (тиісінше 1,2 мың бірлікке) тапшы болды. Сонымен қатар вахтер орнына үміткерлер саны керісінше ұқсас бос жұмыс орындарының санынан – 1,3 мың адамға, заңгерлер – 1 мың адамға, денешынықтыру және спорт мұғалімдері 0,8 мың адамға асып түсті.