Шымкент • 11 Қазан, 2023

Білім көрмесінің жаңа көкжиегі

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемнің 60 елінің оқу орындары Шымкентте бас қосып, білім беру саласындағы жетістіктерін келушілер назарына паш етті. Университеттер үздік тәжірибелерін ортаға салып, қандай тиімді ұсыныстары бар екенін жастарға жан-жақты таныстырып берді. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттерге Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің университеттері мен олардың оқу жүйелеріндегі білім гранттары ерекше қызықты болды. Мегаполис төрінде өткен үлкен іс-шараға қаладағы жоғары оқу орындары мен мектептерден келген жастар мен жасөспірімдердің жалпы саны 1 мыңға жуықтады.

Білім көрмесінің жаңа көкжиегі

Сонымен осынау ауқымды іс-шара «International Educational Fair – 2023» деп аталады. Ол – жыл сайын өт­кізілетін халықаралық білім көрмесі. Респуб­ликаның үшінші мегаполисімен бірге Астана мен Алматы қалаларында да өтіп жатыр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов көрменің ресми ашылуына қатысып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Шаһар басшысы бірінші орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту қажет. Бұрынғы әдістердің орнына жаңадан заманауи үлгідегі әлемдік стандартқа сай педагогикалық тәсілдерге көшкен абзал. Ол дуалды оқыту жүйесі, инклю­зивті білім, жаңа қоғамға қажетті ма­мандықтарды игеру сынды бағыттар. Бұл жөнінде Президенттің биылғы 1 қыр­күйектегі «Әділетті Қазақстанның эко­­номикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылып өткенін тілге тиек етті. Жолдауда Мемлекет басшысы балаларға, жастарға сапалы білім берумен оны тәжірибемен ұштастыру арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешуге болатынын және еңбек күшінің көмегімен экономиканы ба­рынша көтеруге мүмкіндік туаты­нын баяндаған. Билік өкілінің мәлім­деуінше, халықаралық көрме жастар­дың өзге оқу орындарының әлеуе­тімен танысуға, отандық білім беру саласының артықшылықтарын тәжірибе жүзінде салыстырып көруге мүмкіндік алмақ. Дүние жүзінің 60 елінен келген жоғары оқу орындарының бір алаң­да өз мүмкіндіктерін жария етуі – әлбетте жергілікті жастар үшін үлкен бақыт. Әрі келешекте қайда оқитынын бағдарлап жүрген мектеп оқушыларына да нағыз жол сілтегіш болды. Өз сөзінде сала басшысы осы күнде шекаралар ашылған заманда өркениетті елдерде жаңа мамандық игеріп қайту аса қиындық тудырмайтынын атап өтті. Оның үстіне «Болашақ» секілді бағ­дарламамен білімге құмар бірақ шетелге баруға мүмкіндігі жете бермейтін жас­тар үшін мемлекет есебінен тегін оқуға бар жағдай жасалған. Сондықтан әкімнің идеология саласына жауапты бірінші орынбасары жастарды мемлекет ұсынған осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей, бүгінгідей іс-шара аясында өзінің болашақта оқитын білім орнын таңдауға шақырды. Ел болашағы әрдайым жастардың қолында деген ол ұрпағы білімді ел әрдайым өр­кениеттің алдыңғы қатарында жүре­тінін және мұндай мемлекетте ешқашан білікті мамандарға деген сұраныс азаймайтынын, керісінше кадрлық әлеуе­ті жоғары болатынын жеткізді.

Шымкенттегі халықаралық көрме қазан айының 7-сінде мәресіне жетті. Ал іс-шараның салтанатты жабылу рәсімі Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында ұйымдастырылады. Өз кезе­гін­де көрменің өтуіне білім, мәде­ниет, медиа саласында қызмет көрсететін «Аіі Group», «Віlіm» секілді компаниялар мұрындық болды.

Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да іс-шараға арнайы қатысып, мектептің жоғары сыны­бында оқитын оқушыларға, студенттерге, кеше ғана қолына диплом алған жас мамандарға алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп, мемлекет әрдайым өскелең ұрпақ­тың білім нәрімен сусындауына жағдай жа­сай беретінін мәлімдеді.

Шаһардың бас ұстазының айтуынша, Президент Жолдауда баян еткендей бүгінгі білім саласындағы басты міндет ол – бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу, солардың сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру. Сонымен бірге шетелдік білімнің қолжетімділігі де маңызды. Мектеп түлектеріне, университет бітірушілерге шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге таңдау ауқымы ке­ңейсе, соның өзі – бір бақыт. Өйткені бүгінгі жас тек өз Отанында шектеліп қалмай жер кезіп, ел танып білімнің қайнар бұлағынан қаныға сусындауы қажет. Ал осындай игі іс-шара жастардың жан-жақты дамуына, білім көкжиегін кеңейтуіне, әрі алысты жақындата түс­кен бүгінгі жаһандану дәуірінде жер шарының түкпір-түкпіріндегі дарынды ұрпақтың бір-бірімен тәжірибе алмасуы­на даңғыл жол ашады.

Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, жалпы биыл «International Educational Fair – 2023» халықаралық білім көрмесі осымен жетінші мәрте өтіп отыр. Қала әкімдігі мен қарапайым халық келесі халықаралық білім көрмесінде де осындай маңызды әрі қызықты ұсыныстар мен талаптардың болатына сенім білдірді.

 

ШЫМКЕНТ