Шымкент • 13 Қазан, 2023

Медиацияның мүмкіндіктері

158 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» демекші, түрлі отбасылық, әлеуметтік кикілжіңнен туындаған дау-дамайлар­ды сотқа жеткізбей, жұртқа жаймай шешудің жолын осы күнде медиация жақсы атқарып келеді. Түрлі этносаралық түсінбеу­ші­ліктер де арағайындық көмегімен жарияға жар салмай шеші­ліп кетіп жатыр. Осы үшін де медиацияның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметі зор болып тұр. Сондықтан бітім­гер­лік кәсібінде нан тауып жүрген мамандардың құқықтық сауатты­лығын арттыру, тәжірибесін шыңдау – маңызды істің бірі екені даусыз. Сол себепті медиаторлардың кәсіби біліктілігін көте­ру мақсатында Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясына қарасты Достық үйінде арнайы семинар-тренинг өтті.

Медиацияның мүмкіндіктері

Маңызды іс-шараны ұйым­дастырған – Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғам­дық келісім» республикалық мем­лекеттік мекемесі. Мұхтар Адаев семинарды тәлімгер есе­бінде жүр­гі­зіп, қызықты өткіз­ді. Ол – кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы ЖМ тренері. «Қо­ғам­дық келісім» РММ бас сарап­­шысы Талшын Италиева, пси­хо­лог-шиленістанушы Резеда Бай­мухаметова, Шымкент қала­сы ішкі саясат басқармасы «Қо­ғамдық келісім» КММ директоры Ербол Байқонақовтар басқосудың басты қонақтары болды. Бұдан бөлек, семи­нар-тренингке және этномәдени бір­лестіктердің, ҚХА қоғамдық құрылымдарының мүше­лері қатысты.

Қоғам адамдардан тұрады. Кейде сол адамдар арасында дау-да­май туып қалып жатады. Олар­ды жанжалдастырмай, достас­тыратын, араздықтарын жазып, келістіретін медиаторлар дедік. Осы мамандық иелеріне де анда-санда біліктіліктерін арттыру, құқықтық білімдерін кеңейту көптік етпейді. Медиатор біліммен қаруланса, тәжірибесі мол болса, қара бұлттай төнген кикілжіңдерді үлкен дауылға айналдырмай дер кезінде сейілтіп жібереді. Тіпті болайын деген, орын алуға сәл қалған этносаралық дауларды тамыршыдай дәл басып, алдын алып кетеді. Міне, семинар-тренинг осы аталған кәсіби дағдыны Достық үйіне жиналған бітімгерлердің бойына сіңіру үшін ұйымдастырылды.

Тұтас республика көлемінде этносаралық келісім мәселесіне жауапты маман Талшын Италиева: «Ассамблея жанынан медиация институтын дамытайық деген идея 2016 жылдан бастап іске асып келеді. Содан бері қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, бізге 150 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Ассамблеяның медиаторлары істі насырға шаптырмай, мәселені дер кезінде қолға алып, өтініштерге уақытында жауап беріп, дау-дамайларды шешіп беріп отыр. 5 тамыз – Медиация күні болып саналады. Биыл осы күні республикалық акция ұйымдастырылып, соның аясында челлендж, блиц-сауалдама, «ашық есік» күндерін өткіздік. Осының барлығы апталық акция барысында қолға алынды. «Ашық есік күндерінде» медиаторлар адамдарды тегін қабылдады. Мұндай іс-шара жылдың әрбір тоқсанында өтіп тұрады. Негізінен халық отбасылық даумен жиі келеді. Одан басқа мектепте болатын, банкте туындаған мәселемен де көп шағымданады. Сонымен бірге ассамблеядағы медиаторлар этнос өкілдерінің арасында ұрыс шығып кетпеу үшін де алдын алу шараларын жоспарлап, соған сай жұмыс істейді. Әрине, кейде мұндай оқиғалар орын алып қалып жатса, бірінші кезекте ауыл ақсақалдарын, беделді кісілерді басу айтуға, адамдарды сабасына түсіруге шақырамыз», дейді.

Сала өкілінің айтуынша, бітіс­тіретін адам табылса, біт­пейтін дау жоқ. Сол үшін де ме­диа­торлардың рөлі қоғамда қазір артып отыр. Бір жанжал туындар болса, адамдар по­лиция, сотқа арыз түсірмей, бірден медиация көмегіне жүгіне алады. Бірақ бір ескеретін жайт, әділ төрелікті медиаторға сеніп тапсыруға қос тарап та қарсы болмауы қажет. Жалпы, медиатор дегеніміз – қазақтың кәдімгі билері. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бұлардың ұстанымына кіре­ді. Дауласқандарға сотқа арыз­данғаннан бітімгерлікке сүйенген тиімдірек. Біріншіден, ешқандай мемлекеттік салық төлемейді, екін­шіден, уақыт үнемдейді, үшін­шіден, бір кездесуден-ақ екі жақ та бір-бірімен қол алысып қайтуы мүмкін. Ал сотта бұл үдеріс ұзақ мерзімге созылады. Сол үшін соттардың жүктемесін азайту мақсатында медиация институтын күшейтіп, құзыретін кеңейтіп жатыр. Қазір сот қылмыстық жауапкершілігі төмен істерді медиацияның мін­детіне тапсырып, өзінің негізгі жұмысына толыққанды кірісуге көшкен. Президент тапсырмасы­мен елімізде жүргізілген сот реформасының көздеген мақса­тының бірі де осы еді.

Қазақстанда медиация туралы заң 2011 жылы қабылданған. Содан бері талай өзгертулер болып, бүгінде төрт аяғын тең басқан жеке-дара институт болып қалыптасып келеді. Соттар осы күнде азаматтық істерді медиацияға тапсырады. Бұл оның құзыретінің күшейгенін көрсетеді. Сосын көп жағдайда медиация арқылы мәселені шешу де оны орындату да оңай. Өйткені қос тарап та соған келісіп тұр. Ал сотта шешімді бір жақ орындамаса, сот орындаушылары әуреге түседі немесе қайтадан сотқа апелляциялық арыз беріледі. Қорыта айтқанда, бұл құрылым соттардың жұмысын жеңілдету үшін құрылған.

Бүгінде медиаторларға шағым айтып келетіндердің басындағы мәселесі көбінесе екі жағдайда болады. Оның біріншісі отбасылық кикілжің болса, екіншісі банктен қарыз алып, одан құтыла алмау. Осы ретте мамандар ұрыс-керістің кесірінен шаңырағы шайқалып, үйінен әбден берекесі кеткен, болмаса қарызға белшесінен батып, банктің «қара тізімінен» бір-ақ шыққан азаматтар қоғамда өте көп екенін айтады. Олардың пікірінше, бұл қоғамдық мәселені шешудің жал­ғыз жолы – қаржылық сауат ашу, отбасылық құндылықты дә­ріп­теу. Себебі үйде болатын сол дау-жанжал көбінесе ақшадан кеп шығатын көрінеді.

«Еуразиялық медиация орта­лығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, ассамблея жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірованың айтуынша, Шымкентте 4 медиациялық орталық бар. Мегаполис пен Түркістан облысын қосқанда 70-тен аса медиатор жұмыс істейді. Сонымен бірге ассамблеяға қарас­ты ақсақалдар алқасы бар, бұл ұйым да этносаралық даулы мәселені жақсы шешеді.

Іс-шара соңында қатысушы­ларға арнайы сертификаттар тапсырылды. Алдағы уақытта мұн­дай семинар-тренингтер Алматы, Түркістан, Жетісу облыстарында өтеді деп жоспарланып отыр.

 

ШЫМКЕНТ